ҮШ МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ ӘЛЕГІ

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар мейлінше күшейтілгенмен, жемқорлықты түбірімен жоюға мүмкіндік бере алған жоқ. Жуырда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты лауазымды тұлғаға телефон баланс түрінде сыйлық жасаған әйелге 336 700 теңге көлемінде айыппұл салды. А. есімді әйел Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы аумақтық инспекциясының қызметкеріне заңсыз материалдық сыйақы берген. Мемлекеттік инспектор бұл оқиғаны өзінің тікелей басшысына хабарлап, 3000 теңгені арнайы мемлекеттiк қорға жіберген. Бұл лауазымды тұлғаның ісі көпке үлгі. Дегенмен барлығымыз бірдей көлденең келген сыйлықтан бас тарта бермейміз. Содан болар елімізде пара алуға да, пара беруге құмарлар саны азаймай тұр. Биыл облысымызда 6 әкім сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылған.
– Жыл басынан бері облыста 6 кент және ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған., – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Б.Ниязов.
Елге қызмет етіп, үлгі болып жүргендердің іс-әркеті осы болса, басқадан не күтеміз? Жазасынан жеңіл құтылу үшін араға «Мәке, Сәкені» салып, жазасын шартты түрде өтей салатындар, «жақсы тәртібі мен үлгілі әрекеті үшін» мерзімінен ерте босайтындар көбейді. Мұның алдын алмасақ, жемқорлықты жеңе алмаймыз. Бізге дамыған елдердегідей қатал жаза қолдану қажет. Мысалы, Германия мен Францияда сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандар 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, Жапонияда жемқорлар жеті жыл түрмеге тоғытылады. Сингапурде парақорлық дерегі үшін айыпталған қызметшінің кінәсі дәлелденсе, оған 100 мың сингапур доллары көлемінде айыппұл салынып, дүние-мүлкін тәркілеп, 10 жылға бас бостандығынан айырады. Дамыған мемлекеттерде жаза қатал. Сондықтан пара алуға көпшілік жүрексінеді. Бізге де заң талабын күшейтіп, мектеп табалдырығын аттаған балаға жемқорлықтың жат қылық екенін ұғындыру қажет. Яғни, жастардың санасына сілкініс жасау қажет. Осы мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті биыл жастар арасында 65 спорттық шара, 210 кітап көрмесі, 82 флешмоб және жастар мен оқушылардың қатысуымен 160 интеллектуалды ойын мен балаларға арналған театрландырылған қойылым ұйымдастырды. Сондай-ақ «Парасыз болашаққа. Бірге!» жобасы аясында мобильді топ жасақтап, 330 480 адамды қамтыған 2385 кездесу мен қоғамдық қабылдау өткізді. Ал «Есіктен есікке!» жобасы аясында коммуналдық қызметтердің ақы төлеу түбіртегіне тіркелген сыбайлас жемқорлыққа қарсы 985 565 флаер таратса, қоғамдық көлік пен халық көп шоғырланған орында 776 940 данажемқорлыққа қарсы плакат ілінген. Жоғарыда көрсетілген сандардың барлығы сыбайлас жемқорлықпен күрестің үздіксіз жүргізілгенінің дәлелі.
Қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың «Біріншіден, қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – қолым таза. Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – арым таза. Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіптен ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – жүзім таза», – деп артына өшпес сөз қалдырды. Бізде осы ұлағатты сөздің шеңберінде өмір сүрсек, қолымыз да, жүзіміз де, арымыз да таза болар еді.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА