Банконгта бақ сынаймыз
19-27 сәуір аралығында Таиландтың астанасы Бангкокта ересектер арасындағы Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Мықтылар жиналатын сары құрлықтың басты додасында Қазақстанның ұлттық құрамасы табысты өнер көрсетеді деген ойдамыз. Себебі бұл жарыс биылғы қыркүйек айында Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін әлемдік додаға даярлық ретінде қарастырылады.
Бонгкоктен бұрын Азия чемпионаты 2017 жылы Өзбекстанның бас шаһарында ұйымдастырылды. Ол жарыстың қалай өткенін жанкүйер қауым жақсы біледі. 10 салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынған бас жүлденің тоғызы сол елде қалды. Қазақстанның боксшылар арасынан тек Василий Левит (91 кило) қана жеңімпаз атанды. Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Ерік Әлжанов (81 кило) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) күміс алса, Азамат Исақұлов (52 кило), Қайрат Ералиев (56 кило), Бекдәулет Ибрагимов (64 кило) және Әбілхан Аманқұл (75 кило) қоланы қанағат тұтты.
Соңғы жылдары негізгі бәсекелестік Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасында өрбуде. Азияның қос алпауыты осылар екенін өзгелер әлдеқашан мойындаған. Десек те басқа командалардың да дәмечі зор. Сондықтан санаулы күндерден кейін Бангкокта жалауы желбірейтін жарыста «жан алысып, жан беріскен» айқастардың куәсі болатынымыз анық. Ал біздің алға қойған мақсатымыз біреу ғана – Азияның алды болу. Осыдан бірер ай бұрын ғана ұлттық командамыздың бас бапкері болып тағайындалған Ғалымбек Кенжебаев үшін бұл алғашқы үлкен сынақ.
Айбек Жақсылық