"ҚАЙСАР": ФАН-ШОП АШЫЛУҒА ЖАҚЫН
Бақтияр Амантаев, маркетолог:
Біздің анықтама: Бақтияр Амантаев 1991 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Астана қаласында Инженерлік техникалық институтты үздік бітірген. 2017 жылы футболдан "Қазақстан премьер-лигасының үздік маркетологы" атанды
– Әңгіменің әлқиссасын жанкүйер Бақтияр "Қайсарға" қалай келді деген сауалдан бастайықшы...
– Расында, 1998 жылдан бері қызылордалық клубқа жанкүйер болыппын. Өз алаңымызда өткен ойындардың барлығын жібермеуге тырыстым. Астанада оқуға түскенімде көп ойындардан тыс қалып, алаңдағы ойынға алаңдайтынмын. Маркетинг жүйесін меңгеріп келгеннен кейін, "Климат контроль" мекемесіне жұмысқа орналастым. қарапайым қызметкерден, басшылыққа дейін мансабым өсіп, үлкен тәжірибе жинадым. Шынымды айтсам, "Қайсармен" бірге болу үшін футбол үйірмесіне де қатыстым. Өзімнен кәсіби футболшы шықпасын біліп, білім жолын таңдағанды жөн санадым. Түбінде қалай болса да клубқа ораларымды білдім. Содан 2017 жылы жанкүйер Бақтиярға "Қайсардан" ұсыныс түсті. Сүйікті клубымның ұсынысын ойланбастан қабыл алып, ақпан айының бірінші күнінен жұмысқа етене араласып кеттім. Маркетинг саласында жинақтаған тәжірибем жаңа жұмысыма жақсы әсерін тигізді. Адам өмірінің көп бөлігін жұмыста өткізеді. Сондықтан өзін дамыту, мақсаттарға жету үшін сүйікті жұмыстың болғаны өте маңызды.
– Клубқа келгелі маркетинг саласындағы ең сәтті келісімді айта аласыз ба?
– Біздің сала ағылшын тілінен аударғанда «нарықты зерттеуші» деген мағынаны білдіреді емес пе?! Сол себепті клубтың алғашқы жұмысында қаладағы нарықты зерттеп, жоғары кәсіпорындармен серіктес болуды жоспарладық. Қала ішін түгел аралап, екі жақ үшін тиімдісін іздедік. Осы жұмыстың арқасында клубтың маркетинг саласы бұрынғыға қарағанда жақсы нәтижеге қол жеткізді. Екі жақты келісім арқылы "Safia" суы және "Buffet sity" мейрамханасымен серіктес болдық. Соның ішінде "Safia-мен" жасалған келісімді ерекше деп айтуға болады. Екі жыл қатарынан серіктестік орнатып келеміз.
– 2017 жылы "Қазақстан премьер-лигасының ең үздік маркетологы" атаныпсыз. Бұл қалай анықталды?
– Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы маусым басында маркетологтар үшін арнайы тапсырма береді. Кәсіпқой лигамен серіктес "Технодомның" жарнамасын әр кездесуде жарнамалау керек болды. Аталған тапсырманы егжей-тегжейлі орындап, есеп-қисабын жедел жіберіп жүрдім. Айта кететін жайт, егер аталған тапсырманы уақытында орындамасақ, клубқа орасан айыппұл салады. Жыл қорытындысында "Қайсар" клубының маркетологы "үздік атанды" деген хабарды естігендегі қуанған сәтімді көрсеңіз (күліп).
– Елде үздік үш маркетологті Ресейге тәжірибе алмасуға жіберген көрінеді. Жалпы сол сапарды тарқатып айтыңызшы?
– Жақсыны көз көрсе, көңіл бөлінсе, адамның көкірек сарайы кеңейіп, талпыныс тынысы ашыла түседі. Бұл нақты дерек. Соның бір көрінісі
Ресейдегі сапар болды. Сапардан сәтті істі, табысты тірлікті байқадық. "Ордабасы", "Ертіс" клубтарындағы әріптестермен кураторымыз Қуаныш Ізбасаровтың жетекшілігімен алғаш рет шетел асып, Ресейге барып қайттық. Мәскеулік "Локомотив" командасымен тәжірибе алмастық. Еуропалық стандартқа сай жабдықталған клубтан үйренгеніміз көп болды. Мәскеу сапарынан кейін "Қайсардың" кездесу алдында баннерлермен шоу жасауды қолға алдық. Бұл да футболдағы өркениет болды. Қысқа метражды бейнероликтер әзірледік. Байқасақ, мұндай жұмыстар өзге клубтардан байқалмайды.
Ресейдегі сапар болды. Сапардан сәтті істі, табысты тірлікті байқадық. "Ордабасы", "Ертіс" клубтарындағы әріптестермен кураторымыз Қуаныш Ізбасаровтың жетекшілігімен алғаш рет шетел асып, Ресейге барып қайттық. Мәскеулік "Локомотив" командасымен тәжірибе алмастық. Еуропалық стандартқа сай жабдықталған клубтан үйренгеніміз көп болды. Мәскеу сапарынан кейін "Қайсардың" кездесу алдында баннерлермен шоу жасауды қолға алдық. Бұл да футболдағы өркениет болды. Қысқа метражды бейнероликтер әзірледік. Байқасақ, мұндай жұмыстар өзге клубтардан байқалмайды.
– Үздік маркетологқа өзге клубтардан ұсыныс түскен болар...
– Әлбетте. Ел клубтары қызығушылық танытты. Атын айтып, түсін түстемей-ақ қояйын. Келісімге келмегеннен кейін, атын атаудың қажеті жоқ. Неге кетпеді деген сұрақ туындауы мүмкін. Анамның жанынан алысқа ұзағым келмеді. Оның үстіне қазіргі қызметімде көңілге қонымды.
– Премьер лигадағы үздік бес клубтың қатарына кіретін "Қайсарда" "Фан-шоп" дүкені неге жоқ?
– Бұл көптің көкейінде жүрген сауал. "Қайсардың" қаржысы облыстық бюджеттен бөлінгеннен кейін ақшаны оңды-солды шашуға болмайды. Мұндай іске кәсіпкерлер оң қабақ танытса неге ашпасқа?! Бүгінде басшымыз Серік Құттыбайұлы бұл мәселені шешу үшін заңдылығын анықтауда. Егер оң нәтиже беріп жатса, клубтың "фан-шопы" ашылуға жақын.
- – Ер жігітті түздің адамы дейді. Клубтың жұмысымен іс-сапарға жиі шығасың, елден жырақ жүргенде әркім өз жағдайын өзі қамдауы тиіс. Бұл жерде Бақтиярдың тұрмыс-тіршілікке ебі қалай екен?
- – «Басқа түссе баспақшыл» деген бар ғой, кір-қоңды жуу, ас-дәм жасау үйреншікті іске айналды. Адам барлық жағдайға бейімделу керек, біреуден шарапат күтуге болмайды.
- – Бойдақ болған, салт жүрген саған ыңғайлы болар, бірақ «бізге келін әкеліп, қолымды қашан ұзартасың» деген анаңыздың аманаты бар ма? Қысқасы, отбасын құру ойда жоқ па?
- – Жасым 27-ге толса да әлі ерте көрінеді. Менің мақсатым – осы саланың белгілі деңгейіне жетпей, қыз мәселесін былай шегере тұру қажет секілді. Сүйіктіңді тауып, бас қосып, отау тігу өмірдегі ең қызық, ең тәтті шақ шығар, әзірге оған көңіл бөлгім жоқ.
- – Маркетолог үшін байлық деген не?
- – Шын мәнінде, байлық – ата-анам мен бауырларымның амандығы, елдің тыныштығы және мерейі.
– Әр жылдың өз жемісі болады. Ит жылы несімен мерейлі болды?
– Уақыт шіркін тоқтаусыз шыр айналып, зымырап өтіп жатыр. Ескі жылдың есігін жауып, тағы бір кезекті жаңа жылдың табалдырығын аттадық. Қалай десек те, өзімізге берілген белгілі бір жылдық уақыт аралығынан аман-есен өтіп, алдымен екінші белеске бет алғанымызға қуануымыз керек шығар. Өткенге салауат айтып, ертеңге үміт артып үйренген қазақпыз ғой. Осы орайда ит жылына өкпе арта алмаймын. Сүйікті клубымыз 50 жылдық мерекесін атап өтті. Маусымды сәтті аяқтап, межеленген бестікке ендік. Жаңа жобаларды жүзеге асырдық. Тиянақты тіршіліктің арқасында көпшіліктен жылы сөз естідік. Жасыратыны жоқ "жылы сөз" деген адамға үлкен мотивация береді. Бұл – еңбектің бағасы. Есігімізге енді келген доңыз жылы табысты болсын!
Әңгімелескен:
Ерасыл ШӘРІБЕК