» » Алимент: екі жылда өзгеріс жоқ

Алимент: екі жылда өзгеріс жоқ


«Бүгінде елімізде 5 млн. бала бар. Бұл халықтың 1/3-і. Балалар үйінде 32 мың бала тәрбиеленуде. Оның 70%-ының әке-шешесі тірі.  350 мыңнан астам бала алиментке зәру. Борышкерлердің қарызы 2 миллиард теңгеге жетті. Әкелері туған баласынан қашып жүр». Бұл 2016 жылы ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың айтқан сөзі. Ең өкініштісі, екі жыл өтсе де алимент өндірудегі мәселелер шешімін таппады.
Алдымен алимент ұғымына тоқталсақ. Алимент – «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексіне» сәйкес, бір адамның оны алуға құқығы бар басқа адамға ұсынылатын міндетті ақшалай немесе материалдық асырау. Яғни заң жүзінде бекітілген төлем. Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиедегі балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы.
АЛИМЕНТ ТҮРЛЕРІ
  1. Кәмелетке толмаған балаға:
Алименттің бұл түріне ерлі-зайыптының ажырасуы міндетті емес. Еегер күйеуі баланың оқуына, тұрмыс-тіршілігіне ақша бермесе, әйелі оны сот арқылы алимент төлеуге міндеттей алады. Дегенмен баланы асырау ананың да міндеті екенін ұмытпаған жөн.
  1. Ерлі-зайыптылардың біріне:
Баланы асырауға керек қаржыдан басқа, Кодексте ерін не зайыбын немесе бұрынғы ерін не болмаса зайыбын асырауға қаржы талап етілетін бірқатар жағдайлар бар. Мысалы:
– ерлі-зайыптының бірі еңбекке жарамсыз;
– жүктілік кезінде зайыбына және ортақ бала туғаннан бастап 3 жыл ішінде;
– 18 жасқа толғанға дейін ортақ мүгедек баланың күтімі үшін;
Егер келіспеушілік орын алса, сотқа талап-арыз беруге болады. Алимент мөлшерін сот шешеді.
3. Кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаға:
Еңбекке жарамды ата-аналар кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз баласын асырауға міндетті. Бұл жағдайда ата-ана арасында келісім болмағанда, алимент мөлшерін сот отбасының материалдық жағдайына байланысты анықтайды.
4. Кәмелетке толған баланың еңбекке жарамсыз ата-анасына:
Баласы еңбекке жарамсыз ата-анасын келісім бойынша ерікті асырай алмаса, онда ата-аналар сотқа жүгіне алады. Дегенмен ата-ана құқығынан айрылған ата-аналар осындай алиментке үміткер бола алмайды.


АЛИМЕНТ МӨЛШЕРІ

Ажырасу барысында ерлі-зайыпты баланы асырау туралы өзара келісу керек.  Алимент сол келісім бойынша төленеді. Егер ондай келісім болмаса, онда Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаға алиментті ата-анасы сотпен төлетеді.
Алимент ай сайын ата-анасының еңбекақысынан немесе өзге табысынан мынадай мөлшерде төленеді:
1 балаға – табысының төрттен бір бөлігі;
2 балаға – табысының үштен бір бөлігі;
3 және одан да көп балаларға – табысының жартысы.
Кейбір жағдайда осы үлес мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын ескеріп, азайтылуы немесе ұлғайтылуы мүмкін.

ЖАЛАҚЫНЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРІНЕН АЛИМЕНТ АЛЫНАДЫ?

– үстемеақы және қосымша ақылар;

– демалыс уақытында сақталатын еңбекақы;
– комиссиялық сыйақы;
– авторлық сыйақы;
– зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері;
– мүлікті жалға беруден түскен табыстар;
– бағалы қағаздар бойынша табыстар;
– қосымша еңбек төлемі (Семей ядролық полигон, Арал маңындағы экологиялық аймақтар, т.б.).
Сот шешімі бойынша алимент төлеуге  міндетті төлеуші еңбекақысын алғаннан кейін 3 жұмыс күнінің ішінде алимент төлеуге тиіс. Алимент төлемін түрлі жолдармен жүзеге асыруға болады. Бірақ, ең дұрысы,сот шешімін борышкердің жұмыс орнындағы есеп бөліміне тапсырып, алимент түсіп тұратын арнайы банк карточкасын ашу.
АЛ ЕНДІ МӘСЕЛЕ МЕН ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ КЕЛСЕК,
2012 жылға дейін алимент құны борышкер тұратын аймақтағы орташа жалақы мөлшерінен алынатын. Ол шамамен 26 мың теңге. Сол жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы мөлшеріне қарап есептеле бастады. Айына төрт мың теңге. Бірақ 2014 жылдың қаңтарынан бастап еліміздегі орташа жалақы мөлшеріне сәйкес есептеле бастады. (136 мыңнан 144 мың теңгеге дейін). Осылайша енді алимент төлеуші бір балаға 35 мың теңге төлейді.  
Бұл ретте отставкадағы судья Халбибі ШӘРІПБАЕВА мәселенің екінші жағын көрсетті:
– Егер азамат алиментті төлемесе шекарадан шыға алмайды және мүлкі тәркіленеді. Егер төлемеген алиментінің мөлшері тым көбейіп кетсе, қылмыстық іс қозғалады. Бірақ, менің ойымша, бұл тиімді тәсіл емес. Дұрысы, алименттен жалтарғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту, яғни құрылысқа немесе қаланы тазалауға міндеттеу керек. Әрі содан түскен жалақыдан алиментті төлейтіндей ету керек. Себебі алименттің сомасы төлеушілердің қалтасына ауыр тиеді. Мысалы, 30 мың жалақы алатын қарапайым қызметкер бар. Сондай-ақ 300 мың жалақы алатын инженер бар. Екеуінің жалақысына қарап, орташа айлық жалақы 150 мың деген қорытынды жасайды. Алимент орташа айлық жалақының 25 пайызынан төленеді. Бұл шамамен 40 мың деп есептейік. Сонда 30 мың жалақы алатын қызметкер қалай 40 мың алимент төлейді?
Сондай-ақ осы жылы әкімшілікпен қатар, қылмыстық жауапкершілікке тарту жүзеге аса бастады. Яғни борышкер ескерту мен айыппұл салынғаннан кейін де алимент төлемесе, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ көп жағдайда қылмыстық құрамы болмағандықтан іс жабылады. Бір жағынан қылмыстық заң жауапкершілікке тартамыз дейді, ал Жоғарғы соттың қаулысы борышкердің қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіндік береді. Бұл сот орындаушылар мен жұмыспен қамту органдарының арасында байланыстың жоқтығын дәлелдейді.
Сенаторлардың бастамасымен борышкерді енді көлік жүргізу құқығынан  айыра бастады. Бұл тәсіл АҚШ, Канада, Польша, Ұлыбританияда жемісті болған. Тіпті Белоруссияда борышкердің 41 %-ы бірден қарызынан құтылуға қамдана бастаған. Дегенмен бізде бұл бастама барлығының қолдауын таппады. Себебі борышкердің жұмысы көлік айдаумен байланысты болса, ол жұмысынан айырылады. Тиісінше алимент төлеуге қауқарсыз болады.
Ал шетелде, мәселен, Латвия, Польша, Францияда мемлекеттік алимент қоры бар. Қор баланы қамқорлығына алуды және борышкер қарызын өтеуді жауапкершілігіне алады. Алимент төлеу мәселесін шешу үшін бірнеше жыл бұрын Бас прокуратура мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, алимент қорын құруды ұсынған еді. Яғни сот орындаушылар алимент төлемей қашып жүрген әкені тауып, істі бір жақты еткенше, балаға қаражат қор есебінен бөлінеді, кейін ол соманы мемлекет борышкерден өндіріп алады. Дегенмен ұсыныс қолдау таппады. Алимент өндіру толығымен мемлекет қаржысынан төленуге ұласуы мүмкін деген қорқыныш басым түсті.
Мәселен, Германияда алимент Дюссельдорф кестесі бойынша есептеледі. Оған сәйкес, ата-ананың табысы мөлшеріне қарай 11 топқа, ал баланың жасы 4 топқа бөлінген. Баланың жасы мен ата-ана табысына қарай алимент мөлшері анықталады.
 
БОРЫШКЕРДІҢ ТАЛАБЫ
Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВТЫҢ сөзінше, әлеуметтік зерттеулерге сай алимент төлеуден жалтарып жүргендердің көбі бұрынғы жұбайы баламен араластырмайтынын айтады. Әке баламен неғұрлым жақын араласса, соғұрлым алимент төлеуден қашпайтыны дәлелденген. Оның үстіне төленген алименттің қайда жұмсалып жатқаны да бақылауға алынады. Себебі алиментті алған тарап қаржыны бала үшін емес, жеке мүддесіне жұмсаған деректер де жиі кездеседі.
Әйгерім МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, атқару өндірісін есепке алу және бақылау бөлімінің бас маманы:
– Біздегі басты мәселе – борышкердің жұмыссыздығы. Сондай-ақ, алимент төлемес үшін әдейі жұмыстан шығатындар да көп. Оларды әкімшілік жауапкершілікке тартқаннан кейін де нәтиже болмайды. Сонда заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартуға тырысамыз. Дегенмен көбінде қылмыс құрамы жоқ деп, іс қысқартылады. Борышкер жұмысы бола тұра алименттен жалтарғанда қылмыс құрамы болады. Егер оның тұрақты жұмысы болса, айлығынан да ұстап қалар едік. 2016 жылдың қаңтарынан бастап, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жеке сот орындаушының жұмысы өзгерді. Олардың қызметі біздікіндей, бірақ олар айлықты мемлекеттен емес, жұмыс нәтижесіне қарай пайызын борышкердің қалтасынан алып отырады.
Маманның айтуынша, істің бәрі жеке сот орындаушыға беріледі, ал олар сот шешімінің орындалуына мүдделі. Әйтсе де, мұның бәрі басты мәселе – баланың материалдық қамтамасыз етілу мәселесін шешпейді. Органдар алимент төлемей қашып жүрген әкені іздеп, тауып, оны жұмыспен қамтамасыз етіп әуре болып жүрген уақытта бала қаражаттан таршылық көре береді.
Иоган МЕРКЕЛЬ, ҚР Конституция кеңесінің мүшесі:
– Ана мен бала мәселесі қозғалғанда, біз маңызды жайтты назардан тыс қалдырамыз. Алимент төлемейтіндердің 97%-ы ер адамдар. Бозбаланы шаңырақ көтеруге ешкім үйретпейді. Әдетте мұнымен әкесі айналысады. Ал әкесі болмаса немесе ол ішімдікке салынған, есірткіге берілген болса ше? Сондықтан мемлекеттік деңгейде жауапкершілікке тәрбиелейтін әкелер институтын құру маңызды.
Әсел БЕГМАН
26 қазан 2018 ж. 1 283 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031