ОРДА», «НҰРЛЫ ЖЕР», «ӨЗ ҮЙІМ» : ТАҢДАУ ТҰРҒЫНДА
Баспаналы болу – екінің біріне оңайлықпен бұйыра бермейтін бақыт. Қазіргі таңда үш бөлмелі пәтердің иесі болу үшін талай тұрғын кезекте тұр, енді бірі қалтаға қонымдысын іздеп әлек. Мемлекет халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін «Орда», «Нұрлы жер», «7-20-25», «Өз үйім» бағдарламасын қолға алды, оған қоса биыл сол жағалаудағы үйлер де ел игілігіне берілмек. Осы орайда баспанаға байланысты жиі қойылатын оқырмандар сауалына Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ілияс Жұрынов жауап берді.
Тұрғын үй алу үшін «Орда», «Нұрлы жер», «7-20-25» , «Баспана хит» бағдарламасы бар екенінен хабардармын. Күнкөрісі орташа, қарапайым халық үшін ең тиімдісі қайсы? Бағдарламалардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?
Азат
− «7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге аспайды, яғни бізге қарамайды. Бұл бағдарламалар басқа банк арқылы жұмыс істейді.
«Орда» − өңірлік бағдарлама, оған тек қала тұрғындары ғана қатыса алады. Бұл − облыс әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің біріккен жобасы. «Орда» бағдарламасының негізгі талабы бойынша үй бірден тұрғынның атына аударылмайды, жоспар бойынша алдымен 8 жылға жалға беріледі. Тұрғын ең бірінші қала әкімдігімен үйді жалға алу жөнінде келісімшарт жасайды, ал ай сайынғы жалға төленетін қаржыны біздің банктегі шотына салып отырады. Мәселен, сіз «Орда» бағдарламасы арқылы пәтер алдыңыз делік, бірақ ол әзірге сіздің жекеменшігіңіз болып есептелмейді. Сіз біздің банктегі депозитіңізге қаржы толтырасыз, жыл сайын банк міндетті түрде өз тарапынан және мемлекет атынан сыйақы қосып, төлемді жинақтауға көмектеседі. Шамамен үш бөлмелі пәтер 8 000 000 теңге. Ай сайынғы төлем 40 мың теңге деп есептесек, 8 жылда пәтердің жарты құнын жинай аласыз. Осы 4 000 000 теңге жиналған уақытта біз әкімдікке «баспананың жарты құны төленгенін, ары қарай тұрғынның банктен қарыз алу арқылы төлемді жалғастыратыны» жөнінде хат жолдаймыз. Сіз төлемнің 50%-ын жинағандықтан банк сізге ең аз көлемдегі пайызбен (3.8%) несие береді. Осылай пәтердің жарты құнын өзіңіз, қалғанын банк арқылы төледіңіз, бұл төлем әкімдік тарапына аударылады, сіз одан үйді сатып аласыз. Ары қарай 4 000 000 қарызыңызды банкке төлеп отырасыз, сол кезде ғана жалға беру келісімшарты жойылады, үй сіздің атыңызға ауысады. Банкке қарызды шамамен 11 жылда төлеп бітіресіз, сонда 19 жыл ішінде толық өз атыңыздағы пәтерге ие боласыз. Егер тұрғынның жағдайы сәйкес келсе, баспананың жарты құнын алдын ала төлеуіне болады. Бұл бағдарламаның тиімділігі сіз пәтерді қазір ала аласыз, банкке кредиттік пайыз төлемейсіз, ай сайын қаржыны тек депозитке жинайсыз. Мысалы, сіз жалдамалы пәтерде тұрсаңыз, үй иесіне ай сайын ақы төлейсіз ғой, ал «Орда» бағдарламасына берілген қаржы өз депозитіңізге, болашақтағы жекеменшік үйіңізге жұмсалады. Бағдарламада кепілдік жарна қарастырылған. Ай сайын төленетін қаржы 40 мың теңге болса, оның 500 мың теңге көлеміндегі 12 айлық кепілдік жарнасы төленеді.
Биылғы ақпан айында «Орда» бағдарламасы арқылы баспаналы болғысы келетіндер үшін байқау өткізілді. Сол кезде пәтер иелері анықталып, баспана қай салымшыға берілетіні белгілі болды. Енді олар әкімдікпен бірге жалға беру келісімшартын жасайды. Айта кетейік, бағдарлама 2018 жылдан бастап 3 жылға бекітілген, жыл сайын бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, 250 пәтер салынады деп жоспарланған.
Ал «Нұрлы жер» бағдарламасының алғашқы жарнасы − 20%, үстемақысы − 5%. Бұл Қазақстан бойынша ең арзан үстемақы болып есептеледі, бағдарламаның басты тиімділігі де осы. Бірақ оның да белгілі бір талаптары бар, егер сіз Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласынан үй алғыңыз келсе, сол жерде кемінде екі жыл бойы тіркеуде болуыңыз қажет. Ал басқа қалалар үшін бұл маңызды емес. Бағдарламаға қатысатын тұрғынның атында үй болмау қажет және 20% бастапқы жарнасы төленуі шарт. Мысалы, баспана бағасы 10 000 000 теңге болса, соның 2 000 000 теңгесі бастапқы жарна ретінде тұрғынның жеке шотында болу керек. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасымен сол жағалаудағы 240 пәтер, яғни 4 нысан қолданысқа беріледі.
Депозиттегі қаржыға қосылатын мемлекеттік сыйақы барлық адамға бірдей беріледі ме? Ол қанша көлемде болуы мүмкін? Банк тарапынан берілетін сыйақы жөнінде де кеңінен түсіндіріп беріңізші.
Айкөркем
− Әрине, сыйақы барлық тұрғын үй салымшыларына беріледі. Мысалы, сіз осы жылы өз депозитіңізге 200 АЕК-ден аспайтын мөлшерде, яғни 505 мың теңге жинасаңыз, оған мемлекет 20% сыйақы қосып береді. 20% деп отырғанымыз – 101 мың теңге. Сонда сіздің бір жылдағы төлеміңіз 606 мың теңгені құрайды, оған қоса банк тарапынан 2% (10 мың теңге) сыйақы беріледі. Осылай депозиттегі қаржы 22%-ға толығады. Егер сіз келесі жылы депозитіңізді ары қарай толтырмасаңыз, банк тарапынан ғана сыйақы қосылады. Ал жыл сайын депозиттегі шотыңызға 500 мың теңге жинақтасаңыз, онда мемлекет тарапынан 20% төлем тағы да беріледі. Осылай 3 жыл бойы өз депозитін толтырған азаматтар ғана мемлекеттік сыйақыға ие болып қалады. Егер сіз бүгін депозит ашып, ертеңгі күні мемлекеттік сыйақыны алған соң қаржыны 3 жылға толмай қайта алатын болсаңыз, мемлекеттік сыйақы шегеріледі. Осыны қаперде ұстаған жөн.
«Нұрлы жер» бағдарламасымен баспананы бірінші кезекте кімдер алады?
Дәулет
− Егер пәтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы берілсе, онда алдымен салымшылар арасында байқау ұйымдастырылады. Банк депозитінің өзіндік бағалау көрсеткіші бар. Сіз депозит ашып, ай сайын бағалау көрсеткішіңізді көбейтетін болсаңыз, онда үй алу мүмкіндігіңіз де артады. Мысалы, мен «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үй алуға болатынын бүгін естіп, банктен дереу депозит ашып, қаржы салсам, баспана алу мүмкіндігім сізге қарағанда аз болады. Іріктеу процесі баллға байланысты осылай реттеледі. Одан кейін тұрғынның төлем қабілеттілігі, несиелік тарихы тексеріледі.
Тұрғын үй бағдарламасына қай жастан бастап қатысуға болады?
Айлин
− Негізі банк 18-65 жас аралығында несие береді, сондықтан үй алуға өтініш білдіруші осы жасқа толуы тиіс. Жалпы несиені төлеп бітіру мерзімі азаматтардың 70 жасына дейін аяқталуы қажет. Мысалы, зейнеткерлікке шыққан 60 жастағы әйел адам банктен несие алатын болса, оны тек 9 жылға дейін ғана бере аламыз.
Биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көптеген қолдау көрсетілуде. Осы орайда көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін тұрғын үй алуда жеңілдіктер қарастырыла ма?
Данагүл
− Қазіргі таңда көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін, сондай-ақ мүгедек баласы бар ата-аналарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасының жобасы дайындалуда. Бағдарламаның негізгі талаптары «Орда» бағдарламасына ұқсас. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна 20% болса, осы санаттағы тұрғындар үшін 10% шамасында деп көрсетілген. Бағдарлама әлі бекітілмегендіктен, әзірге нақты ақпарат бере алмаймыз. Бізге бағдарлама шарты мен талаптары мамыр айында беріледі, сол кезде барлық тұрғынды хабардар етеміз.
Соңғы кезде «Өз үйім» бағдарламасы жайлы жиі естіп жүрміз. Бағдарламаның басты ерекшелігі неде?
Айбар
− «Өз үйім» − Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке бағдарламасы. Оның да бастапқы жарнасы 20%, бірақ атыңызда жеке меншік үйіңіздің бар жоғы, қалада тіркеуде болуыңыз, жергілікті атқарушы органның тұрғын үй кезегінде тұруыңыз маңызды емес. Бағдарламаның басты тиімділігі де осы, тұрғын үшін көп талап қойылмайды.
Тұрғын үй жинақ банкінде қандай онлайн-қызмет түрі көрсетіледі?
Жайна
− Банктің «ЖССБ 24» деп аталатын жеке кабинеті бар, сол арқылы ұялы телефонмен тұрғын үй жайлы кез келген ақпаратты алуға болады. Мысалы, біздің әр салымшымыз «ЖССБ 24»-ке тіркеліп, өзінің жеке шотын, бағалау көрсеткішін тексеріп, арнайы анықтамаларды ала алады. Оған қоса автоматты төлем де қарастырылған. Мысалы, мен ай сайын депозитіме ақша аударуым керек делік. Бірақ түрлі себептермен ұмытып кетемін немесе қаржыны жеткізе алмаймын. Осы орайда «ЖССБ 24»-тің автоматты төлем функциясын таңдап, әр айдың нақты бір күнінде төлем картамнан қаржы алынып тұрсын деп белгілеуіме болады. Менің айлығым әр айдың 4 күні жеке картама түссе, 5 күні автоматты түрде белгілі бір мөлшермен банкке аударылады. Бұл – еш себепсіз қаржы жинақтауға көмектесетін тиімді тәсіл. Жалпы «ЖССБ 24» қызметі уақытты ұтымды пайдалануға жәрдемдеседі.
Тұрғындардың көбі сол жағалаудан берілетін жаңа үйді алғысы келеді, алайда ол жақтағы үй көлемі шағын екенін жиі естимін. Пәтер аумағының тар болуына не себеп? Жалпы сол жағалаудағы үйлер қай уақытта беріледі және ол жақтағы баспанада барлық жағдай жасалған ба?
Арман
− Тапсырыс беруші әкімдік болғандықтан негізгі талаптар сол тараптан қойылады. Тұрғын үйдің көлемі неғұрлым ауқымды болған сайын, бағасы да жоғарылай береді. Сол жағалауда бой көтерген үйлердің көпшілігі «Орда» бағдарламасы арқылы берілетіндіктен, бағасы халыққа қолжетімді болу керек деп жоспарланған. Қазір пәтердің шаршы метрі 120 мың теңге. Қарапайым халық жалдамалы үйде тұрып, үй иесіне 40-50 мың теңге бергеннен гөрі шағын болса да бағасы қалтаға қонымды баспана болғанын дұрыс көреді. Егер баспана көлемі үлкен болса, салымшы ай сайын 60-70 мың теңге қаржы төлеу қажет, бірақ бұл тиімсіз. Бастысы, таңдау халықтың өз еркінде екенін ұмытпау керек.
Сол жағалаудағы үйлердің көп бөлігінде жағдай жасалған. Тек кейбір пәтерлерде құрылыс жұмыстары әлі де жүргізілуде. Себебі қыс мезгілінде құрылыс біршама уақытқа тоқтатылды. Әкімдіктен алынған соңғы ақпарат бойынша сол жағалаудағы үйлер мамыр айында беріледі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 450-ге жуық адам баспаналы болады, соның ішінде «Орда» бағдарламасы арқылы – 246 пәтер, «Өз үйім» арқылы – 200 пәтердің кілті тапсырылатын болады.
Гүлдана ЖҰМАДИН