ХИТ БАСПАНА

Аnalysis
Жыл сайын елімізде қала халқының саны көбеюде. Мамандардың болжамы бойынша келешекте қала халқының үлесі 70 пайызға дейін артады. Бұл тұрғын үйге деген сұраныс артпаса, кемімейтінін білдіреді. Осы мақсатта мемлекет халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған көптеген бағдарламаны қолға алды. Олардың қатарында «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламасы көпшілік көңілінен шықса, енді «Баспана хит» бағдарламасына да қызығушылық артуда. Аталған бағдарлама бойынша кімдер баспана алады, өзге бағдарламадан тиімділігі неде жауап беріп көрейік.
ЕКІНШІ НАРЫҚТАҒЫ ҮЙЛЕР СҰРАНЫСТА
 Осы уақытқа дейін "7-20-25" бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы, жаңа баспананы ғана сатып алуға болатын. "Баспана" компаниясы осыны ескеріп, "7-20-25" бағдарламасынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелендіруге арналған "Баспана хит" бағдарламасын іске қосты. Аталған бағдарлама шарты бойынша бастапқы жарна баспана бағасының 20 пайызынан басталады. Бағдарламаға қызығушылық танытқандар саны күн санап артуда. Өйткені жаңа баспанаға қол жеткізу үшін кезек күтіп, банк белгілеген бағада үйді сатып алуға халық мәжбүр еді. Ал бұл бағдарламаның тиімді тұсы, қалтадағы қаражатыңызға қарай үй таңдау еркі өзіңізде. Яғни сатып алатын үйдің "су жаңа" болуы міндетті емес, банктің кепіл талабына сәйкес келетін қолданыстағы үйді аласыз. Сондай-ақ меншігінде үйі бар азаматтарға баспана жағдайын жақсартуға, яғни қосымша тағы бір үй алуға қолайлы. Қарыз алушы тарапынан берілетін бастапқы жарна мөлшері қарыз алушының қаржылық мүмкіндігіне қарай рәсімделеді. Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер ғана қатысады деген түсінік жоқ. Төлем қабілеті жеткілікті кез келген азамат қатысады. Ескертетін жайт, "Баспана хит" бағдарламасы бойынша берілетін ипотекалық тұрғын үй заемының ең ұзақ мерзімі – 15 жыл.
Айбар Олжаев, "Баспана" Ипотекалық ұйымы Сыртқы коммуникациялар қызметі жетекшісінің орынбасары:
– Бағдарлама қолданысқа енгелі бағдарлама талабын сұрайтындар қарасы қалың. Оның ішінде несиені кімдерге береді деген сұрақ жиі қойылады. Толығырақ тоқталар болсақ, әр қарыз алушының табысына қойылатын талапты әр банк кредит саясатына сәйкес, өз бетінше белгілейді. Дегенмен қарыз алушының табысы расталған, тұрақты, сондай-ақ несиені және басқа да тұрақты төлемді өтеуге жеткілікті болу қажет. Несие беру шарты бойынша үй құнының бастапқы жарнасы кемінде 20 пайыз, несие көлемі тұрғын үй құнының 80 пайызына дейін, несие валютасы – теңге, жылдық пайыз мөлшерлемесі – "ҚРҰБ базалық мөлшерлемесіне сай бекітіледі. Сатып алынатын үйдің ең жоғары құны – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қаласы үшін 25 млн. теңге болса, басқа аймаққа 15 млн. теңге. Қарыз алушыға қойылатын талапқа келер болсақ, ҚР азаматтығы, ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша өтелмеген қарызының болмауы, ҚР банктік заңнамасына сәйкес төлем қабілеті болу шарт. Бағдарлама аясында несиені Халық, ЦентрКредит, Евразиялық, Bank RBK және Цеснабанк арқылы рәсімдеуге болады. Қазіргі уақытта аталмыш банктерде бағдарламаны іске қосуға дайындық жұмысы жүргізілуде. Несие алу мүмкіндіктері туралы толық ақпаратты банктердің байланыс орталығы мен бөлімшесінен және Халық банкінен алуға болады. Мәселен, бағдарлама аясында орта есеппен Қызылорда қаласындағы  құны 8 млн. теңгенің үйін сатып алсаңыз ай сайынғы төлем мынадай болады:
Бастапқыжарна
Несие сомасы, теңге
Айсайынғы төлем (аннуитет)
%
теңге
5 жыл
10 жыл
15 жыл
20%
2 000 000
8 000 000
173 939
110 200
90 928
30%
3 000 000
7 000 000
152 197
96 425
79 562
40%
4 000 000
6 000 000
130 455
82 650
68 196
50%
5 000 000
5 000 000
108 712
68 875
56 830
Мұрат Сарманов, ҚР «Ұлттық Банкі» Қызылорда филиалының
қаржы ұйымдарын бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы:
– Осы уақытқа дейін "7-20-25" бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы жаңа баспананы ғана сатып алуға болатын. «Баспана хит» бағдарламасының «7-20-25»-тен айырмашылығы, жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз емес 10,75 пайыз. Есесіне тек жаңа емес ескі пәтерлерді де рәсімдей аласыз. Баспанаға қол жеткізу ережесі де қарапайым. Қай жерде тіркелгеніңіз маңызды емес. Тек алдымен баспана құнының 20 пайызын төлейсіз. Қалған бөлігін 10,75 жылдық үстеме пайызбен несиеге алып, оны 15 жыл бойы төлейсіз. Мысалы, Астанадан 12 миллион теңгеге баспана алсаңыз, оның бастапқы жарнасы 2 миллион 400 мың теңге. Қалған 9,6 млн. теңгесіне пайыздық үстеме ретінде шамамен 9,8 млн. теңге қосылады да, оны алдағы 15 жыл бойы айына 107 611 теңгеден төлейсіз. Ал пайыздық үстеме төлеп біткенше өзгеріссіз қалады. Демек, қарыз алушы адамның жалақысы кем дегенде 180000-210000 теңге болуы шарт. Егер айлық жалақысы аз болса қасына қосымша несие алушы алуға болады. Бұл бағдарлама бойынша жеке тұрғын үй алуға болады, атында жылжымайтын мүлкі бар туралы ақпарат қажет емес. Айлық  немесе кәсіпкерліктен түскен табысы бар азаматтар қатыса алады. Көпбалалы отбасыларға жеңілдік қарастырылмаған.
Абдулла АЛТЫНБЕКҰЛЫ, қала тұрғыны:
– «Баспана хит» бағдарламасы жайлы жаңалықтан естіп, отбасымызбен қуандық. Өйткені осы уақытқа дейін халықты баспанамен қамтуға бағытталған бағдарламалардың басым көпшілігі мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндерге және айлық табысы жоғары азаматтарға берілетін. Өйткені біздегі жаңадан салынған баспана құны – 11 миллионнан жоғары. Оның үстіне банк қосатын жылдық пайызды қоссаңыз, тұрғын үй бағасы шарықтап кетеді. Осыған дейін екінші нарықтағы үйді алу үшін «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкіне» үй құнының 50 пайыздық жарнасын салу шарт еді. Ал «Баспана хит» бағдарламасында үйдің бастапқы 20 пайыз жарнасын салып, қаражатымызға қарай үйді таңдай алатыныма қуандым.
«ОРДА» бағдарламасының тиімділігі неде?
 «Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингінің» АҚ еншілес ұйымы «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» несиелендірудің жаңа «Орда» ипотекалықбағдарламасын қазан айының соңында іске қосады деп жоспарлауда. «ҚИК» ИҰ»АҚ-ның жаңа ипотекасы Қазақстанның барлық тұрғындарына бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығынан, олардың жеке меншігінде басқа тұрғын үйдің бар-жоғына қарамастан, жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік береді. Несиелендіру екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады. Ипотекалық несие алушының төлем қабілеті растаған кезде, қарыз мөлшерлемесі жылдық 12-14 пайыз. Қарыздың ең көп сомасы – 40 млн. теңгені, ең азы – 1 млн. теңге. Ал қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін. Мұндай ипотека еліміздің барлық облысында қолжетімді болады. Жасы 21-ден асқан еліміздің кез келген азаматы бағдарлама аясында баспанаға қол жеткізеді. Ескертетін жайт, несиені өтеу сәтінде қарыз алушының немесе қосалқы қарыз алушының (гарант) жасы зейнеткерлікке шығатын жастан аспауы тиіс. «Орда» ипотекасы кіріс толық расталған кезде тұрғын үй құнының 30 пайызынан бастап және ішінара расталған кезде 50 пайыздан бастап бастапқы жарна төлеу міндет. Бұл ретте бастапқы жарна қарыз алушыға немесе үшінші тұлғаларға тиесілі жылжымайтын мүлік түрінде қосымша кепілмен ауыстырылуы мүмкін.
Әділ Мұхамеджанов, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма төрағасы:
– Өз миссиямызды орындай отырып, әртүрлі ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін бағдарлама дайындадық. Жаңа бағдарламада оңтайлы сыйақы мөлшері, реттелетін қарыз мерзімі мен бастапқы жарна мөлшері, кірісті ішінара растау мүмкіндігі, сондай-ақ бүгінгі нарықтағы қажет талаптар ескерілген. Қарыз алушы өзіне ыңғайлы бастапқы шарттарды таңдап, ай сайынғы қолайлы төлемді анықтайды және өзіне ұнаған кез келген тұрғын үйді сатып алады. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының «Ипотекалық қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» бағытын жүзеге асыру аясында серіктес банктер арқылы ипотекалық өнімдерді насихаттау тәжірибесі бар компания екінші деңгейлі банктермен жұмыс істеудің ұқсас схемасын қолдануға ниетті. Яғни клиент пәтерді өз бетінше таңдайды және серіктес банкпен байланысады, серіктес банк қажетті құжаттарды қабылдайды және компанияға өтiнiш жiбередi, компания өз кезегiнде қарыз алушының төлем қабiлетiн тексередi және банкке өз шешiмiн ұсынады. Өтінімді қарау мерзімі бағдарламада келісілген жағдайларды қоспағанда, үш жұмыс күнінен аспайды. Қарыз мақұлданған кезде кепіл ұстаушы және кепіл беруші ретінде Қазақстан Ипотекалық Компаниясы әрекет етеді.
Тимур СЕРӘЛІҰЛЫ, тәуелсіз сарапшы:
– Үкімет халықты баспанамен қамтуға білек сыбана кірісті. Оған дәлел биылдың өзінде төрт бағдарламаны қолданысқа енгізді. Оның ішінде «Баспана хит» бағдарламасы көңілімнен шықты. Өйткені табысы орташа азаматтардың баспаналы болуына қолайлы шарттары бар. Тіпті табысы жоғары немесе тұрғын үйді жалға беріп, кәсіп етіп отырғандар үшін де оңтайлы болмақ. Яғни баспананы жалға беріп отырғандар арасында бәсекелестік қалыптасып, жалдамалы үйлер бағасы арзандауы мүмкін.
P.S. Аталған бағдарламалар уақыт өте келе тиімділігін көрсетеді. Дегенмен көптеген қазақстандық алғашқы жарнаны төлеуге қиналатыны жасырын емес. Өйткені бар жиғанын пәтер жалдауға жұмсайды. Осы мақсатта Елбасы Жолдауында әкімдерге жергілікті бюджет есебінен ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялауды тапсырды. Тіпті бүгіннің өзінде миллиардтаған субсидия бөлінде деген ақпарат тарап үлгерді. Бұның анықтығына байланысты Ұлтттық банктің бас маманы Мұрат Сармановтың айтуынша, субсидия мәселесі әлі қаралу үстінде. Бұл жайлы ресми мәлімет 2019 жылдың қаңтарында белгілі болады. Оған біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті өзгеде мамандар қол жеткізеді. Сондай-ақ елімізде бес жылда 2 млн. қазақстандықтың баспаналы болуына жағдай жасалмақ. Бұл баспанасы жоқ әрбір қазақтың қоныс тойын тойлар күнінің алыс емес екенін дәлелдейді.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
26 қазан 2018 ж. 14 964 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031