» » БҮРКЕГЕН ЖЕРДЕН БҮРГЕ ШЫҒАДЫ

БҮРКЕГЕН ЖЕРДЕН БҮРГЕ ШЫҒАДЫ

  Алда 31 күнінің 14 күні демалыс наурыз айы келе жатыр. Дәл осы айда халық билет таппай сарылады. Әдеттегідей билет болмай қалады, болса да бағасы аспанда қалықтап жүреді. Желтоқсан айында да, жаз уақытында да сондай. Өкініштісі сол, бұл жағдай үйреншікті қалыпқа айналды. Етіміз үйреніп, ернімізді тістеп отыра беретін болдық. Енді сұрақ: теміржол саласындағы мұндай бассыздықты жоюға біздегі құзырлы орындар шынымен дәрменсіз бе? Бағаның бұлайша шектен тыс қымбаттауы қаншалықты заңды?  Жасырып-жабары жоқ, бізде әлі күнге дейін жол жүру құжаттарының маусымдық тапшылығынан бөлек, кассалардан табылмайтын билетті алып-сатарлардың қымбатқа саудалайтын мәселесі бар. Бұл «жабайы сауда» әбден жүйеленген кезде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы мониторинг­тік топтармен бірге «құпия сатып алушы» акциясын жүргізді. Агенттік қызметкерлерінің мәліметінше, мұндай уақыттарда билетсіз жүрудің бағасы ресми бағадан 50 пайызға дейін асады. Мәселен билет құны 5 мың теңгелік бағыттарға жолсеріктер жолаушыларды 10-15 мың теңгеге заңсыз тасымалдап келген. Ол аздай, бұл делдалдық қызметке жолсеріктердің де тікелей қатысы бар болып шықты. Вокзал маңын торауылдап жүретін мұндай «қызметкерлер» жолаушыны табады, онымен келіседі. Өзі апарып вагонға отырғызады. Оны жолсерік қабылдайды. Агенттіктің Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы саясат департаментінің дирек­торы Данияр Бауыржанов та былтыр журналистермен кездесуде осыны дөп басып, нүктесін қойып беріп еді. «Билет сатылымымен вокзалдың күзетшілерінен бастап белгісіз тұлғаларға дейін айналысып отыр. Олардың қолындағы билетті кассалардан да, билет сатудың онлайн қызметінен де таба алмайсыз. Қорытынды бойынша үш мәселенің анық барына көзіміз жетті. Біріншіден, билетті кассалардан тыс сату заңсыз болғандығына қарамас­тан, қат билеттерді делдалдар ашықтан-ашық сатуда. Міне, осыған қарап-ақ, заңсыз сауданың әбден жүйе­ленгенін көруге болады. Екіншіден, тасымал­даушылар билетті делдалдар арқылы сату техникалық тұрғыда мүмкін еместігіне сендіріп келіп еді, бірақ күн сайын, сол алып-сатарларға жеке куәлігіңізді берсеңіз, керек бағытқа билетті әп сәтте алақаныңызға әкеп салады. Ал ол билетті сіз кассадан таба алмай­сыз. Үшіншіден, пойызға мінуде әрбір жолаушының куәлігі талап етіледі. Ал жолсеріктердің пойызға билетсіз мінушілерден құжат талап етпейтін кездері жиі көрініс тапқан», – деді ол. Міне, енді дәл осындай қордаланған дүниеге жеке коммерциялық бағыттағы пойыздардың мәселесі тағы қосылды. Билеттің мың құбылған жайына көз жұмып қарайық десек, вагондар толық жаңарып біткен жоқ. Мәселен, «Астана-Қызылорда» бағытында жүретін 618-пойыздың вагондары, тіпті, жолаушылардың талаптарына еш сай келмейді. Жаз болса – терезесі ашылмайды, қыс болса – жабылмайды. Қырық құрсау вагондар әлі қолданыста жүр. «Жақында Аралға барып келдім. Вагонның ескіргені соншалық, жаққан отына су қайнамай қойды. Төбемізден су ағып, бүкіл затымызды бүлдірді. Пойыздың жетекші бригадирін шақырғанымызда: «Бұл мемлекеттің қарауындағы пойыз. Жекеменшік емес. Сондықтан вагондар бірте-бірте ептеп ауысып жатыр. Күту керек» дегенді айтты. Сонда бұл күту қашанға дейін созылады? Халықтың ақшасын алғаннан кейін, оған сапалы қызмет көрсету деген де бар ғой. Бұған қалай көз жұмып қараймыз? Монополистер ол өз білген­дерін істеп отыр. Ал пойыздың тазалығы – нөл!», – дейді Жарылқасын Меңдібаев есімді азамат. Рас, бірақ әлі күнге дейін қарапайым халықтың талап-арызы әлеуметтік желіден әрі аса алмай тұр. Былтырғы желтоқсанда да дәл сондай баға қара­пайым халықтың қалтасын қақты. Жүйкесін жұқарт­ты. Бұл жолғы бағаның өсуі бұрынғымен салыстыр­ған­да тіпті, жоғары болды. Талай қымбат­шылықты көріп едік, бірақ бұл жолғысы одан асып түсті. Кей бағыттағы билеттердің алды 60 мың теңгеге жетті. Компания өкілдері коммерциялық теміржол бағыттарының бағасын қалай қойса да, өздері біледі екен. Яғни пойыздардың өз қожайын­дары билет құнын қалай құбылтады, оны өзі біледі. Бүгінде еліміздің аумағында 52 әлеуметтік, 16 коммерциялық бағыттағы пойыз бар. Үкімет өзі қар­жы­ландыратын осы 52 пойыздағы жолақыны ғана реттей алады. Ал, коммерциялық 16 бағыттағы пойыз­­­дардың қожайындары жеке пайдасына қарай би­лет құнын қаласа түсіреді, қаламаса қымбаттата салады. Инвестициялар және даму министрлігі Көлік ко­митетінің тө­­рағасы Әсет Асаубаев ком­мерция­лық маршрут болғаннан кейін әр мекеме пайда табуды көздеп, сол арқылы өз шығыны мәсе­ле­сін шешетінін айтты. «Шынына келсек, оның ішкі қаржылық саясатына арала­суға құқы­­ғы­мыз жоқ. Ол – нарықтың субъекті. Заңға сәйкес араласа алмаймыз. Бірақ біз олардың бағаны қалай құбылтып отырғандарын көріп те отырмыз. Ұрымтал тұста 2-3 есе бағаны көбейту де дұрыс емес» дейді ол. Иә, дұрыс емес. Оны өздері де біліп отыр. Сөй­те тұра министрліктің өзі бағаны реттеуге кел­генде дәрменсіз. Дәл осылай табиғи монополия­ларды реттеу комитеті де «сен тимесең, мен тименің» кебін киіп отыр. «Былтыр қыркүйекте билет бағасын реттейтін жүйе енгізілді. Ол динамикалық тарифті басқару бағдар­ла­масы бойынша іске асады. Бұл жүйе – әлемдік прак­тика. Мұнымен әуе, жердегі тасымал­даушылар жұмыс істейді. Ең алдымен бұл жолаушыға тиімді. Яғни бұл жүйемен жолаушы билет алатын кезде қаржысын үнемдеуге мүмкіндік туады. Алдын ала билет сатып алу арқылы үнемдеуге болады», – дейді «Жо­лаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп. Солайы солай екен. Бірақ ол билетті 45 күн бұрын сатып алсаңыз ғана. Ал оған екінің бірінің жағдайы келе ме? Содан кейін сұраныс артып жатса, жолға шығар уақыт таяғанда баға қымбаттай береді, қымбаттай береді… Сорақысы сол, ең жоғары бағаға шек жоқ. Сұранысқа сай қаншаға дейін қымбаттатса да компьютердің өз еркі. «Оның шегін біз қоймаймыз. Оны автомат өзі тіркейді, өзі реттейді. Жолаушылар санына қарай өзгеріп отырады. Астана, Алматы, Шымкент бағытына жолаушылар көп жүреді. Соны ескереді. Сосын билеттің санына қарайды. Билет азайған сайын бағасын көтереді», – дейді Диас Ахметшәріп. Бұл жүйе нағыз «қу» екен деп қалдық біз. Халықтың қалтасымен ойнаған ойынның жақсысы бар ма? Табиғи монополияларды реттеу бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті­нің бас сарапшысы Ақжан Қайырбаева болса, моно­полияға қарсы орган өз тарапынан нарық субъектіле­ріне қатысты тексеру жүргізе алмайтынды­ғын мойын­дап отыр. «Тек қана халықтан өтініш түссе немесе мемлекеттік органнан өтініш түссе ғана өз шараларын қолдана алады. Бүгінде комитетте теміржол билеттерінің бағасының өсуіне ешқандай талап-арыз жоқ», – дейді ол. Міне, олардың бағаны өзгертетініне сенбейтін, бірақ науқанның кезінде қалтасынан қағылып үйренген жұрттың жағдайы – мынау. Арыз жоқ екен деп, мәселеге тіке қарай алмайтын құзырлы орындар­дың әрекеті – анау. Бұл жүйесіздік айтылған жерде қала бере ме? «Бүркеген жерден бүрге шығарын» білетін билік бұл мәселенің де бетіне тіке қарайтын уақыт жеткен сияқты. ТҮЙІН: Өзіміз мойындап отырғандай, қыдырыс көбейетін қысқы-жазғы демалыс кезінде, мереке қарсаңында билеттің болмауына, бағаның қымбаттауына үйреніп-ақ кеткенбіз. Бірақ баға баяғының батырларындай күн емес, сағат санап өсіп жатыр. Желтоқсанның соңына қарай жұрт Астанадан Ақтөбеге 53 мыңмен, Шымкентке 46 мыңмен, Қызылордаға 53 мыңмен, Оралға 64 мыңмен жетті. Онда да осындай ақшасы барлар ғана, әрине.  Соңғы сұрақ: наурыздағы баға не болады?
Гүлжан РАХМАН

14 ақпан 2019 ж. 695 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031