Қармақшыда «Сырымды жеткіз жырларым» атты мүшәйра өтті
Мүшәйра «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» ақын, ұстаз Мұхамбетқали Шыңғысовтың туғанына 90 жыл толуына орай Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық «Жыраулар үйінің» ұйымдастыруымен өткізілді. Жыр додасына 12 ақын қатысты.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы талапкер ақындарға сәттілік тіледі. Ал ақын Мұхамбетқали Шыңғысовтың көзін көрген зиялы қауым өкілдері естеліктер айтты. Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов және аудандық мәслихат депутаты, ақын Алтай Үсенов ақынның өмірінен сыр шертіп, кейінгі ұрпаққа өнегелі істерін үлгі етті. Мүшәйраға нәтижесі бойынша бас жүлдені Қызылорда қаласынан келген Ғабит Кәдірбай жеңіп алды. Қазалылық Ақжол Түменбай бірінші орын тұғырынан көрінсе, Қармақшының ақыны Орынкүл Тынымбаева екінші орынды қанжығасына байлады. Тұрар Бекмұрзаев үшінші орынды қанағат тұтты.