ӘН – РУХ

   Соңғы рет құлағыңыздың құрышы қанып ән тыңдаған сәтіңіз есіңізде ме? Қазақтың домбыра шанағынан төгілген күйі, тербелген ырғақты әуені адам жанын тебірентіп, салған әні егілдіріп, нәзік үйлесімге еліттіруші еді ғой. Бірақ ондай әуезді әннен біздің қоғам көптен бері көз жазып қалғаны бар. Жалпы әнге сүйсінгенде айтатын «құрыш» сөзі қандай мағына береді? Бірде беймәлім сөздің мағынасын жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы тарқатып берген. Үлкеннен естіген есті әңгімені оқырманға жеткізуді жөн көрдік.
Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз сары майды малдың қарынына салып сақтаған. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген мәтелдегі май өлшемінен де осыны аңғаруға болады. Жаз бойы май сіңген қарынның түбі ең дәмді, құнарлы бөлігіне айналады және қазақ соны «құрыш» деп атапты. Күміс көмей әнші дүйім жұртты аузына қаратқанда, әлгі май қарынның ең түпкі бөлігіне сіңгені тәрізді ән сиқыры жүрекке жеткенде «әй бір құлағымның құрышын қандырды-ау» деп халық риза болады екен. Расында әнді айту мен оны санаға, жүрекке жеткізу екі бөлек дүние. Әннің бағасын журналист Нұртөре Жүсіп бір сөзінде былай жеткізіпті. «Соғыс кезінде әжелеріміз, ерін күткен аналарымыз қиын тірлікке сынып кетпей, қалай қайрат көрсетті дейсіз ғой? Әннің күші арқылы. «Кестелі орамал» деп әнге сала отырып, әйелдер небір қиындықты жеңіп шыққан» дейді көсемсөз шебері. 
 Қазір рухани жаңғыру кезеңі. Кейде қоғамдық көлікте келе жатып, мынадай ой қылаң береді. Белгілі бір бағытқа бет алған қоғамдық көлікте міндетті түрде музыка ойнап тұрады. Көбіне шет елдің болмаса отандық әншілердің жеңіл әуендері. Тыңдасаң санаға салмақ салмайды. Той әуендері бір сәт көңіліңді көтергендей болып, аялдамаға жетесің. Қоғамдық көлік көпшіліктің ортасы, осы жерде үзіліссіз қазақы әуен ойнап тұрса, қандай тамаша болар еді?! Әсіресе, таңғы уақытта Құрманғазының «Сарыарқасы», «Адайы» мен «Көңіл ашары» қосылса, жұмысқа бет алған әрбір қазақтың рухы оянып, еңсесі тіктеліп, мемлекет мүддесі үшін жұмыс жасауға зор құлшыныспен кірісер ме еді?! Тіпті десе, Шымберген Сүлейменовтың сөзіне жазылған «Бәйге» әні әуелегенде ата-бабасының атқа мініп, атой салғанын көзбен  көрмеген мектеп оқушылары көңілмен түйсінер еді ау, ә?! «Бас, бас, бас қамшыңды тоқтама!» деген тұсында бәрі де жігерленіп кетер еді. Ән – рух. Сол арқылы қантамырда өлеусіреп, жүректе тұншығып жатқан ұлттық қасиетті оятуға болады.
Гүлдана ЖҰМАДИН
15 наурыз 2019 ж. 755 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031