Наубайханашы
Kasipker
Облыс бойынша жобаға 670-тен астам қызылордалық қатысқан. Іріктеу сынынан Қызылорда қаласында – 93, Жаңақорғанда – 69, Шиеліде – 30, Жалағашта – 26, Сырдарияда – 19, Қармақшыда – 14, Қазалыда – 11, Арал ауданында 4 жоба үздік деп танылған. Облыс бойынша барлығы 266 жоба жүзеге асты. Соның бірі – «Zhas Project» жобасының жеңімпазы Талғат Мысырбеков.
Ол Қосшыңырау ауылдық округінен наубайхана ашты. Мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасыға көмектесу. Жас кәсіпкер қайтарымсыз қаражатқа наубайханаға қатысты құрал-саймандар алып, жұмысты бастап-ақ кеткен. Сонымен қатар NEET санатындағы 4 жасты жұмыспен қамтыды. Жобасы қолдау тапқан Талғат аптасына екі рет 21 отбасыға тегін нан таратып тұрады.
– Бір қуантарлығы, жастарға қолдау көрсетіледі. «Zhas Project» жобасының өзі – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға мол мүмкіндік. Жобаны естігенде қуандым. Неге қатыспасқа деп ойладым да, осы кәсіпті таңдадым. Бүгінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыға нан таратудамыз. Көп балалы аналар ризашылықтарын білдіріп жатады. Көбіне-көп жұмыста жүргенде нан илеуге, оны жабуға уақыты болмайды ғой. Оның үстіне ойын балалары ыстық нанға бір тояды. Нан – береке. Нан – байлық деген осы емес пе, – дейді Талғат.
Өз кәсібін ашқан жас кәсіпкер тамыз айынан бастап тұрғындарға ыстық нан үлестіруде. Қосшыңырау ауылдық округінде наубайхана ашылғалы бері тұрғындар мәз-майрам.
Қымбат, ауыл тұрғыны:
– Ауылда наубайхана ашылғанына қуаныштымыз. Көп балалы аналарға көмектескеніне алғыс білдіремін.
Әлия, көп балалы ана:
– Ауылда наубайхана ашылғалы жақсы болды. Жоба жастарды игілікті іс істеуге машықтандырды. Қаржылай қолдау тапқан жастар аптасына екі рет ыстық нан әкеліп тұрады. Үлкен ауылда үлкен іс істейтін адамның болғаны қуантады.
Жұпар, ауыл тұрғыны:
– Бұл азаматтар халықтың батасын алуда. Алғашқы естігенде "қалай тегін нан таратады" деп таң қалғанмын. Ойлана келе, бұл мемлекеттің халықты қолдауы екенін түсіндім. Естуімше, әлеуметтік отбасына көмектесіп, жұмыссыз жастарға жұмыс тауып береді екен. Бұндай жобаға әрине қуанамыз.
Енді Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындары ел асып қалаға бармайды. Себеп олардың өз наубайханасы бар. Жас болса да жақсы шешім қабылдаған Талғат өзге жастарға үлгі.
Мөлдір САБЫРЖАН