ТАБЫСТЫ ТІГІНШІ
Амансио Ортега есімі әлемде жер жарады. Испан тігіншісі әлемдегі алпауыт бизнесмендердің қатарында. 14 жасынан бастап қолына ине мен жіп алған белгілі кәсіпкер бүгінде Forbes-тың тізіміне еніп, қаржысы көп бизнесменнің бірі. Амансионы қозғауымыздың себебі бар. Жалпы қазақы санада ер адамды тігінші етіп елестету ерсі көрінеді. Дегенмен бұл істе де үлкен қайыр бар. Бұл сөзімізге жаңақорғандық Елдос Кеншімбаев дәйек болады. Жас кәсіпкер тігін машинасы арқылы орындықтар мен дивандарды қаптау, қалпына келтіру, панельді терімен тарту, 3D кілемше, полик және басқа да қызмет түрін тұтынушыларға ұсынуда. Елдостың берекелі кәсібіне сұраныс күн санап артуда.
Елдостың айтуынша, кәсібі былай басталыпты. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы облыс орталығында «Авто-ателье» деп аталатын инновациялық жобаны қорғап шығады. Нәтижесінде жобасы қолдау тауып, 800 000 теңге грантты жеңіп алған.
– Ұтып алған грантқа Алматы қаласынан екі қалың материалға арналған тігін станогын және сығымдағыш (компрессор – түрлі түсті бояу шашатын және кілей төгетін құрал) алдық. Жұмысты бастағанымызға екі айдан асты, тапсырыс берушілер көбейіп келеді, – деді жас кәсіпкер.
Нұрсұлтан есімді жігітті тұрақты жұмыспен қамтып отырған ол келешекте тағы да қосымша қызметкер санын арттыратынын айта кетті. Жылы ескі көлік болсын, жаңасы болсын орындықтарын қайта қаптап беру үшін күні-түні жұмыс жасайтын қос азаматтың бос уақыты жоқ. Себебі тұтынушы талабы уақыт күттірмейді.
Елдостың тігінші болуы да қызық болыпты. Ауылдағы мектепті тәмамдап, Алматыдағы «Сымбат» сән академиясына оқуға түседі. Негізгі мамандығы – модель-конструктор. Яғни, киім тігуші. 2015 жылы жоғарғы білімін алып келген ол үйде өз бетінше көрші-қолаң, ағайын-туыстың ескірген, жыртылған орындықтарын қаптап, оқу орнынан алған білімін практикалық түрде жүзеге асырып, тәжірибесін толықтырады. Сөйтіп былтыр көптен армандаған жобасын сәтті қорғап, бизнесін бастайды.
– Өзім бала кезімнен пластилиннен түрлі бұйымдар жасап, кейіннен қағаздан киім сызбасын сызып жүретін едім. Сондықтан мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын. Бұл таңдауыма ата-анам қарсы болмады, қайта демеп, үнемі ақыл-кеңесін беріп отырды, – дейді кейіпкеріміз.
Бойына туа бітті осындай талант дарыған Елдос үйде ұлдың үлкені. Қолы қалт ете қалса болды әлеуметтік желі арқылы тәжірибе жинақтайтын ол болашақта «аквапринт» құрылғысын алуды жоспарлап отыр. Бұл құралдың көмегі көбіне жаңа үлгіде шыққан көліктер үшін таптырмайды екен.
– Мұндай қызмет Түркістанда өте көп. Десе де, өзге өңірдің нарығына жүгінгеннен гөрі жергілікті қызмет түріне көп мән береміз. Себебі Елдостың қызметі өте сапалы.
Ж.ЖАНТАЙ