Бір қадақ ар, екі қадақ ұят
"Кішкенесінен ананың жылуына, әкенің мейіріміне шөлдеп, жарымай, ортақ қазанда өскен бала жатбауыр болмай қайтсін" дейді Абай Құнанбаев. Қазіргі таңда үш отбасының бірі ажырасып жатыр. Нәтижесінде балалар толыққанды отбасында өмір сүру бақытынан айырылды. Әке тәрбиесі, ана махаббатын сезінбей өсуде. Өзгенің әкесіне (анасына) қызығумен өмір сүруде. Ажырасудың салдары неге әкеліп соғатыны бәрімізге аян. Әке тәрбиесін алмаған бозбала қорқақ, ынжық өседі. Ана жылын сезінбеген бойжеткен түнгі клубтан бой көрсетеді. Ең сорақысы, үлкенге құрмет көрсетпейтіндер көбейді.
Жақында бір жігіттің ақсақалдың алдынан өте кеткенін аңғардым. Қарт кісі абдырап қалды. Артынан "жол берсең болмай ма" деп айқайлады. Оған мән беретін жігіт жоқ, жолымен кете берді. Ақсақалдың жүзінде реніш бар. "Жастардың тәрбиесін түсініп болмайсың, құрмет көрсетуден жұрдай" дейді жан-жағына қарап. Ненің жаман, ненің жақсы екенін ажыратып отыратын ата-ана болмаса көретін күніміз осы шығар.
Қазынасынан айырылған қайыршы мен қайраты қайтқан кәрінің арасында бір аяусыз ұқсастық болады дейді бір ойшыл. Қайыршы қасынан өткеннің бәрінен садақа күтеді. Ал кәрі кісі қарсы кездескен жаннан тегіс сәлем дәметеді. Жұрт мені танып, тоқтап, сәлем берсе екен, тым болмаса бас изеп, ізет көрсетсе екен дейді. Жанынан өткен жас адам сәлем берсе, шал шабыттанып, шаршағанын да ұмытып кетеді. Жанына қанат бітіп, қайраттанып қалады. Өйткені жас азаматтың сәлемі арқылы егденің елге сіңірген еңбегі еленеді. Себебі сәлем – қарт ұрпақтың жер бетінде қалдырған игі ісіне жас буынның ризашылығының белгісі. Ал қарт адамға бұрынғы өткен-кеткенді еске алып, ойға түсіру өзгеше ғанибет. Қарттың алдын кесіп өту сәтіне де, қайыршыға садақа бермей өткеніне де куә болдық.
Бір танысымның ата-анасы айырылысты. Әкесі ауылға кетті. Көп уақыттан бері адам тұрмаған үйдің жарығы да, жылуы да жоқ. Жөндейтін тұстары көп. Бәріне қолды бір сілтеп, жанына ішімдікті серік етті. Сылқия тойған азамат қасындағы май шамның құлағанын да аңғармады. Үй іші өртенді. Ертесіне қаралы хабар тарады. Мұнын бәрінен бейхабар жұбайы "бойдақ сәтімді атап өтемін" деп мейрамханада көңілді кештерді өткізді. Әрі қарай бойжеткеннің өмірі өзгерді. Ол анасының сөзін ескермейтін болды. Таусылмайтын қыдырыс, үйге келмейтін күндермен өмірі жалғасып жатты...
Түйінді Абай атамыздың: "бір қадақ ар бер, екі қадақ ұят бер, таудай талап бер, таусылмас намыс пен жігер бер, тарыдай бақ бер" деген сөзімен аяқтауды жөн санадық.
Мөлдір САБЫРЖАН