» » ОРАЗАНЫҢ ӘРБІР СӘТІ ҚЫМБАТ

ОРАЗАНЫҢ ӘРБІР СӘТІ ҚЫМБАТ

  Жеңіс САДЫҚОВ, Құддыс ишан мешітіның бас имамы



  • Әне-міне дегенше, қасиетті Рамазан айы да басталады. Осы айда
оразаны кімдер ұстауы керек? Кімдерге парыз етілген? Балиғат жасына толмаған жас балалардың ұстағаны дұрыс па?
  • Исі мұсылман сарыла күтіп, сағына қарсы алатын айлардың сұлтаны
болған Рамазан айында ниет қылып, ораза ұстау – әр мұсылманға парыз. Ол  – исламдағы бес парыздың бірі. Аллаһ тағаланың парыз етілген амалдарын орындау үшін балиғат жасына жету шарт. Яғни балиғат жасы қыз балаға – 9 жастан, ұл балларға  12 жастан басталады. Балиғат жасына жетпеген балаға бұл парыз емес. Ал егер әке-шешесіне еріп, ораза  ұстайтын болса, нәпіл болып қабылданады. Алайда тыйым салынбайды.  Сондықтан біз үшін, мұсылман баласы үшін оразаның әрбір сәті қымбат.
  • Алғаш рет ораза ұстағандар нені білуі тиіс?
  • Жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдардың сауабы еселеніп
жазылатын қасиетті айда  алғаш рет ораза ұстағандар таң шапағынан бастап, күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылатынын білуі керек. Тек ішіп-жеуден емес, бұл айда жаман істер мен жаман ойлардан да тыйылады. Керісінше, жақсылық жасап, сауапқа кенелуге асығу керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…»– деген.
  • Оразаны басында, ортасында және соңында үш күн ұстауға бола
ма?
  • Рамазанға  дейін Ережеп және Шағбан айлары бар. Бұл туралы
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар «Ережеп  –  Алланың айы, Шағбан  – менің айым, Рамазан  – менің үмметімнің айы». Исламда осы үш ай қасиетті саналады. Ережеп және Шағбан айларында басында, ортасында, соңында үш күннен ораза ұстаса болады. Ал Рамазан айында аяқ астынан науқастанып немесе сапарға шығып қалмаса, оны бөліп-жармауға болмайды. Толық ұстау парыз етілген. «Бақара» сүресінің  185-аятында «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толық ұстасын» делінген. 
  • Денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтындар не істейді?
  • Науқас жандар немесе денсаулығына байланысты ораза  тұта
алмайтындар  фидия садақасын берсе болады. Яғни бір міскінді күнделікті тамақтандырып немесе тамақтана алатындай ақшасын беріп отыруы керек. Егер фидия төлеуге жамасы жетпесе, Алла әрдайым кешірімді. Пендесіне күші жетпейтін нәрсені міндеттемейді.
  • Ұйықтап қалып немесе тұруға ерініп, сәресін өткізіп алғандар не
істейді?
  • Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Сәресін ішіңдер,
себебі сәресінде берке бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресін тастамаңдар» дейді.  Адам баласы берекенің, ырыздықтың, байлықтың қайдан келетінін білмейді? Бәлкім, береке алдымыздағы бір жұтым  суда болар. Егер пайғамбарымыздан  (с.ғ.с.)  жеткен сақих хадисте «сәресінде береке бар» делінсе, демек  міндетті түрде сәресінде береке бар деген сөз. Сондықтан сумен болсын, құрмамен болсын сәресін ішіп, ауыз бекіткен жөн.  Ал ұйықтап қалған жағдайда ары қарай оразасын жалғастыра береді.
  • Рамазан айында ауыз бекіткенмен, кейіннен шыдамай ауызын
 ашып жіберетіндер бар. Олар қайтеді?
  • Егер денсаулығына байланысты оразаны тоқтатар болса, ол кешірімді.
Ол күндері қарыз етіліп, кейіннен өтеуіне болады. Ал егер нақақтан-нақ еш себепсіз, азғантай қиындыққа шөлге, ыстыққа, тамаққа  шыдамай аузын ашып жіберсе, онда оразаның бір күніне 60 күн ораза тұтуға міндеттеледі. Алла тағала жаратқан пендесіне бір нәрсені парыз етсе, оның жеңілдіктерін де қоса берген. Мысалы, намаз. Адам науқастанса, оны отырып оқуға рұқсат. Сапарға шықса, қысқартып оқуына (қасыр намазы) болады.  Сол сияқты қасиетті Рамазан айындағы оразаның да өз жеңілдіктері бар. Адам жолаушылап сапарға шықса, аузын ашуға, сол сияқты науқастанып қалса, емделуге  рұқсат. Оның қарыз күндерін кейін  өтейтіндей жеңілдіктер жасаған. Алайда  ыстыққа, шөлге шыдамай, Алланың үкіміне қарсы келіп, әркім қаласа ұстап, қаламаса ұстамайтын болса, онда оразаның қандай қадір-қасиеті қалады?! Араб елдерін алайықшы, жаз айларында үнемі 50-60 градус аптаған ыстық. Күндіз де, түнде де солай. Соған қарамастан, ешбір уәж айтпастан, ол жақтағы мұсылмандар қиналмастан бәрі ораза ұстайды.  Ал шілде айында болмаса, бізде ондай ыстықтар бола қоймайды. Кешіміз салқын, қоңыржай. Өзге айларда тіпті жеңіл. Кез келген адам шын ықыласымен ниет етіп, ораза ұстап, оның сауабын тек қана Алладан сұрайтын болса, оның жасаған күнәләрі кешіріліп, анадан жаңа туған сәбидей тап-таза болады.
  • Оразаның қарыз күндерін қай уақытта өтеген дұрыс?
  • Алла тағала қарыз күндердің уақытын шектемейді. Алайда  оразаның
қазасын тездетіп, келесі Рамазан айына дейін өтеп тастаған абзал. Абзалы, айттан кейін өтесе, тіпті жақсы. Тек ораза айт кезінде  ұстамайды. Сондай-ақ, жұма күнінен бастап, ұстамайды. Егер 1 күн қарызы болса, оны жұма күні өтеуге  болмайды.  Ал 5 күн болса, дүйсенбіден бастап, сенбіге дейін ниет қылып, өтей алады.
  • Осы рамазан айындағы қасиетті Қадір түнін ұйықтамай, таң
атқанша күзету шарт па?
  •  Қадір түні мың айдан қадірлі. Хадисте айлардың қайырлысы –
Рамазан, түндердің қайырлысы – Қадір түні, күндердің қайырлысы – Жұма күні екені айтылған. Құранда бұл түннің артықшылығын түсіндіретін арнайы сүре де бар. Ол сүреде Жаратушы иеміз былай дейді: «Анығында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады» («Қадір» сүресі). Осыны біліп, түсінген адам Қадір түнін ыждағаттылықпен күтеді. Құлшылық жасап, дұға-тілектерінің 1000 есеге артатынын сезінсе, ол пенденің де тілектері қабыл болады, иншалла. Алайда Қадір түні Қызыр ата келеді екен деп, дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қоюдың қажеті жоқ. Сол секілді ұйықтамау шарт екен деп, құлшылық қылмай әңгіме айтып, теледидар көріп, өзін қинап отыруға да болмайды. Бұл қадірлі түн. Мұндағы мақсат – ұйықтамай таңды атыру емес, құлшылықпен өткізіп, дұға-тілектер айтып, бар жүрегіңмен, ниет ету.
  • Биылғы пітір садақаның құны қанша?
  • Рамазан – жомарттық үшін ең жақсы уақыт. ҚМДБ-ның белгілеуімен,
биылғы пітір садақа құны жан басына шаққанда – 300 теңге. Пітір садақасы қарыздан азат,  ақыл-есі дұрыс барша мұсылманға міндеттеледі. Ол жүкті әйелдің ішіндегі сәбиі үшін де беріледі.
Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Роза ҚАЛДЫБАЕВА
11 мамыр 2019 ж. 767 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031