ЕТІ ТІРІ, ТІРЛІГІ ІРІ КӘСІПКЕР
Арал десе көз алдымызға көк теңіз және шөл дала елестейді. Ал халықтың негізгі тірлігін балық, мал шаруашылығымен байланыстырамыз. Бұл – заңдылық. Өңірдегі тұрғындардың бейнеті ауыр болғанмен, еңбегі адал, табысы берекелі. Сөзімізге 21 жастағы Данияр Қуатбаев дәлел.
Кейіпкеріміз бала кезден кәсіпкер болуды армандапты. Есеп-қисапқа ебі мол, еті тірі жігітке бизнесті әкесі үйреткен. «Қуатбай шаруашылығы» деп аталатын отбасылық кәсіптен Данияр ерте тәжірибе жинады, ауыл тұрғындарымен етене араласып, көптің адамына айналды. Отбасылық кәсіп балық шаруашылығына негізделген. Балықшылар теңізден балық аулап, оны «Қуатбай шаруашылығына» өткізеді. Мұнда күніне шамамен 100-500 килограмм балық қабылданады. Даниярдың басты міндеті – балық бағасын дұрыс есептеп, өнімнің өңірлерге сапалы жеткізілуін қадағалау болды. Қабылданған қап-қап балық Арал, Қазалы, Қызылорда қаласындағы сауда нүктесіне жөнелтіледі. Солай Қаратерең ауылынан әкелінген балықтан бүкіл облыс халқы да дәм татады. Данияр шабақ, торта, қарас, сазан, мөңке, шортан сынды балықтың өтімді екенін айтты. Ал көптің сұранысы сазанда екен.
Әкесінің тәрбиесін көрген Данияр жеке кәсібін ашуды біраз уақыт жоспарлаған. Сол үшін былтыр мемлекеттік несиемен 5 миллион теңге алып, түйе шаруашылығына көңіл бөледі. Бүгінде қомақты қаржыға он бас түйе сатып алып, мал күтіміне ерекше мән беріп отыр. Басты мақсаты – түйе еті мен шұбатын тұрғындарға қолжетімді ету. Алайда ойсылқара баласын бағу оңай емес. Көбіне өрісте жайылады. Ұры мен бөрі көп ен далада Данияр түйені жіті қадағалайды. Ауырғаны болса, ауылға әкеліп қорада ұстайды.
Данияр – мамандығы бойынша дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Өзі спортқа етене жақын. Тәуекелден тартынбай, тынымсыз еңбек етуін осы саламатты өмір салтынан деп түсінеді. Отбасында үлгілі ұл, адал жар, жас әкенің бизнестегі бейнесі осындай.
Гүлдана ЖҰМАДИН