NU: Еуропаға терезе
Storytelling
125-ТЕН 124
11 сынып мен үшін жемісті уақыт болды. Себебі сол жылы мен Қызылордадан Астанаға көшіп, қазақ түрік лицейіне ауыстым. ҰБТ-ға 10 сыныптың III тоқсанынан бастап дайындалдым. Сондықтан бұл емтихан мен үшін қиындық тудырған жоқ. Біз тапсырған уақытта ҰБТ 125 сұрақтан тұратын. Алғашында ағылшын тілін таңдадым. Егер шетелдік оқу орнына не Назарбаев университетіне түспесем, еліміздегі Сүлейман Демирел атындағы университеттің халықаралық қатынастар факультетіне түсу ойымда болды. Дегенмен «Алтын белгіні» қорғап шықсаң да, бұл мамандыққа грант аз бөлінеді. Осы себепті ойлана келе, таңдау пәнімді географияға өзгерттім. Экономика, маркетинг, менеджмент сынды сала қызықтырды. ҰБТ-мен қатар шетел университетіне құжат тапсыру үшін SAT, SET, IELTS секілді емтихандарға дайындалдым. «Тынымсыз еңбектің нәтижесінде» деп ойлаймын ҰБТ-да 125 балдан 124 алдым. Ата-анам Назарбаев университетіне түсуімді қалады. Мен таңдауыма өкінбеймін.
АЛҒАШҚЫ ӘСЕР
11 сынып оқып жүрген кезде Назарбаев университеті абитуренттер университетті және емтихан үлгісін көрсін деген ниетпен foundation-ге (кіріспе) түсу үшін сынама емтихан тапсыруға мүмкіндік берді. Астана бойынша бүкіл мектептен тізім алынып, мен де тіркелдім. Сол кезде ғимаратына алғаш рет кірдім. Кампус өте кең, іші жарық, бәрі үйлесімді. Осы мүмкіндік мақсатыма талпынуға шабыт сыйлады. Бір байқағаным, оқу орны профессор, студентке ғана емес, сол жерде жұмыс істейтін басқа да қызметкерлерге өте жайлы.
12 ЕЛДЕН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАТ
Бүгінде «Халықаралық қатынастар» факультетінде білім алудамын. Болашақта елшілікте немесе халықаралық компанияда жұмыс істесем деген жоспарым бар. Университеттің ерекшелігіне тоқталсам, біріншіден, оның құрылысы, орналасқан жері ұнайды. Шетелден келген қонақтар кампустың ғимаратын көрген кезде қатты таңғалатыны жасырын емес. Екіншіден, зерттеуге басымдық беріледі. Бізде ұстаздар теориямен қоса, студентке тақырыпты сараптауға, жан-жақты зерттеуге қолдау көрсетеді. Содан болар оқу орнында инновациялық жоба, бастама көп. Еуропаға барған жерлесіміздің көбі
«шетелде адамдар танымаса да, бір-біріне жымиып жүреді» дегенді жиі айтады. Міне сол сияқты оқу орнының ішінде барлығы бір-біріне күліп жүреді. Әртүрлі департамент басшылары, офис президенті, беделді мұғалімдер өздерін қарапайым ұстап, студентпен тең дәрежелі қарым-қатынас орнатқан. Назарбаев университеті Қазақстандағы шетел мәдениетінің бір әйнегі секілді. Бұл – үшінші артықшылығы.
«шетелде адамдар танымаса да, бір-біріне жымиып жүреді» дегенді жиі айтады. Міне сол сияқты оқу орнының ішінде барлығы бір-біріне күліп жүреді. Әртүрлі департамент басшылары, офис президенті, беделді мұғалімдер өздерін қарапайым ұстап, студентпен тең дәрежелі қарым-қатынас орнатқан. Назарбаев университеті Қазақстандағы шетел мәдениетінің бір әйнегі секілді. Бұл – үшінші артықшылығы.
Бізде әр студент сабақ кестесін өзі жасайды. Мен пәндерді таңғы уақытқа қойып, түстен кейін әртүрлі үйірмеге, студенттік клубтарға барамын. Мәселен, осы жылы студент үкіметінде «мәдениет министрі» болып тағайындалдым. Аптасына бір рет үкімет отырысы ұйымдастырылады. Жүзеге асқан жобаны талқылап, алдағы жоспарға шолу жасаймыз. Одан кейін әр министрлік өз ұжымына бөлек жиналыс жасайды. Осылайша сабақпен қоғамдық жұмысты ұштастырып жүрмін. Біздің университет «Азия университеттері Альянсы» одағының мүшесі. Оған Оңтүстік Корея, Жапония, Филиппин, Малайзия, Гонконг, Индонезия, Сингапур, Тайланд, Индия, БАӘ, Шри-ланка, Қытай, Мьянма елдерінің үздік университеті кіреді. Оның негізін қалаған – Қытайдың Бейжің және Цинхуа оқу орындары. Осы жылы арнайы жобаны жүзеге асыру үшін тендерді біздің университет жеңіп алып, Азиялық 12 елдің оқу орнынан студенттердің делегациясы келді. Негізгі жауапкершілік біздің министрлікке жүктелді. Себебі жобаның атауы – «Мәдениет алмасу». Қонақтар 2 апта бойы тек Астананы емес, Шымкент, Түркістан, Алматы, Бурабайды көріп, қазақ мәдениетіне толықтай қанықты. Оларға қазақтың салт-дәстүрінен көрініс, ұлттық тағамдарынан фуршет жасап, қазаққа тән қонақжайлылықпен шығарып салдық.
Әсел БЕГМАН