«РЕАЛДЫҢ» БҰРЫНҒЫ БАПКЕРІ БЭЙЛДІ ИСПАН ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ ШАҚЫРДЫ
Мадридтік «Реал» мен Уэльс құрамасының бұрынғы бапкері Джон Тошак өзінің отандасы Гарет Бэйлді испан тілін үйренуге шақырды. Гарет Мадридке 2013 жылы ауысып келгеніне қарамастан, әлі күнге (6 жыл ішінде) испан тілін толықтай меңгермеген. «Сіз шетелдік командаға ауысқан кезде жанкүйерлерді құрметтеу үшін жергілікті тілді меңгеру керек. Ол бар күшін салуы тиіс. Егер ол тілді меңгерсе, бұл жетістігі оның ойынына көмектесер еді. Ол шынында да ғажайып ойыншы» дейді Тошак. Кезінде Тошак 17 жастағы Бэйлдің Уэльс құрамасы сапында Тринидад және Тобаго құрамасына қарсы дебюттік кездесуіне шығуға мүмкіндік берген еді. Уэльс құрамасы лидерінің испанша білмейтінін «Реал» қорғаушысы Марсело да айтқан. «Кезінде Роналдумен, оның отбасымен өте жақын араласқанмын. Біз бірге тоғыз жыл ойнадық. Ол кеткенде маған қиын болды. Киіну бөлмесінде бірге отыратын Кико Касилья кеткен кезде де қиналдым. Ал қазір қасымда ешкім жоқ. Бэйл бар, алайда ол испанша білмейді, тек ағылшынша. Біз тек ымдасып қана түсінісеміз» дейді ол Esporte Interativo басылымына берген сұхбатында. Гарет Бэйл осы маусымда «Реал» сапында барлық турнирлерді 18 ойынға қатысып, 6 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген. Ал жақында «Атлетикоға» (3:1) қарсы ойында Бэйл өзінің «Реал» сапындағы 100 голын соқты. Оған 100 саны жазылған жейдені команда капитаны Серхио Рамос киіну бөлмесінде табыстап, құттықтаған.