НЕБӘРІ АЛТЫ МИНУТТА
12 мамыр – медицина қызметкерлерінің ынтымақ күні
Азат Өткелбаев облыстық медициналық жедел жәрдем станциясында бірінші фельдшер қызметін атқарады. Жауапкершілігі жоғары, ісі мығым жігіттің біз барғанда жұмысы қарбалас екен, табан астында шақырту келіп, науқастанған бес жасар бүлдіршіннің жағдайын бақылауға кетіпті. Бөлімшеге қайта оралғанда Азатпен абыройлы қызметтің жай-күйі жайында сұрадық. Келесі шақырту түсемін дегенше, яғни небәрі алты минутта Азат мамандығына сай жылдамдықпен бізге төмендегідей ақпарат берді.
«Фельдшер болмағанымда...»
− Медицина саласына бала кезімнен қызықтым, бірақ дәрігер болуды армандаған емеспін. «Жедел жәрдем қызметі талай науқастың жанын аман алып қалатын құтарушы күш қой, оның халыққа тигізер пайдасы көп» деген ой фельдшер болуыма әсер етті. Содан 2007 жылы Қызылорда медициналық колледжіне оқуға құжат тапсырдым, кейін облыстық жедел жәрдем станциясына қызметке орналастым. Жалпы, фельдшер болу абыройлы міндеттің қатарында деп есептеймін, себебі кез келген сәтте адам өміріне жауапты боламыз. Қатардағы фельдшер болып жұмыс істеп жүргенімде орталықта дәрігер жетіспеушілігіне байланысты маған бірінші фельдшер болуға ұсыныс түсті. Бұл дегеніміз − науқасқа барған сәттен-ақ дереу шешім қабылдап, дәрігердің орнын алмастырумен тең. Әдетте жедел-жәрдем қызметі сырт көзге қиындығы көп сала болып көрінеді, ал біз үшін қарбалас тірлік қалыпты жағдайға айналған. Мүмкін, өз жұмысыңды бағалайтын, халыққа қуаныш сыйлауды сезіне алғандықтан болар, мамандық таңдаудан қателеспегеніме қуанамын. Егер фельдшер болмағанда, бүгінде биология пәнінің мұғалімі атанып, мектеп қызметкері болар едім (күліп).
24 сағат: Жауапкершілік пен жанталас
− Біз таңертеңгі сағат 08.00-ден кешкі 17.00-ге дейін демалыссыз жұмыс жасаймыз, осы уақыт аралығында шамамен 20-30 науқастан шақырту түседі. Кейде бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, дамылсыз қызмет етуге тура келеді. Түскі кезекшілік 17.00-ден келесі күнгі 08.00-ге дейін жалғасады, яғни жедел-жәрдем қызметі үзіліссіз тәулік бойы қызмет етеді. Бүгінде аймағымызда қан қысымы, жүрек-қан тамыры ауруларымен шағымданатын тұрғындар көп, аяғы ауыр әйелдер де жедел жәрдем қызметіне жиі жүгінеді. Саладағы ең жиі кездесетін қиындық − жол көлік апаты. Егер адам көліктің ішінде қалып қойса, біз оған бірден көмек көрсете алмаймыз. Алдымен төтенше жағдай қызметкерлері жағдайды анықтап, бізге адамды көліктен арашалап беру қажет. Осындай сәттерде дереу шешім қабылдау маңызды және мұндай жағдай жиі орын алады. Сондай-ақ өрт кезінде, кішкентай балалардың құбыр арасына абайсызда құлап кету сәтінде де бізге алдымен төтенше жағдай қызметкерлері көмек көрсетеді. Кейде тұрғындар мекен жайды толық ескертпей, үйді таба алмайтын уақыттар болады, оған қоса көшеде жедел жәрдем көлігіне жол бермейтін жүргізушілер де бар. Ауа райы жауын-шашынды болған сәтте жол қолайсыздығы кедергі келтіреді, әрі кейбір көшелерде жарық болмайды. Бүгінгі таңдағы саланың басты қиындығы осы болып тұр.
Біле жүріңіз...
− Негізі жедел жәрдем қызметін «102» қызметімен теңестіру қажет деп ойлаймын, себебі бұл да күрделі әрі жауапты сала. Жалпы аймақ бойынша 9 жедел жәрдем бөлімшесі бар, оның бесеуі қалада орналасқан. Айталық, 1-бөлімше Шанхай мөлтек ауданында, 2-бөлімше Тасбөгетте, 3-бөлімше Облыстық жедел-жәрдем станциясында, 4-бөлімше Журба көшесінде, 5-бөлімше Астана көшесінде. Қала бойынша халыққа жедел жәрдемнің 20 бригадасы көмек көрсетеді, бригада бірінші, екінші фельдшер және жүргізушіден тұратын үш адамнан жасақталған. Жалпы облыс бойынша тұрғындар үшін электронды қызметтің қолжетімділігі де қарастырылған. Ал науқастың шақыртуы төрт деңгей бойынша қабылданады: I деңгей – адам өміріне қауіп төнген жағдайда, жедел жәрдемнің бару уақыты 5-10 минут аралығында, II деңгей – қауіптілігі орташа науқастар, бару ұзақтығы – 15 минут, III деңгей – дене қызуы көтерілуіне байланысты шағымданған азаматтар, бару ұзақтығы – 30 минут, IV деңгей – емхана жанындағы жедел-жәрдем топтарын қамтиды.
Гүлдана ЖҰМАДИН