Сіздің пікіріңіз маңызды
Maselenin mani
Өткен аптада Денсаулық сақтау министрлігі 16 жасқа толған балаға ата-ана келісімінсіз медициналық қызметті тұтынуына рұқсат беру туралы заңды қабылдауға ұсыныс білдірді. Жаңа заңға сәйкес, 16 жастағы қыздарға түсік жасатуға заңмен рұқсат етілуі мүмкін. Қазіргі қолданыстағы заң нормалары бойынша кәмелетке толмаған қыздарға медициналық көмек көрсету үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі міндеттелетін еді. Ал жаңа заң талабына сай, 16 жасқа толған қыз балалар ата-анасының келісімін алмай-ақ, дәрігерге қаралуға, өмірлік шешім қабылдауға құқы бар. Министрліктің мұндай шешім қабылдауына еліміздегі ерте жаста бала туу санының артуымен қатар тастанды сәбилердің көбеюі түрткі болған. Бұдан бөлек, түсік жасатуға қыз бала өз бетінше шешім қабылдайды да, оған ата-анасы немесе заңды өкілі араласпайды. Дәрігерлер де жасанды түсік жасау үшін үлкендерден рұқсат сұрамайды. Түсік жасатуға науқастың өзі мен дәрігер жауапты. Бұл бір жағы дәрігерді жауапкершіліктен құтқарады. Өйткені, түсік жасататын қыз бала ота жасатуға келісім беретініне және оқыс жағдай орын алса дәрігерге міндет жүктемейтініне қол қояды. Елімізде 1000 анаға шаққандағы статистикаға сәйкес, кәмелетке толмағандар арасында мың қыздың үшеуі түсік жасайды екен.
– Жасөспірімдер 16 жастан бастап өз бетінше шешім қабылдайтын болады. Бұл әлемде бар тәжірибе. Қазір аяқасты бала көтеріп қалған қыздар көбейіп барады. Ал осы заң жүктіліктің ерте кезеңінде тиісті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді, – дейді денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
Ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Сальвадорда 1998 жылдан бастап түсік жасатуға тыйым салған. Тіпті, зорлық-зомбылықтың салдарынан жүкті болған әйелге түсік жасатуға да рұқсат жоқ. Ал түсік жасатқан жағдайда азаматша 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал Мысыр елінде түсік жасату – өліммен тең. Түсік жасатқан әйел үш жыл көлемінде түрмеге қамалса, оны жасаған дәрігер мен мейірбике 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Демек көптеген елдер түсік жасатуға түбегейлі қарсы. Ал біздің мемлекеттің бұл заңды қабылдауына не түрткі?
Жаңа ереже күшіне енсе, мыңдаған сәби дүние жарығын көре алмай, қыздарымыз өмірге ұрпақ әкеле алмай бедеулікке шалдығуы мүмкін. Мұның әсерінен ұлт санының өсуі де тоқтайды. Осы тұста тастанды балалардың саны көбейеді деп алға тарту кертартпалық. Себебі, бізге бұл жерде тірі жанның өмірін арашалау қажет. Әзір бұл заң қолданысқа енген жоқ. Қоғамдық талқылаудан өтеді. Сіз де осы елдің азаматы ретінде өз ұсынысыңызды білдіре аласыз. Бұл тақырып туралы толыққанды сараптаманы алдағы сандарда оқисыздар
Айгүл ӘЛІШЕРОВА