Әлемдегі ең бай адам Джефф Безостың құпиясы
CNN телеарнасының мәлімдемесі бойынша, Джефф Безос әлемдегі ең бай адам атанды. Bloomberg Billioners Index индексіне сүйенсек, оның қаңтардағы табысы 106 млрд долларды құрайды. Ол Amazon сайтынан бөлек The Washington Post журналын және Blue Origin атты аэроғарыштық компаниясын басқарады. Дарынды кәсіпкер жетістікке оңай жеткен жоқ.
Жұмысыңызды ретке келтіріңіз.
– Мен әр ісімді өз кезегімен жүзеге асыруға тырысамын. Егер досыммен немесе отбасыммен тамақтансам, басқа дүниеге көңілімді бөлмеймін. Егер электронды поштамды оқысам, басқа нәрсеге мазаланбаймын. Кедергі келтіретін дүниелерге көңіл бөлгім келмейді, – дейді миллиардер. Демек, сіз де әр ісіңізді Джефф Безос секілді ретімен орындайтын болсаңыз, уақытты да ұқыпты пайдаланып үйренесіз.
Дұрыс таңдау табысты өмірге жетелейді.
Джефф Безостың өмірі түрлі сынақтан тұрған. Ол 1994 жылы Уолл-стритте қаржылық компанияда бағдарлама жасаумен айналысқан. Джеффтің бұл жұмыста тапқан ақшасы «нан мен майға» жететін. Бірақ бір күні ол бастығына жеке интернет-дүкенін ашу үшін жұмыстан шығатынын жеткізген. Бастығы: «Бұл шынымен де жақсы идея екен. Бірақ сен сияқты беделді дәрежесі, жұмысы бар адам үшін емес. Сен бар жұмысыңды тастап кетуге дайынсың ба?». Джефф мақсатына жету үшін тәуекелге баруға дайын еді. Бүгінде миллиардер Джефф Безос Amazon сайтын құруға жұмсаған жылдарын есіне алып: «Мен 80-ге келгенде тәуекелге барғаным үшін өкінбейтінімді білдім. Интернеттің не екенін түсінгеннен кейін өмірімді жаңадан бастауға ұмтылдым. Жеңіліс тапқан күннің өзінде де, өзімді жеккөрмес едім. Себебі мен бар мүмкіндікті пайдаландым», – дейді. Өміріңізді өзгерткіңіз келсе, миллиордерден үлгі алыңыз.
Басты және қосымша жоспарыңыз болсын.
Егер Amazon сайты жарық көрмегенде, қандай кәсіппен айналысатын едіңіз деген сұраққа миллиардердің екі жауабы бар. Бірінші: «Бақытты бағдарламашы болар едім. Бәрін басынан бастау – мен үшін қиын емес». Екінші: «Кейде өзімді өте жақсы, бірақ өз жұмысын баяу орындайтын бармен болатын едім деп ойлаймын. Коктейльді дайындаған ұнайды. Дәмді коктейль дайындай білудің өзі өнер. Өзім коктейльді асықпай, жасаймын. Баяу қимылдасам да дәмді коктейль дайындау қолымнан келеді. Менің барымда «Коктейль дәмді болсын ба, әлде тез дайындалсын ба?» деген жазу болатын еді». Осыдан Джефф Безостың тек бір жоспарға сенбегенін, қосымша жоспары болғандығын байқауға болады.
Жеңімпаз болу үшін жеңілу керек
Джефф Безос және оның әйелі бала тәрбиесіне келгенде стандартты емес әдістерді қолданады. Көбінесе ата-ана кішкентай баласы жарақаттанып қалмау үшін ұшы үшкір, кескіш заттарды баланың қолы жетпейтін жерлерде сақтайды. Қайшы, пышақ сынды заттарды ұстатпайды. Ал Безостердің отбасында бәрі өзгеше. Олар балаларына 4 жастан бастап өткір қайшыларды қолдануға рұқсат берген. Кейіннен балаларының электр құралдарын қолдануына да қарсы болмаған. Бұл жайында Джефф: «Қателік жасамайтын адам, өз қатесіне өкініп, өзін-өзі дамытуға, қателігін түзеуге ұмтылмайтын болады. Мен шынайы өмірді тануға талаптанбайтын баланың әкесі болғанымша, тоғыз саусағы бар баланың әкесі болуды қалар едім».