Хакер

  «Хакер» сөзінде бір сиқыр бар. Білетіні де, білмейтіні де бұны мойындайды. Әсіресе ақпараттық технологияға маманданған жастардың көбі ақ пен қараның аражігін ажыратқандай, қандай да хакерлік шабуылдар арқылы өзін сынап көргісі келеді. «Grand master» бағдарламалау мектебінің директоры  Алмат Қуанышбайұлының  айтуынша, тіпті олардың көбі хакер болғысы келетінін жасырмайды да және соған оқытуды ашық сұрайтындар да бар екен. Нағыз кәсіби IT маманның заң шеңберінің аясында да аз ақша таппайтынын анық білетін маман ретінде ет пен терінің арасындағы желді басатын уәжімен бозөкпелердің біразының бетін бері қайтарған.
Рас, "хакер" сөзі бүгінде кім-кімге де жақсы әсер қалдырмайды. Дегенмен басында хакерлерді халық мұнша нашар қабылдамаған екен. Олар әу баста арам пиғылмен құрылмаған топ еді. "Хакер" сөзі АҚШ-тың атақты Массачусетс технологиялық университетінде 1960 жылдары пайда болды. Университетте пойыз үлгілерін ұнататын топ бар еді. Олар уақытын көңілді өткізуге тырысып, сол кездегі ғажайып техника – компьютерлерді жиі төңіректейтін. Оларға әсіресе арнайы тұлғалар ғана қолданатын IBM 704 ұнап, студенттер сол компьютерге қол жеткізу үшін түнде ғана кезектесіп пайдаланатын. "Нack" сөзі қитұрқылықты білдіргендіктен, бұл әрекеттердің қатысушыларын жұрт "хакерлер" деп атаған.
Барлық адамның бірдей ойламайтыны секілді, барлық хакерлердің ойлары арам деуге болмайды. "Қалай хакер болуға болады?" мақаласының авторы Е. Реймондтың айтуынша, "Нағыз хакер – өзіне тән ерекшелігі, білімі, қабілеті бар тұлға. Нағыз хакерлер бағдарламалар мен жүйелерді бұзбайды, керісінше, оларды ойлап тауып, жасап шығарады. Хакер кез келген бағдарламаның жілігін шағып, майын ішіп қана қоймай, өз бағдарламасына иелік етеді".
Әлемдегі ең атақты хакерлердің өмірбаянына көз салсақ, көбінің жер өртеп, даңқын асырған дақпыртына таң қалмасқа әддің жоқ.
Кевин Митник 1963 жылы Калифорния штатында дүниеге келген. 12 жасынан бастап ақпараттық қауіпсіздік пен әлеуметтік инженерияға әуес бола бастаған. Осы әуестігінің арқасында техника саласында көп нәрсеге қол жеткізе алды. Компьютер арқылы карта жүйесін шарпып алу да ол үшін қиынға соқпады. Алғашында ол сүйіктісімен бірге телефон желілерін бұзу арқылы тегін сөйлесуге ие болды. 1979 жылы телефондар желісі мен АТС те ол үшін артта қалған белес болды. Осы тәжірибесі арқылы ол компьютерлік желілерді бұзуды да тез үйреніп, алғашқы экспертизаны өз мектебінен бастаған. Өзінің шеберлігі күннен-күнге артып келе жатқан Митник бірте-бірте Nokia, Motorola, Fujisitu және Siemens сынды компанияларға қол сала бастады. Ол 1994 жылдан бастап ұялы телефондарға кезекті «шабуылын» жүргізді. Бірақ 1995 жылы тұтқынға түсіп, 80 миллион долларға шығынға батты. Кейіннен бостандыққа шыққан ол содан бері желілік қауіпсіздікке жауап беретін компанияның атқарушы директоры және хакерлер жайында шығатын кітаптардың авторы. Тіпті бұл атақты хакердің өмірі мен ақпараттық желілерге жасаған «шабуылы» жайында «Бұзу» деген кинофильм де түсірілген.
Кевин Поулсен өз уақытында «Зұлмат Данте» деген лақап атпен белгілі болған. Оның ең атақты «шабуылы» – сайыс өткізген KIIS FM радиостанциясының телефон желісін бұзуы. Сол арқылы дәл сол тікелей эфирде Порше 944 автокөлігіне ие болған. Хакер 1965 жылы дүниеге келіп, 13 жасынан бастап қаларалық телефон желілерінің қызығын көрген. Ата-анасы жұмыстан босай алмай, баласына көңіл аудармаған. Содан жас бала техникаларға әуес болу арқылы осындай әрекеттерге үйір бастаған. 16 жасында әке-шешесі алғаш компьютер сатып әперген соң сол арқылы өзгелердің желісіне қосымша қосылып, бөтен адамдардың әңгімесін тыңдайтын болған. 18 жасында UCLA желісіне заңсыз бас сұққаны үшін тұтқындалып, қайта бостандыққа шығады. Поулсен компьютерлік компанияда жұмыс жасап, қауіпсіздік жөнінде тәжірибе жинады. Түнде ол қайтадан «Зұлмат Данте» бетпердесіне еніп алып, сүйікті ісін жалғастыра берді. Сол арқылы хакер желілерден әскери қатаң құпиялы әңгімелерді тыңдады. Осы әрекетінен кейін оған кибер-қылмыскер деп іздестіру шаралары басталды. 1993 жылы ол өзінің желілерді бұзу операциясының ең сорақысын жасады. Ақыры қолына кісен салынып, айыппұл төлесе де, 4 жыл темір тордың ар жағында отырып шықты. Қазір бұрынғы хакер ақпараттық қауіпсіздікке байланысты мақалалар жариялап, журналистикамен айналысады.
Адриан Ламо «Қаңғыбас хакер» деген лақап атпен танылған. Себебі ол үнемі мекен-жайын ауыстырып отырған. 1981 жылы Бостонда дүниеге келген. Ол тіпті жас кезінен бастап өз әкесінің Commodore 64 компаниясына қол сала бастаған. 17 жасынан бастап баласын қалдырып көшіп кеткен ата-ана оны бақылаусыз қалдырды. Сол кезден ол компьютерлік техника арқылы басқа да компанияларға «шабуыл» жасауды меңгеріп алды. Ламоның шабуылынан талай рет Microsoft, NY Times, Yahoo, Bank of America компаниялары бұзылды. Бұл арқылы ол тек бұзып қана отырған жоқ, күдіктілерді тауып беріп отырды. Сондықтан FBI «көмекшіге» іздестіру жариялауға асыққан жоқ. 2003 жылы қыркүйекте кезекті «шабуылы» кезінде тұтқынға түсіп, 65 миллион айыппұл төлеп, шартты кесіммен жазаланды. 2007 жылы толық бостандық алған ол қазір журналистика саласында қызмет етіп жүр.
Владимир Левин ресейліктер арасынан шыққан алғашқы хакер болды. Ол 1967 жылы интеллигент отбасында өмірге келген. Компьютер ол үшін үнемі хобби саналған. Оны толыққанды хакер деп атауға онша келмейді, себебі ол бұзуға техниканы емес, адам күшін сарп еткен. Хакер 1994 жылы City банктің корпоративті есепшотында үлесі бар тұтынушыларға «шабуыл» жасады. 1995 жылы Лондон әуежайында тұтқынға түсіп қалады. Сонда да банк ұрланған 400 мың қаражатын қайтара алмады. 1997 жылы АҚШ соты да ел қалтасынан 4 милллионға жуық қаражат тонағаны үшін айыптады. Қылмыскер үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ іс жабулы қазан күйінде қалып қойды.
Қазір жеке адамдардан гөрі топтық хакерлік шабуылдар жайында жиі айтылады. Солардың соңғы жаңалықтарының дені Ресей хакерлеріне байланысты. Мәселен, американдық арнайы қызмет орыс хакерлерінің АҚШ-тың соңғы сайлауына, Дональд Трамптың жеңісіне қатысы бар деп күдіктенеді. CIA-дің мәлімдеуінше, Ресей хакерлерінің немесе Fancy Bears хакерлер тобының АҚШ демократиялық партиясының бұзылған жүйесіне қатысы бар көрінеді. Олар Хилари Клинтон мен сайлау штабының басшысы Джон Подестаның өзара хат алмасуын уәж ретінде ұсынып отыр. Ресейдің бас прокуроры Юрий Чайканың мәлімдегеніндей, елдегі кибершабуыл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.
                                                                                              Ж.САҒИДА
05 сәуір 2019 ж. 1 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031