САМАТ СМАҚОВТЫҢ ҚОШТАСУ МАТЧЫ ӨТТІ (ВИДЕО)
Ақтөбе қаласындағы «Қобыланды батыр» стадионында футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Самат Смақовтың қоштасу матчы өтті. Жасыл алаңда «Ақтөбе» ардагерлері мен Самат Смақовтың достары кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша «Ақтөбе» командасының ардагерлері 6:5 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің бас кейіпкері – Смақов екі таймды екі команданың қатарында өткізіп, жанкүйерлерге әдемі футбол кешін сыйлады. Бір қызығы ойын барысында голдың бірін Саматтың ұлы – Аламгир соқты. Ол матч соңында әкесінің орнына жасыл алаңға шыққан болатын. Аламгир қазіргі таңда «Қайраттың» 2008 жылы туған ойыншыларының капитаны болып өнер көрсетеді. Ол да алдағы уақытта үлкен футболмен айналысып, әкесінің жолын қумақ. Смақов өзінің кәсіби карьерасын 1997 жылы семейлік «Елімай» клубында бастаған. Одан соң футболшы қазақстандық «Ертіс», «Жеңіс», «Қайрат», «Ақтөбе», «Ордабасы» және шетелдік «Ростов», «Ризеспор» клубтарының да намысын қорғады.
Осы уақыт ішінде ол алты мәрте Қазақстан чемпионы, екі мәрте ел кубогы мен суперкубогының иегері атанған. Сондай-ақ оның еншісінде «2012/13 жылғы маусымда Түркия бірінші лигасының жеңімпазы» деген атақ та бар. Қазақстан құрамасы сапында 2000-2016 жылдары ойнап, 75 матчта екі мәрте мергендігімен көзге түскен. Ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың капитаны болып, ел намысын абыроймен қорғай білді. Өз мансабында төрт рет «Қазақстанның үздік ойыншысы» атағын жеңіп алыпты. Футболшы негізінен қорғаушы, жартылай қорғаушы позицияларында ойнады. 2017 жылдың басында «Ақтөбе» футбол клубының президенті болып тағайындалған.