ЕҢ ҮЗДІК АЗАНШЫ – ШЫҢҒЫС
Quttyqtaimyz

– Шыңғыс, жеңісің құтты болсын! Ақтөбедегі азаншылар аламаны қалай өтті? Жалпы, жарысты қайдан естідіңіз?
– Рақмет. «Нұр Ғасыр» мешітінің 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ІІІ республикалық «Әдемі әуезді азаншы» жарысы жоғары әрі тартысты өтті. Негізінде бұл жарыстың талабы қатал. Қатысу үшін өз аймағыңнан жеңімпаз болуың тиіс. Осы міндетті орындағаннан кейін сайысқа түсуге мүмкіндік аласың. Бәйгеге барлық өңірдің жеңімпаздары қатысты. Сондықтан деңгейін түсіне беріңіз. Жарыс басталмас бұрын ұйымдастырушылар бір кезеңнен тұратынын ескертті. Кейіннен төрешілер шешімімен 6 қатысушының ұпайы бірдей болып, финалдық кезең өтті. Құдай сәтін салып, ақтық сында жеңімпаз атандым.
– Қатысушылардың кейбірі тәжірибелі болуы мүмкін. Мысы басып, қорқу болған жоқ па?
– Шыны керек өңірдің намысын қорғайтын болғандықтан, ондай ой мазалаған жоқ. Керісінше топ жаруды көздеп, үзбей дайындалдым. Жарысқа дейін кедергілер болғанын жасырмаймын. Жол үстінде салқын тиіп, тамағымды ауыртып алдым. Біздегі сайыста тамақтың қандай рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен намысты қолдан бермей тығырықтан шыға білдім.
– Бұрын соңды мұндай жарысқа қатысып көрдіңіз бе?
– Иә, қатыстым. І республикалық «Әдемі әуезді азаншы» жарысында елорданың намысын қорғадым. Өкінішке қарай жүлдегерлер қатарынан көрінбедім. Ол кезде мен үшін алғашқы аламан болған соң, аздап толқу болғанын жасырмаймын.
– Білуімізше, мешітте дәріс бересіз. Жалпы қазіргі жастардың діни сауатына қандай баға бересіз?
– Облыс орталығына жұмысқа келгеннен бері байқағаным, жасөспірімдердің діни сауат ашуға қызығушылығы жоғары. Жастардың иманға деген құштарлығы өте жақсы. Қазір 6 мен 15 жас аралығында дәріс алатын шәкірттерімнің саны 100-ге жуық. Діни сауаты толықтай қалыптасты деуге келмейтін шығар. Бірақ дәрежесі мен деңгейін жоғары балаймын.
Сұқбаттасқан: Ерасыл ШӘРІБЕК