Ұлттық киім және Наурыз

Студент кезімде бір мұғалім "кімнің үйінде қамшы ілулі тұр" деп сұраған. Жиырма адамның ішінде "мен" деп бой көтеретін бір жан табылмады. Еңсесі түскен ағай "кімнің үйінде сәукеле бар" деді. Бәрі бір сол тыныштық. Санаулы күндерден кейін 22 наурыз есік қағады. Жаңа жылда орталық алаңға шырша ілуге бөлінген қаржыны айтпаған күннің өзінде, қаланы безендіріп, наурызға дайындалып жатқан жан адамды көрмейсіз. Міне, наурыз басталғалы 15 күн. Дайындық жоқ.
Жыл сайын наурыз айында Жаңақорған ауданы бастаған мекеме қызметкерлері жаппай қазақша киім киеді. Оны эстафета ретінде өзгелерге табыстайды. Ұлттық киім қазақтың қазақылығын танытатын бірден бір символ. Бұрын әр үйдің алдында киіз үй тігілетін. Ал қазір әдейілеп іздесе де таппаймыз. Жаңадан шыққан нәрсеге құмармыз. Заманауи өмірді қаладық. Ескілікке қолды бір сілтедік. Бізге керегі осы ма еді?
Мөлдір САБЫРЖАН