ҚОРАСЫ ҚҰТ ҚОЖАЛЫҚ
Bizness

– Аталық қошқардың салмағы 140 келідей, ал аналықтары 80 келіден асып жығылады. Бір төлден 120 бас қозы алып жатырмыз. Көктемге қарай үшінші төлді аламыз деп жоспарлаудамыз, – дейді қожалықтың мал дәрігері Асылбек Маханбетов.
Қойдан бөлек мұнда төрт түліктің түрі түгелімен бар. Жылқы 50, сиыр саны 100-ден асады. Сондай-ақ, түйе шаруашылығын дамытып жатыр. Қос өркештілердің басы 60-қа жеткен. Күніне 150 литр шұбат дайындалып, облыс орталығына жөнелтілуде. Сұраныс өте жоғары болғандықтан шаруашылық дәл осы кәсіпті жандандыруды мақсат етіп отыр.
Қожалықтың тағы бір ерекшелігі, шаруашылық мал азығын да өздері дайындайды. Сағатына 3 тонна өнім өндіретін шағын зауыттары бар. Қысқа қажетті өнім түгелімен әзірленген. Өзге шаруашылықтардан тапсырыстың көптігіне байланысты зауыттың қуаттылығын арттырмақ.
Әрине, шаруашылықтың басты кәсібі – күріш. Өткен жылы Сыр салысын 500 гектар алқапқа екті. Әр гектардан орташа есеппен 67 центнерден өнім жинады. Биыл егістік алқабын ұлғайтпақ. Кезекті дала жұмыстарына дайындықты шаруашылық әлдеқашан бастады. Тұқым мен қажетті минериалды тыңайытқыштары әзір тұр. Қазір техникаларын жөндеп жатыр.
– 500 тоннадай тыңайтқыш келіп түсті. Дер кезінде жинап алдық. Қазір көктемгі егістікке дайындық жұмысын пысықтаудамыз. 7 МТЗ, соқа, К-700 тракторы жұмыс науқанына дайын. Енді су жаңа 2 трактор сатып алмақпыз, – дейді бас инженер Бейбіт Белгібаев
Мұнда келсеңіз, жайқалған алма ағашын көресіз. Бойы бір қарыс көшеттер бір-екі жыл бұрын егілгендей көрінеді. Негізінде жайқалған алма ағаштары биыл жеміс салады. Сөйтсек, алманың «карлик» деп аталатын түрі екен. Ұзындығы аласа болғанымен жемісі мол, дәмі тіл үйіреді, – дейді мамандар. Жалпы, 10 мың түп алма ағашы 7 гектар жерге егілген.
Осыншама шаруаны ұйыстырып, кәсіптің сан қырын ұршықша үйіріп жүрген мекеме басшысы – Мұрат Сәрсенбаев. Ол жетістікке жетудің кілті еңбекте деп санайды.
Ерасыл ШӘРІБЕК