30 әлеуметтік нысан пайдалануға берІледі
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды қортындылады.
Халықты газбен қамтамасыз етуде Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары биыл Жосалы кентіне АГТС құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 892 млн. теңге, облыстық бюджеттен 99 млн. теңге қаржы бөлініп, нысанның құрылыс-монтаж жұмысы аяқталатынын айтты. Жалағаш, Сырдария аудандарына АГТС құрылысының жобасына республикалық және облыстық бюджет есебінен биыл 1,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, Махамбет және Наурыз елдімекенін газдандыру жобасының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 49,6 млн. теңге қаралған. Ал Қызылорда қаласының сол жағалауын газдандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, брифингте өңірдегі құрылыс жұмысының көлемі артқаны айтылды. Биыл барлық қаржыландыру көзінен басқармаға барлығы 27,6 млрд. теңге қаржы бөлінді.
– Жалпы басқарма арқылы 41 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. Жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарлануда, қалған 11 нысан 2019 жылға өтпелі болып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы облыс бойынша 69 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 21 үй жеке құрылыс компаниясы есебінен, – деді облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов.
Басқа салаларда да өсім бар. Алты айда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 13,5 млрд. теңге бөлініп, 277,87 шақырым автомобиль жолы мен елдімекен көшесін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, 4 көпір салынып, 3 көпірге күрделі жөндеу жүргізіледі.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА