Жусан иісі


  • Неге жұласыңдар жусанды? Әй, біздің осы мінезіміз-ай! Қазақтардан
басқа ешкім жұлмайды. Ағылшының бар, басқаң бар, қаншама адам келіп-кетіп жатыр осында. Біреуі де тиіспейді, - деп өңі әбден күнге күйген ғылыми қызметкер шала бүлінді. Араша сұрағандай жан-жағындағыларға «осы дұрыс па» дегендей басын шайқап, қолын сермеп, бұрқ-сарқ ашуы біразға дейін басылмады.
Көп ішінде қысылып-ақ қалдым әрине. Бұрын жаңбыр жауса-ақ артынша жусан иісі аңқып, айналаны ғажап әуенге толтырушы еді. Қазір далада да, қалада да бұл иіс жоқ. Тіпті жусан  шықпай қалды ма деп ойлайсыз. Расында да, шықпай қалудың аз-ақ алдында тұрғандай екен өзі. Біздің бала кезімізде әжептәуір-ақ сияқты еді, қазір мүлдем тырбықтанып, жер бауырлап қапты. («Бетегеден биік, жусаннан аласа» деуші еді, әжем жарықтық, аса сыпайы, кішіпейіл кісіні көргенде). Жұлайын деу ойымда болмап еді, үйдегі анам құшырлана иіскеп, бала күнін, қыз кезін еске алсыншы деген оймен енді ғана бас көтеріп келе жатқан түп жусанды топырақтан оп-оңай суырып-ақ алып едім. (Психологтардың пайымдауынша, адам өмірінде қандай да бір нәрсені еске түсіруде иістен артық ғаламат еш нәрсе жоқ екен). Енді осыным қылмыс болғандай, қолым қалтырап-ақ кетті. «Алла табиғат амандығын берсе, қайта шығады ғой» деп жұбаттым өзімді құшырлана иіскеп тұрып.
Рас, басқалар жұлмайды. Өйткені қазақтан басқа адам жусанның қадірін қайдан білсін?! Қазақтан басқа біреу балалық шағын жусан иісімен еске түсіруші ме еді?! Жаңбыр жауса, үйге кірмей, аулада жалаң аяқ жүгруші едік жарысып. «Боранды күні ит пен бала құтырады деп. Бұнысы несі-ей, кіріңдер үйге» деп анам есік алдында айқайлап тұрушы еді. Үсті-басы малмаңдай су болып, бізден қайыр болмағасын, дірілдеп, үйге кіріп бара жатушы еді. Іле-шла әкем шығып, басын ауық-ауық шайқап, бізді қызықтап тұратын. Жауын басылар-басылмас жусан иісі бұрқырап, таза ауаны армансыз құшырлана жұтушы едік. «Ее-еееееееей, жау-жау, жаңбыыыыр!», –  деп айғай саламыз сосын. Бірімізден біріміз дауысымызды асырып, мәз-мейрам болатын ғажайып күндер екен-ау. «Тоңасыңдар, кіріңдер үйге! Дереу киім ауыстырыңдар енді». Әкемнің сөзінен кейін енді үйге кірмеске лаж жоқ. Дірдектеп үйге кіріп барамыз. Жаздыгүні болса бір сәрі, күздігүнгі жаңбыр тісіңді-тісіңе тигізбей сақ-сақ еткізбей қоя ма?!
Астанаға алғаш барғанда көше бойлай өскен арам шөп есек мияны көріп, көптен жүздеспеген жақынымды көргендей таң тамаша болғаным есімде. Есек мия нағашымның ауылында арық бойлай өсіп тұратын. Бала күнімізде бізге оның иісі сасық боп сезілуші еді, бала шақтан болашаққа ұмтылған алыс арман қала – Астанада жұпар аңқып тұрғандай ма, қалай өзі?!  «Астана деген аумаған менің Қызылордам» екен ғой деп айта беретінмін айналамдағыларға. Есек мия қаулап өскен қаладан боз жусанды жолықтырмадым бірақ. ...Кинокартинадай тізіліп, балалық шағымды көз алдыма әкелген жарықтық, жусаным-ай. Қорқыт баба мазарының басында басқалар не айтса да, мен өз ойыммен әлекпін. Ауық-ауық иіскеп қоям. 
                                                                  Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
07 маусым 2018 ж. 2 273 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031