КӨСЕГЕ & КЕҢІСТІК
Әдетте үлкендерден «көсегең көгерсін» деген тілекті жиі естиміз және оны «дегеніңе жет, ойыңдағың орындалсын» мағынасында түсінеміз. Бұл ризашылық ер, әйел деп бөлінбей тегіс жұртқа да айтыла береді. Анығында көсеге біз ойлағандай дүйім елге емес, бойжеткенге арналған ескі ғұрыптан хабар беретін сөз екен, яғни абыроймен бойжету деген мағынаға саяды. Оны жазушы Хасен Әубәкір былай түсіндіріпті: «Қосаға – қыз бөлмесі (қызды он екі жастан бастап оң босағадан орын беріп, төсек орнын көлегейлеп шымылдық іледі. Міне, осыны «қосаға» деп айтады). Ал қосағаны орап, бүркемелеп тұратын пердені «көсеге» дейді. Ендеше көсеге сөзі «бойжетті ме» деген мағынада жұмсалады. Халқымыз сөйлеу мәдениетіне бай халық. Кейде сөзді тіке айтпай астарлап сөйлеу, керісін сөйлеу, тергеп (жұмбақтап) сөйлеу тәсілдері арқылы сөздерді образды әрі айшықты қолданады. Мәселен, әйел босанғанда «балаңыз ұл ма, қыз ба?» деп тіке сұрамайды. «Ат ұстар ма», «қырық жеті ме?» деп тергеп сөйлейді. Біздің айтып отырған «көсеге» сөзі де тергеме сөз. Халқымызда ежелден жалғасып келе жатқан бел құда, бесік құда, қарсы құда, т.б жоралғылары болады. Дәм татып, танысқан немесе ел аралап жолаушылаған сапарында «аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» дегендей инабатты, теңі боларлық отбасына жолыққанда, құйрық бауыр асасып құда болғысы келсе, жұмбақтап «көсегеңіз көгерді ме?» деп сұрайды.
Жазушы айтқан «көсеге» мағынасы көңілге қонымды, алайда бұл тақырып аясында сананы кідіртер тағы бір сұрақ бар. Қазір «көсегеміз қалай көгеруде?» Әдебиеттен «қара көз, қолаң шаштыны» оқыған қазақ әлемжелідегі жасанды жүз, жеңіл көзқарасты қабылдай алмайды. Сонда бұрынғы биязы бойжеткен бүгінгі «заманауи» қалыпқа қалай түсті? Қазақта әулет институты мың мектеп бере алмайтын тәрбиені ұрпақ санасына жылдар бойы сіңірді. Анамен қатар жеңге де қыз баланы ұлттың ұстыны етіп дайындауда маңызды болатын. Шын жанашырлықпен, адал тілеумен үйреткен жеңге ақылы қазіргі жүз психологтың кеңесінен кем емес еді. Ал бүгінде осы дәстүр кенжелеп ескілік сарынға айналды. Сонда бойжеткен білмегенін кімнен үйреніп, кім оған үлгі болуда? Кеңістік. Алдында өнеге болар жеңге, оның сөзіне зәру қыз болмағасын кеңістікті ғаламтор мамандары толтырды. Жаңашыл киім үлгісін, бояулы бетпердені, карьера мен сенсацияны да бойжеткенге бейтаныс, виртуалды адамдар үйретті. Қазақ қызы қашанда есті, тек ақыл кеңістігіне ана мен жеңге тәрбиесі жетіспейтіні рас. Осындайда қазақ қызының абыройлы бойжетуін көксеген «көсегең көгерсін» деген ақ тілеу көбірек айтылса дейсің...
Гүлдана ЖҰМАДИН