Аға лейтенант Шәмшат

Құқық қорғау саласына келгеніне аз жыл болса да полиция аға лейтенанты Шәмшаттың әріптестері алдында абыройы озық. Әсіресе балалар мен ата-аналар қауымы қайсар қызға ерекше алғыс айтады. Өйткені қаладағы № 1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназияның инспекторы Шәмшат балалар өміріне алаңдаумен таң атырып, кеш батыратын. Аталған көшемен 13 қоғамдық көлік өтеді әрі жеңіл көліктің қарасы тіпті мол. Қозғалысы көп, орталық базар жанында үлкен жолда орналасқандықтан, жасөспірімдердің жолдан өтуі қауіпті екенін ескерсек, жаздың шыжыған ыстығы мен қыстың бораған суығында балалар қауіпсіздігіне мектеп инспекторының қандай жауапты екенін көбіміз біле бермейміз.
– Құқық қорғау органында қызметті сержанттан бастадым. Кейін ювеналды полицияға ауысып келуіме қоғам арасындағы жасөспірімдердің құқықтары мен бостандығына қол сұғушылықтардың көптеп орын алуы себеп болды. Көп ойландым. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сәл де болса өз үлесімді қосуды өзімнің адам ретіндегі парызым деп білдім, – дейді Шәмшат Шәкидуллақызы.
Мінезі қайсар, жүрегі жұмсақ ару бүгінде жұмысының жеңісі мен жемісін қатар көруде. Оның күнделікті жұмысы дәл осы кәмелетке толмаған жасөспірімдермен тығыз байланысты. Кейде жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түнгі рейдтерге шығады. Тәуліктің кез келген уақытында іске кірісіп, аянбай еңбек етіп келе жатқан Шәмшат Шәкидуллақызы полиция саласында белгілі бір жетістікке жетіп, елге қызмет ету үшін ер болып туылудың міндетті емес екенін айтады.
Ержан ҚОЖАСОВ