АЛҒАН БІЛІМІМДІ ЕЛДЕ ІСКЕ АСЫРҒЫМ КЕЛЕДІ
– Мектеп бітіретін сәттегі Айсана қандай еді?
– Мен №187 М.Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің 2015 жылғы түлегімін. Мектеп бітірген сәтте қиялында арманы, ойында жоспары көп бала едім. Бүгінде оларды жүзеге асыруда еңбектеніп жатқан студентпін. Бұл ретте бірінші Аллаға, одан кейін анама және Сыр елінің әкімі Қырымбек Елеуұлына алғысым шексіз. Жастарға ештеңеден қорықпай, әр қадамды нық басуға кеңес берер едім. Себебі барлығы адамның өз қолында.
– Мәскеуде оқитын Айсана қалай өзгерді?
– Бір Қазақстанда 18 млн. адам болса, бұл жақта бір қаланың адам саны сондай. Үлкен қалаға келіп, көп дүниеге көзқарасым өзгерді. Өзге орта, дәстүр, тіл бәрі де ықпал етеді. Қазір Ресей мемлекеттік Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясында оқудамын. Бұл университеттің бір жарым ғасыр тарихы бар. Мұнда 50-ден аса ұлт өкілі білім алады. Мен Орынбор, Санкт-Петербург және Мәскеу қаласына оқуға түстім. Бірақ анаммен ақылдаса келе, Ресей астанасында оқуға бел будым. Үлкен қала ойдағы шекараны бұзып, ауқымды ойлауға мүмкіндік берді.
– Мамандығыңыз туралы айтып беріңізші.
– Мамандығым – инженер-механик. Құдай қаласа, биыл облысымыздан арман арқалап келген алғашқы түлектің бірі болмақпын. Оқып жатқан мамандығымның болашағы зор деп ойлаймын. Себебі қазіргі заманауи технологияның шарықтап дамыған уақытында шетелден маман алдырмай, еліміздің дамуына біз, жастар, үлес қосуымыз керек.
– Ресейде оқудың қандай қиындығы бар?
– Бастапқыда үйренісе алмадым. Оған қоса құжат дайындауда қиналдық. Себебі бәрін заңды түрде орыс тіліне аудару қажет болды. Қазақ мектебін бітірген соң бастапқыда сабаққа қатысты кейбір терминдерді түсіну қиындық тудырды. Дегенмен уақытымен бәріне де үйренесің.
– Жоспарың?
– Оқуымды жақсы тәмамдап, алған білімімді елімде іске асыру. Сондай-ақ жеке кәсібімді ашып, өзімді ары қарай дамыту.
– Көп рақмет. Армандарыңның ойдағыдай орындалуына тілектеспіз!
Әсел БЕГМАН