Фируза Шарипова жекпе-жекте жарақат алды
Қазақстандық Фируза Шарипова 8 қыркүйекте Санкт-Петербургтегі А2 аренасында ресейлік Юлия Куценкомен өткен жекпе-жекте жарақат алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Бокс кешінің басты жекпе-жегінде кәсіпқой бокстан екі салмақ дәрежесінде белбеу иегері Фируза Шарипова мұрнын сындырып алды. Қазақстандық ресейлік Юлия Куценкомен өткен жекпе-жекте 61,2 салмақта WIBA чемпиондық титулын қорғап қалды.
Шарипова он раунд бойы бокстасып судьялардың бірдей шешімімен жеңіске жетті.
«Спортшының осыған дейін бірнеше рет мұрны жарақаттанды. Соның ішінде 2017 жылы наурызда Юлия Чернобородовоймен жекпе-жек қарсаңында спарринг серіктесі екеуінің бастары соғысып, қатты жарақат алды. Осыған қарамастан чемпион рингке шығып, жеңіске жетті», - деп хабарлады Шарипованың баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, Шарипова келесі жекпе-жегінде 59 келі салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Ева Вальстремге қарсы өткізеді.