АЛҒЫСЫМДЫ АДАЛ ЕҢБЕКПЕН БІЛДІРЕМІН
Владислав ШЕГАЙ, Жағалау күзеті өңірлік басқармасы 2016 әскери бөліміне қарасты «Ер-Қосай батыр» застава бастығының орынбасары:
Бала күнімнің мерекесі
Қанша жыл қазақ арасында тұрсам да, кәріс ұлтына ұқсастығын байқамадым. Маған қазақтың ұлттық мерекелерінен Наурыз ерекше ұнайды. Маңайына қыз-бозбала жиылған алтыбақан, ақ кимешекті аналар пісіретін Наурыз көже, ұлттық киіммен ерекше бір әсемдікке бөленген адамдар тура фильмдегідей әсер береді. Ол күні сіздер бір-бірлеріңізді кешіріп, көрші, ағайынға қонаққа барасыздар ғой. Сол сәт маған қатты ұнайды. Наурыздағы асық ату, көкпар, арқан тартыс ойынының орны бөлек. Құдды бір, қазақтың барлық дәстүрі Наурызда орындалатын тәрізді кейде. Бұл көріністің бәрі балалық шағымды еске түсіреді. Сол сәтте менің езуіме еріксіз күлкі үйіріледі.
Қазақтарды жақсы көремін
Менің орыстарға қарағанда, қазақ достарым өте көп. Қазақтар – жылы мінезді, кешірімді халық. Бәрінен бұрын маған қонақжай, ақкөңіл пейілдеріңіз ұнайды. Кез келген ұлт сіздер сияқты танымайтын адамды туысындай қарсы алып, жылы қабақ танытпайды. Қазақтар бұл қасиетін сонау Кеңес Одағы кезінде де дәлелдеп, қаншама ұлтты бауырына тартты. Сол кезеңде-ақ сөзбен демеп, қолдау көрсеткен қазақ халқының даладай кеңдігіне, данадай ерлігіне алғысымды айтамын! Қазіргі уақытта Жағалау күзеті өңірлік басқармасы 2016 әскери бөліміне қарасты «Ер-Қосай батыр» застава бастығының орынбасары қызметін атқарамын. Қазақ елінің шекарасын қорғап, еңбек етудемін. Бұл – менің қазақ халқына айтқым келген алғысымның айқын дәлелі деп білемін.
Гүлдана ЖҰМАДИН