» » МИЛЛИОН ҰТУ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС

МИЛЛИОН ҰТУ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС

  Перизат КЕНЖЕБЕКОВА, "Миллион кімге бұйырады?" бағдарламасының қызметкері
Қазақ қыздарының белсенділігі, қоғам өміріндегі биік орны бізді қызықтырады. Мейлі әлемде, мейлі елімізде болсын, оларды құптап, тілеулес болуға ниеттіміз. Перизатты да  сондай саңлақ топтан санаймыз. Қызылорда қаласындағы Қ.Мұхамеджанов атындағы 1 мектеп-гимназияны алтын белгіге бітіріп, мемлекеттік грантпен оқыған замандасымыздың зейінді қабілетін бүгін тағы таныдық. Ол «Миллион кімге бұйырады?» жобасында қызмет етеді. Қандай қызмет десеңші, қатысушылар үшін сауал дайындау тобында еңбек етеді. Жалпы, білімді қызды текке қабылдамағаны, одан үлкен үміт күтетіні белгілі шығар. Перизат сол сенімнен шығып келеді. Ендеше  бүгінгі сұхбатта оның ойын  білуге тырыстық.
 – Перизат, сізді мектептен танимын. Үздік оқыдың, белсенді оқушы едің. Сол серпін, бекзат болмыстағы белсенділік әлі алаулап, сырт ортада да абыройлы жүргеніңді жақсы білемін. Осы орайда кешегі Перизат пен бүгінгі Перизаттың айырмасы бар ма?
– Әрине, барлығы өз қалпында сақталмайды ғой. Уақыт өте өзгеріске ұшыраймыз. Сондықтан бұрынғысынан айырмашылық бар.  Бұрындары ойымызда тек оқу болса, бүгінде ойлау қабілетіміз кеңейді.
– Әлемнің 120 елінде көрсетіліп, көптің көңілінен шыққан "Миллион кімге бұйырады?" интеллектуалды шоуында қызмет атқарасыз. Жалпы бағдарламаға қалай шақырту алдыңыз?
– Негізінде "Миллион кімге бұйырады?" бағдарламасын түсіріп, телеарнаға ұсынатын продакшн бар. Сол продакшнда қызмет етіп келе жатқаныма 3 жылға жуық уақыт болыпты. Ұлттық арнадан көрсетілген "Қызық екен" бағдарламасын білетін боларсыз. Осы өнімді көрерменге  біздің ұжым ұсынды. Байқасаңыз, "Қызық екен де" интелектуалдық сайыстардан тұрады. Сонда сауал дайындайтын команда қалыптасты. Кейіннен 12 жыл үзіліп қалған "Миллион кімге бұйырады?" ғұмырын қайта бастайды деген жаңалық пайда болды. Көрермен асыға күтетін бағдарламаны түсіру, дайындауды біздің продакшн қолға алды. Сұрақ дайындауда азды көпті тәжірибеміз болған соң командамен жиылып осында келдік. 
– Бағдарламаны көріп байқағанымыз, әлемдік деңгейдегі сауалдарды жиі кезіктіреміз.  Сұрақтарды сұрыптауда елге қатысты  мәселелер неге аз?
– Жалпы бағдарлама әлемдік деңгейде болған соң сұрақтардың шеңбері елімізбен шектелмеуі тиіс. Бір қызық айтайын. Ұжымда менен өзгесінің барлығы Қазақстанға қатысты сауалдарды көргісі келеді. Дегенмен пропорция сақталуы тиіс. Иә, елге қатыстысы да қалыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, алғашқы бестікте міндетті түрде ел тарихынан, салт-дәстүр, батырлар жыры,  ақын-жазушылардың шығармаларынан бір сұрақ міндетті түрде болады. Көбіне қатысушылар шетелдік сауалдарға қарағанда елге қатыстысынан жаңылып жатады.
– Жоба барысында миллионға қол жеткізген жеңімпаздар бар ма?
– Бастапқыда ұтыс сомасы аз болды. Дей тұрғанмен бірте-бірте 300 мың, 600 мың ұтқан ойыншылар көбейді. Жаңа жылдық түсірілімде алматылық Ғайса Қалымбет биылғы жаңалық болды. Ол 13 сұраққа дейін мүдірмей жауап беріп 2.500.000 теңгені қанжығасына байлады. Қатысушыға 14 сұрақта 1929 жылы "Үздік фильм" аталымы бойынша  алғашқы Оскор жүлдесін жеңіп алған фильм қандай деген сауалы қойылды. Ғайса тәуекелден бас тартып, ойынды тоқтатты. Бірақ оның "қанаттылар" деп таңдаған жауабы негізінде дұрыс болатын. Мұнан кейінгі шығарылымда  1 250 000 ұтқан қатысушымыз да болды.
Бағдарламаға қызылордалықтардың қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Тек Қызылордалықтар емес барша қазақстандықтардың  жобаға қатысуға ынтасы зор. Мұны sms, әлеуметтік желі арқылы келген өтініштерден айқын аңғаруымызға болады. Жалпы Сыр елінен келіп, қатысқандарды да жиі байқаймыз. Әсіресе Қазалы, Жаңақорған жастарының қызығушылығы басым. Осы орайда айта кетейін, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы білімді азаматтардың миллионер атануына ықпал етіп қана қоймайды, көрерменнің ой-өрісін дамытуға ықпал етеді. Теледидар алдында отырған көрермен сұраққа жауап беру арқылы білім деңгейін тексеріп көреді, ал мектеп оқушылары мен студенттер бұрын соңды білмеген ақпаратқа қанық болады. Мақсатымыз – ойыншылардың білім деңгейін тексеріп көру ғана емес, әр көрерменнің зияткер болуына атсалысу.
– Бағдарламада сауал дайындайтыныңызды білеміз. Жалпы  бұл топта қанша қызметкер жұмыс істейді?
– Біздің бөлімде менен бөлек 7 адам қызмет атқарады. Үлкен ұжымбыз. 40-қа жуық  қызметкер бағдарламаның абыройлы және сәтті шығуына атсалысады. Барлығы өз ісінің маманы. Басым бөлігі – телеарнада тәжірибесі толысқан мамандар.
– Сауал дайындауда ғаламтордың көмегіне жүгінесіздер ме әлде кітапханадан кітап ақтарасыздар ма?
– Екеуін де қолданамыз. Дегенмен көбіне ғаламтор арқылы дайындалады. Кейде жауаптың бірнеше түрі пайда болса, онда міндетті түрде үлкен кітапханалардан ізденеміз.
  • – Қоғамның шиеленісіп тұрған сауалына ойыссақ. Қыздардың отау құратын жасы тым «өсіп» кетті. Басты себеп – карьера. Қоғамдағы бұл құбылысқа сіздің көзқарасыңыз қалай?
    Бүгінде әрбір ата-ана қыз-ұл деп бөліп-жармай оқытады, ұрпағының келешегі үшін барын салады. Осындай үкілеген үмітті ақтау қыз баланың да парызы. Әйел толық бақытты берекелі отбасының түтінін түтетіп, сәби сүйгенде сезінетіні белгілі. Бойжеткендер білім алумен қатар тұрмыс құруды естен шығармаса өмір жолында ұтылмайтыны анық. Бірақ біреуге ерте, біреуге кеш. Бәрі маңдайға жазылған тағдырға байланысты. Жоғары оқу орнында оқып, диплом алу болашаққа салынған инвестиция секілді. Парасатты, білімді, жұмысы мен отбасылық тірлікті қатар алып жүрген нәзік жандардың қашанда мерейі үстем. Қазіргі заманда оқу оқып жарытпаған не бір саланың маманы бола алмаған отанасы ұрпағына да үлгі бола алмайды. Иә, бұл «Өзің диуанасың кімге пір боласың» дегендей жағдай. Сол үшін қыз баланың бүгінгі міндеті – қоғамға пайдалы азамат, ұрпағына – өнегелі ана болу.
   – Биыл 24 жасқа толасыз. Бүгінге дейін «не бітірдім, не істедім» деген сауалға қалай жауап бересіз?
  •   Қиын әрі қызық сұрақ. Бұл сауалды әрдайым өзіме қойып жүремін. Үлкен бір шаруаны еңсеріп тастамасам да, күн сайын жақсылық жасауға, өз жұмысымды нәтижелі атқаруға тырысамын. Бүгінге дейінгі жетістіктерім осы сұрақтардың жауабы. Өмірім – алда. Әрбір сағат мен үшін бағалы. Өйткені ұлтымыздың ұландары білімді болу үшін барымды салудамын.
  • Сіз үшін бақыт деген не?
  • Бақыт деген он екі мүшем сау болып, ел мен жер қадірін арттыруға арнасам, сол арқылы өз биігімді бағындыру деп білемін.
– Сауал әзірлеуші Перизат өзіне қандай сұрақ қояр екен...
− Менің күнделікті өзіме қоятын сұрағым: өмір жолында қаншалықты адаспай келе жатырмын? Ал осы бір сұрақтан мың сұрақ туындайтыны белгілі. Кез келген ата-ана баласының жаман болғанын қаламайды. Болашақта мен де ата-анам берген тәрбие жолында ол кісілерге сөз келмейтіндей жақсы келін атансам деп армандаймын
Сұхбаттасқан
Ерасыл ШӘРІБЕК
28 ақпан 2019 ж. 618 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031