СЕНІМ МЕН СЕРПІН
Қайта түлеген Арал өңірінде өрісті іс өркен жайды. Кіммен тілдессеңіз де, теңіз төскейіндегі соны серпін, жағымды жаңалықтарды тебіреніспен жеткізеді. Олай болмағанда ше?! Осынау жігер-қайраты көк теңізіндей буырқанған, атақонысын көзінің қарашығындай қастерлейтін адуын теңіздің бұла перзенттері бастарынан небір кепті өткермеді? Кезінде кір жуып, кіндік қаны тамған қасиетті мекенінен амалсыздан үдере көшіп, елдің әр қиырына тарыдай шашырап кеткенін кім ұмытады? Елбасының қамқорлығы арқасында кенезесі кепкен теңіз қайта шалқып, атакәсіп жанданып, көштің басы атажұртқа қайта бұрылғаны да шындық. Бүгінгі Арал теңіз маржанын аулап, өңдеп, экспортқа шығарумен ғана шектелмей, сан саласына нәр жүгірген, кәсібі қияға қанат қаққан өңір саналады.
Бұл теңізді өңірде ешқандай түйінді түйткіл жоқ дегенді аңғартпайды. Шындықты бүркеп, жауырды жаба тоқымдау жарамас. Десе де, жергілікті биліктің жүйелі бастамалары жұмыстың алға жылжуына оң әсерін тигізуде.
Осының арқасында өткен жыл қорытындысымен Арал ауданы кәсіпкерлік саласының көрсеткіші бойынша республикадағы 290-ға жуық аудан ішінен алдыңғы лектен табылып, 28,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артық деген сөз. Әрбір жақсы нәтиже – төгілген телегей тердің жемісі.
Көрсеткіштер дәйекті дерек, нақты есептен құралады. Аудан бюджетінің шығыстары алдыңғы жылмен салыстырғанда 118,7 процентке өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінде бірқатар азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы институттары арқылы аудан кәсіпкерлеріне қомақты несие берілген. Нәтижесінде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 109,3 процентке өскен.
Аграрлық салада алға жылжу байқалады. Төрт түлік – маңғаз даланың сәні. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 6,6 млрд теңгені құраса, мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, қой мен ешкі, құс шаруашылығында да өсім бар.
Бағаны тұрақтандыру күн тәртібіне тұрақты қойылған. Осы мақсатта Астанада, Ақтөбеде, облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.
Арал туралы әңгіме қозғалса, су маржаны – балық көзге елестейді. Ауданда жылдық қуаты 18900 тоннаны құрайтын, 7 балық өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Өткен жылы 6919 тонна балық ауланып, 3575 тоннасы өңделген. Сондай-ақ, 1950 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. Арал өңірі балықшыларының дәстүрлі ІV слетіне Ресейден, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облысынан делегаттар қатысуы шара маңызын аша түсті.
Теңіз төскейіндегі жұртшылық алдағы күнге сеніммен қарайды.
Арал ауданы.