ОЛИМП-2020: БАЛАНДИН ТОКИОДА БАҚ СЫНАЙДЫ
Жүзуден Дмитрий Баландин Халықаралық су спорты турлері федерациясының (FINA) Champions Swim Series турниріне қатысты. Әлемдік жарыстың бірінші кезеңі Гуанчжоуда өтті. Екі финалдық сайысқа қатысқан Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин қола медаль жеңіп алып, 2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алды.
Брасс әдісімен 200 метрге жүзу сайысында берілген қашықтықты 2:09.37 уақытымен жүзіп өткен Баландин төртінші нәтижені көрсетті. Осылайша қазақстандық спортшы осы жетістігінің арқасында Токиодағы Олимпиада ойындарында бақ сынайды. Осы қашықтықта 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері ресейлік Антон Чупков 2:07.48 уақытымен жеңімпаз атанды. Екінші орында қытайлық Цин Хайянь. Оның уақыты – 2:08.31. Жапониялық Иппэй Ватанабэ 2:09.33 көрсеткішімен үшінші орын алды.
Дмитрий Баландин сондай-ақ 4х100 метр аралас эстафетасына қатысты. Бұл сайыста ол қола жүлдегер атанды.
«Swim Series турнирінің алғашқы кезеңінен үлкен әсер алдым. Шоу өте жоғары деңгейде екенін көрініп тұр. Спортшыларға да, жанкүйерлерге де өте қызықты. Осы жарыс арқылы Олимпиада ойындарына дайындалып жатырмын. Турнирге қатысып жатқан әлемнің үздік спортшыларымен жарысу мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. 200 метрге брасс әдісімен жүзу және эстафета сайысына қатыстым. Эстафетаға қатысатын командалар жеребе арқылы жасақталды. Менімен бірге ресейлік спортшы және Австралия мен Ұлыбританияның жүзушілері болды. Жеңіске жетуге де болушы еді, сәл ғана қарсыластарға есе жіберіп қойдық»,– деді Баландин.