Бояу мен жігіт

Наурыз мерекесін тойладық. Орталық алаңда көптеген шаралар өтті. Басқарып басы-қасында жүрген қызылордалық белсенді жастар. Ән шырқалды, ойындар ойнатылды. Бір топ студентті көзім шалды. Бірі шашын бояған, енді бірі өрген. Тағы бірі жыртық шалбар киген. Тіпті опа-далап жағып алған. Одан да қызығын айтайын. Мекеме болсын, дос-жаран болсын сыйға косметика дүкеніне жолдама беру сәнге айналды ғой қазір. Жақында маған да соның бірі келді. Сөйтіп жиырма мыңға шақтап керек жарағымды алайын деп дүкенге кіргенмін. Екі жігіт тұр екен. Сатушы қыздан бетке жағатын опа-далап сұрады. Қарындасына немесе ғашығына болса керек дегенмін. Жарықтық бояуды бетіне жағып көріп тұр. Артынан ерінге жағатын опа-далаппен қоса сатып алды. Міне, осылайша көз алдымда жігіттер боянып тұр.
Былтыр "Ninety оne" тобы көп сынның астында қалды. Есесіне табынушыларды мықтап жинады. Жастардың басым көпшілігі сол стильде киінді, тіпті шаш үлгісін де өзгертті. Бақсаңыз, бала да солардың әндерін тындайды. Баланы беттен қақпай өсіру боянуға рұқсат беру деп түсінбесек болғаны.
Мөлдір САБЫРЖАН