Белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп "Борбай тозған бордай" атты мақаласында "Алпамыс батырдың немесе Қобыландының памперс киіп, арсалаңдап жүргенін көз алдыңызға елестете аласыз ба? Қаракерей Қабанбайдың, Қанжығалы Бөгенбайдың, Шапырашты Наурызбайдың памперс кигенін ше? Абылай ханның ту ұстаушысы Тарақты Байғозы батырдың заманында осы бір борбайқаптың болмағаны қандай жақсы болған! Бүгінде бар қазақтың баласының бұтында – бір-бір памперс... Бүгінгі заманның жетістігіне біздің дауымыз жоқ, бірақ осы бір борбайқаптың пайдасынан зияны көп екені туралы ойландық па?" деп еліміздегі мәселені алдымызға жайып салған болатын.
Памперс – расымен де үлкен мәселе. Оның зиянды тұстары көп. Бала кіші дәретке барған соң мүшесінің табиғи температурасы бірден жоғарылайды, аздан кейін памперске сіңген зәр қайтадан тастай болып суиды. Бұл дегеніміз аталық бездің дамуын тежейді. Ең сорақысы, күні бойы бөбек денесінің 30% жауып тұрған бұл жаялық, жыныс мүшесін қатты әлсіретеді екен. Есептесек, 2000 жылдан бастап елемізде сәнге айналған бұл жаялықтың сәбилері қазір 17 жасқа келді. Демек алдыңғы он жылда белсіздердің саны артып, еліміздің демографиясына кері әсерін туғызуы мүмкін. Дегенмен оған мән беріп отырған адамды көрмейсіз. Есесіне тәулігіне 24 сағат баласына памперс кигізген ата-ананы байқаймыз. Дүкендердің де саудасын қыздырып тұрғанның бірі памперс. Памперсті блогымен алып жатқандардың қарасы мол. Сатушының айтуынша, күніне жиырмаға жуық ата-ана 25-50 штук памперс алады екен. Әр жағын өзіңіз бағамдай беріңіз... Бұрын ата-бабамыз баланы жаялықпен бесікке бөлейтін еді. Ал қазір жаялықтан бұрын бесікті де таппайсыз. Памперске үйренген баланың аяғы қисық болады. Одан бөлек, белсіздік мәселесін де өршітуде. "Елдің алдына түскен Еуропа жұрты осы күні ұрпақ шашу мәселесіне келгенде тығырыққа тірелді. Өмір сүру жағдайы да, тұрмыс ахуалы да қанша артық дегенмен, Еупопаның көптеген елінде белсіздік мәселесі бас ауруға айналып келе жатыр" деп белгілі журналист атап өткендей, памперс белсіздікке апаратын құрал. Оның шығу тарихына тоқталар болсақ, ХХ ғасырдың соңына таман Американың Небраска штаты, Милфорд қаласында Виктор Миллз есімді өнертапқыш өмір сүрген. Ол химиялық технология саласы бойынша ұзақ жыл «Procter@Gamble» компаниясында жұмыс істеп, тапқырлығымен атағы шыққан. Шебер зейнетке шығып, қартайған шағында жалғыз қызынан туған жиенін бағуға тура келген. Әрине жұмыс нәрестенің тек тамағын берумен ғана шектелмейді. Сәбидің жаялықтарын қайта-қайта жуып, оны кептіру керек. Қарт адамға дүркін-дүркін нәжіс тазалау да оңай емес. Сөйтіп жүргенде шалдың есіне: «қайта-қайта жумайтын жаялық неге ойлап таппаймын?» деген ой түседі. Сонда ғана мықшыңдап нәжіс тазалаудан құтылатын шығармын… Ақыры Виктор шал әлемде алғаш рет нәрестенің үлкен-кіші дәретін бойына сіңіріп алатын «жаялық» ойлап тауып, өзінің жиені арқылы сынақтан өткізді. В.Миллздің бұл жаңалығы «Procter@Gamble» компаниясының өнімі ретінде қабылданды. Жаялық «Памперс» деп аталды.
Бір танысым бес жасар ұлына памперс кигізген еді. "Жігіт болды, мұнын не?" деп, әпкесі ұрсыпты. Ол да "әлі күнге бұтына жіберіп қояды, түнде тұруға үйрете алмадым. Дұрысы, памперс деп шештім, мектепке барғанда ұялғанынан үйреніп кетер" дейді қысылмастан. Осылайша жөргектен жерігендер памперсті пана тұтып жүр. Қынжылтатыны, оның пайдасынан зияны басым екеніне мән бермейді. Қазақ дәстүріне жат өнімнен тосырқап, толастамадық та. АҚШ пен Еуропа елдері өздері шығарған тауарларын ел ішінде пайдаланбау жайлы акциялар ұйымдастырып, үндеу жариялап жатса, бізде отандық өнімдей жар салып, жарнамасын кез келген жерге ілеміз. «Бұл ертеңімізге өз қолымызбен балта шапқандық» деген жанайқайға құлақ түрер жан бар ма?
Мөлдір САБЫРЖАН