» » САРДОБАНЫҢ СЫРЫ КӨП

САРДОБАНЫҢ СЫРЫ КӨП

Жаңақорған ауданында көненің көзі – тарихи орындар аз емес. Солардың бірі – Өзгент қаласы. Біздің жолымыз түсіп, сол ескі қалаға бардық. Төбе болып жатса да түбі тарих екені көрініп тұр, қиян-кескі ұрыс болғанын, адам есепсіз қырылғаны беп-белгілі. Осындағы бір мәселе бізді қатты толғандырды, ол тақырып туралы ешкім қаузамағаны таңдандырды.
Жергілікті тұрғындар жиі айтатын «Сардоба» сөзі сирек қолданыста жүрген,  көпшілікке бейтаныс ұғым. Интернет көмегіне жүгінсек, парсы тілінде «сардоба» термині «салқын су»мағынасында айтылады. Ал, мұнда мүрде сақтауға бағытталған. Араб саяхатшысы Әл-Истрахи  Мауеренаһрдың ең соңғы қаласы деген Өзгентте сол сардоба әлі бар. Одан адамның бірнеше бас сүйегін байқадық. Бұлар кімдер және неге олай жерленді? Ендігі ой осы.
Көне әдебиеттерде «Өзгент түріктердің қақпасы болып табылады. Бұл «Жеті қоныс» деген дерек секілді. Жалпы қала тарихы Х ғасырдан әріден басталады. ХІ ғасырда Қарахан мемлекеті Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның көп бөлігін алып жатқанда 1220 жылдың көктемінде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бастаған монғол әскері тікелей шабуыл жасады. Қаланың бір қирауы осылай. Ал, Ақ Орда хандарының бірі Ерзеннің Сығанақ сәулетін арттырып, Отырар, Сауран, Өзгент және басқа қалаларда мешіт, медресе салдырып, маңызды әкімшілік орталық жасағаны белгілі.
1428 жылы Әбілқайыр хан таққа отырған соң жер иелігін кеңейте бастайды. 1446 жылы ол Ақ Орданың қарамағындағы Сығанақ, Созақ, Аққорған қалаларымен қоса Өзгент қаласын да басып алады. Өзгентке билеуші етіп маңғыт Уақас биді қояды. Қалада керуен сарай, мешіт-медресе, басқа да мәдени ошақтар салынады.
Әбілқайыр хан 1468 жылы қайтыс болғаннан кейін Сырдың ортаңғы ағысындағы қалалар үшін оның ұрпақтары мен жаңадан қалыптаса бастаған Қазақ хандығы арасында кескілескен ұрыстар жүрді. Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібектің балалары Бұрындық ханмен, Қасым сұлтандармен болған ұрыста, Сығанақ, Сауран секілді басты қалаларынан айырылды. Дегенмен Өзгент, Отырар, Ясы (Түркістан) қалаларына билігін сақтап қалды. Өзгент қаласы Қасым ханның тұсында ғана Қазақ хандығының құрамына енді. ХVІІ ғасырдың аяғында ХVІІІ ғасырдың бас кезінде қала жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырап, тарих сахнасынан біржолата жойылды. Осылай Ішкі және Қыр Өзгент деген екі бекініс қирады. Қазір ауқымды төбеге айналды, топырақпен құмыра сынықтары араласып жатыр.
 Біз үшін  қазір сардоба құндылау, әрі құпия болып тұр. Расында сардобаның ішкі әлемін көріп-білген ешкім жоқ. Сөйтіп жүргенде ел ішінен бір әңгіме естідік. Ілгеріде Өзгентте Шәмші молда мен Жамур ишан өмір сүрді. Олардың әулиелік қасиеті бұл төңіректе айрықша аталады. Тіпті ірі діндар ретінде «халық жауы» болып үштіктің үкімімен 1932 жылдары атылған көрінеді. Солардың артында қалған бір ізі Салиядин қатты науқастанып, оны «оқу өтіп кетті», «жын ұрды» деген көзқараспен сардобаға түнетпек болады. Сардобаның аузынан кірген бойда ол: «Мұнда кілең кәпір жатыр, мені алып шығыңдар» деп жан дәрменімен сыртқа шыққан көрінеді. Осындай жағдайлар мұнда жатқандар мұсылман еместігін білдірсе керек.
Жалпы, ірі шайқас салдарынан  екі жақтан да шығын болады. Бірақ мұсылман баласы өз бауырын, жақын-жуығын ашық-шашық қалдырмайды. Жекелеп жерлеуге тырысады. Ал, бір шұңқырға жинаудың да астарында обал-сауап бар деп білген жөн. «Жау болса да өлікті ит-құс тартып кетпесін, не болса да адам ғой» деген пікірге саяды. Сонымен сардобада кім жатыр деген сауалға тоқталсақ, біздіңше, мұнда жерленген жоңғарлар деп ойладық. Өйткені Өзгенттің соңғы шайқасы жоңғармен өтті. Сол сардобадан тіпті 14-15 жасар баланың да бас сүйегін байқадық. Демек, қолына қару ұстай алатын еркек кіндік түгел соғысқа қатысқан.
Шымшықты сойса да қасапшы сойсын дегендей  төбешік туралы археолог мамандардан сұрауды жөн санадық. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология, этнология  және музеология кафедрасының профессоры Мадияр Елеуов Сардоба жайлы естімегенін айтты. Десе де аздаған болжамын жасады. 
– 2004 жылдың күзінен 2005 жылдың көтеміне дейін Жаңақорған ауданында болып, 300 ден астам ескерткіш ашқанмын. Өзгенттің маңайында да болдым. Бірақ Сардобаны көргенім жоқ.  Зерттеп, көрген жерім болуы мүмкін. Мұны көзбен көрмегесін толық айта алмаймын. Негізінде Өзгентті жоңғар шапқыншылығымен байланыстыруға келіңкіремейді. Халықтың айтқаны көбіне шындыққа жанаса бермейді. Бұл  Ерте Темір, Орта ғасырдың заманынымен сәйкес келуі мүмкін.   
Ж.ЖАНТАЙ
25 сәуір 2019 ж. 719 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031