Алты бауыры шетінеп кеткен әжейдің әңгімесі: Анам әкемді сыйламапты, бұл – соның жазасы
Ақпанның ауа-райы алдамшы, бір күн бетіңнен сипаса, бір күн шекеңнен шертеді, кеше жер беті майрағайда-тайрағай болып еріп осы мен көктем шықты-ау деп едік, азанда аппақ қар бұрқасындап, қылышын сүйреген қаңтардың қысы бұрық-сарық күй кешіп алғанын өріп қалың шапанды іздей бастадық. Сары машинаны борбайлап шауып жүретін мен соңғы кезде бір жақсы әдетке көштім, үйден кәдімгі жұмысқа көлікпен кеткен адамдай жолға шықтым, көршілерім алданады көлікпен кетті деп, екі шақырым жердегі Водник ықшам ауданына сары тұлпарды қаңтарып, қаптаған танауынан жел ескен, жүз елу теңгелік жеті адамдық тыртаңбайға мініп вокзалға тартам. Өзіңмен өзің алысып, қалың кептелісте жоғалтатын уақытыңды үнемдеуге, көшедегі ақша жазатын камерадан, ысқырығын шалып тұрған Маи қызметкерінен құтқарып, түнгі шала ұйқының қалғанын толықтырады екенсің, қандай керемет жанармайға құйған тиының да қалтаңда, солай Алматыда талтаңда...
Жетінші адам болып есік түбінде есік ашып-жапқыш бала сияқты зорға жайғастым, қытайлар жасаған қобдидай тар машина томпаңдап зулап келеді, отыра сала есің шығады, оларға қайысып тірескен кептеліс мүлде жоқ, жол шетіндегі тротуарларды тақымына қысып алып жүйтки береді, жүйтки береді, ол жердің ой шұңқырына дөң,алағы еш тимейді бетінде ұшады, қарсы бетке шығып құйындай зымырауда олардың кәнігі әдеті, жол еркесі осылар, қалаған жерден қосылып, қалаған жерден тұмсығын тығады, ол байқұстар жалға алған көліктерінің күінделікті жоспарын орындап, бала-шағасына азық апару үшін жанын шүберекке түйіп арлы-берлі тынбай безектейді....
Қалаға іліне бере жанымдағы толық денелі апа мың теңгесін шығарып жүргізуші орыс жігітінің қолына ұстатты, тұздай көзмен қиғаштай қараған ол:
-Где вы выходите?
-Балам-ау, ала берсеңші. Құлағы шабандау естісе керек.
- Где вы выходите?
-Балам-ау, ала берсеңші жол ақысы ғой.
-Апа ол кісі сізге қай жерден түсесіз деп отыр.
-А...е... қайда болушы еді, вокзалға барам.
-Жүргізуші алдына қарап тыныштала қалды.
-Жанында отырған мойнын бұра қарап, «Бүгін кеш батқанша қар жауады-ау деймін, балам».
-Апа, оны бір Алла біледі.
-Ана ауа-райын болжайтындар кеше тележәшікте солай деп жатқан.
-Олардыкі тек болжал ғана, қазір адамдар Алланың ісіне араласып алатын болған, нақ шынын Жаратушы біледі, олардың айтқаны кейде келеді, кейде мүлде басқа.