Жемқорлық парамен шектелмейді
Minder
Қоғам бойына жегі құрт боп түскен сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу әзірше мүмкін болмай тұр. Соттарда қаралатын істерді сараласақ, осы сипаттағы қылмыстың денін қызмет бабын жеке бастың пайдасына жарату мақсатында жасаған әрекеттер құрайды.
Қызылорда қаласының №2 сотында 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында сыбайлас жемқорлыққа байланысты 14 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Бұл санаттағы істермен айыптау үкімдері қабылданып, 3 адамға бас бостандығынан айыру, 6 адамға бас бостандығын шектеу, 5 адамға айыппұл жазасы тағайындалған. Сыбайлас жемқорлық парамен ғана шектелмейді. Бұл жолдағы күресті алдымен сыбайластың өзінен бастау керек. Сыбайластың тамырына балта шабылса, жемқорлықтың да жолы кесілері анық. Жемқорлық – қызметтік лауазымды пайдалана отырып, оны жеке мүддеге пайдалану. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесін бұзып, экономиканың дамуына шектеу қояды. Жемқорлықпен күресу күнтізбеден түспейтін мәселе болып қала бермек.
Үлкен дертке айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы аз айтылып жатқан жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен тікелей айналысатын прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, салық, кеден, шекара қызметтері, қаржы және әскери полиция секілді арнайы органдар бар. Бірақ бұл тек қана осы органдардың қызметі деп түсінсек, қателескеніміз болар еді. Себебі, бұл дертпен қоғам болып күреспесек, толық айығу мүмкін емес. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмектескен адам мемлекеттің қорғауында болады. Қажет болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар ол адамның жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жәрдем беруші адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып есептеледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, одан бір нақты нәтиже шығармай, алға қойған мақсатқа толық жете алмаймыз. Жемқорлықпен күрес – науқандық шара емес. Онымен әрбір ұжым, бүкіл халық болып күресуіміз қажет.
Аңсат Сұлтанбеков,
Қызылорда қаласы