» » «АЛТЫН ТАҚТЫ» КӨРДІҢ БЕ?

«АЛТЫН ТАҚТЫ» КӨРДІҢ БЕ?


Қазақ халқының бүтін бір тарихын тірілтіп, ұрпағымен қайта қауыштырған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын білмейтін қазақ кемде-кем. Осыдан екі жыл бұрын тарихи кітаптың негізі бойынша «Алмас қылыш» картинасы түсіріліп, қалың көрерменге жол тартқан болатын. Сол кезеңде ел XV ғасырдағы елеулі оқиғаларды еске түсіріп, Керей мен Жәнібек сұлтанның текті тұлғасын, Асан қайғы мен Қазтуғанның сұңғыла сөзін, Қобыландының батыр бейнесін көріп көрермен дәуір жүгін сезінген-ді. Ал биыл Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev Production» ЖШС-нің қатысуымен «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи драмасын жарыққа шығарды.

Іргелі ел, жоралы жұрттың ұрпағына көрсетер өнегесі де осал болмауы тиіс. Әсіресе, идеологияны қалыптастыратын кинотуындының талғамы терең, талабы жоғары болуын қалайтын көрермен үшін бұл тақырыптың маңызы ерекше. XV ғасырдың орта шеніндегі оқиғаларды, соңынан соқпақ салған сұлтандардың Сығанақты қайтарып алудағы жойқын жорығын бейнелеген «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің сценарийін Смағұл Елубай, Тимур Жақсылық, Рүстем Әбдірашов жазған. Содан болар тарихи драманың бояуы қанық. Негізі «Көшпенділер» трилогиясының екінші бөлімі «Алтын тұғыр» деп аталады, алайда режиссер Рүстем Әбдірашов жалпы халыққа ұғынықты болуы үшін фильмді «Алтын тақ» деп атапты. Өткен аптада туған жеріне арнайы келген режиссер киноның Сыр еліндегі көрермені әлі де аз екенін айтты.
− Балалық шағымыз Арал, Қазалы маңында өткендіктен Сыр өңірі мен үшін жат емес. Негізі қаладағы кинотеатрда «Қазақ хандығы. Алтын тақ» туындысының көрсетілу мерзімі аяқталыпты. Алайда көпшілік бұл кинокартинаның болғанынан бейхабар. Жергілікті халықтың сұранысын ескеріп, кинотеатр бастығы Бауыржан Шөкеновпен прокатты бір-екі аптаға ұзартуға келістік. Кинотуынды негізінен +16 жастан бастап көрсетіледі, себебі Қасым сұлтанның жоңғар қолбасшысы Зеңгінің басын шапқаны шынайы берілетін бір кадр бар. Тарихи кино болғандықтан мұндай сәтті жасырып көрсетудің қажеті жоқ деп ойладық әрі бұл туралы батырлар жырында да айтылады. Біздің фильм түсірудегі еңбегіміз көрермен пікірімен бағаланады, сондықтан туындыны түсіне білетін зиялы, ақылды көрермен көбеюін тілеймін, − деді Рүстем Әбдірашов.
Екінші маусымдағы негізі оқиға Керей мен Жәнібектің Сығанақ қаласын қайтарып алу тарихы жайында екенін айттық, одан бөлек кинода жорық кезінде Керей ханның қайтыс болып, Жәнібекті хан көтеру кезеңі де суреттеледі. Сонымен қатар Қасым мен Бұрындық сұлтанның мемлекет іргесін нығайтудағы жан-жақты істері, Әбілхайыр ханның бейнесі де кинотуындыда шынайы берілген. Бүгінде екі қазақ қалаған хандықтың халқы он сегіз мың миллионға жетті. Алайда тарихқа терең бойлап, ұлттық рухты түсінетін буын әлі де аз. Сыр жұртшылығына режиссердің айтқысы келген сауыны да осы болатын.
Гүлдана ЖҰМАДИН
17 сәуір 2019 ж. 860 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930