» » ӘДІЛДІК – АЛМАС ҚЫЛЫШПЕН ТЕҢ

ӘДІЛДІК – АЛМАС ҚЫЛЫШПЕН ТЕҢ

  Бағзы заманда да арда қазақ Ата заңсыз ғұмыр кешпеген. Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» мен Қасым хан салған қасқа жол, Есім хан салған ескі жол елге қызмет көрсеткен. Тентектің тосын тірлігінен әбден әбігерге түскен халық алқа билер сотынан көмек сұрады. Аты Алтай мен Атырау арасына танылса да, қаншалықты биіктесе де «Халықтан артық тумадым» деп, бетегеден биік, жусаннан аласа болған билердің болмысы бүгінгі мемлекеттік қызметкердің бойынан табылуы тиіс. «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлап», көтерем аттай үдеге жете алмай қалу – ел мүддесін ойлаған ердің ісі болмасы анық. Сондықтан сот саласы әділдіктің алмас қылышындай ардың ісін қылып, қаймана қазаққа қалтқысыз қызмет көрсетуді қолға алған.
«Жыл сайын төрт миллион адамның ісі сотта қаралады екен. Бұған қанша күш пен қаржы жұмсалады. Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын қажет ететін рәсімдерді қысқарту керек. Сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек», – деді Елбасы биылғы Жолдауында.
Әлқиссасын айтсақ, саланы барлық жағынан елмен етене орган ету қажеттігі туындап отыр. Бұл күнде жұртшылықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұрттан жапа шеккен халықтың қолтығынан демеп, иығына сүйеу болып, қалқан боп қорғанына айналуымыз керек. Әсте, бұл мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Әрбір маман, соның ішінде мемлекеттік қызметші елді билеп-төстеуші емес, халыққа қызметші болып еңбек ететінін түйсіне білу тиіс. Саланы дамытудың астарында осындай үлкен мән жатыр.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі татуласу орталықтарын ашып, халықтың мәселені оңтайлы бейбіт түрде шешуіне жол сілтеп отырмыз. Кешегі Елбасы жазған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы елдік мәселе де осыны меңзейді. Қазір ене мен келін, әке мен бала соттасса да, бір туған бауырлар сот залында қызылкеңірдек болса да, таңданбайтын болдық. Бұл – кесел. Сол себепті Рухани жаңғыру: «Айналайын, қалың ел. Біз досына ұлпадай мамық, дұшпанға беріспес қайсар халық едік. Қазақы қазығымызға қайтайық. Елдігімізді, ұлттығымызды, ұлылығымызды ұлықтайық» деген мән-мағыналы, тағылымды ұранды үндеп отыр.
Биіктікті көкте қалықтаған қыранның қанатымен өлшеген қазақтың бұл жаңғыруы жайдан-жай емес. Саяси мүдде мен рухани дүниенің арасындағы зор тәлімді көзі қарақты оқырман ұғынса деген тілек. Сот саласында бұл болмыс қазақылыққа салып, бәзбіреуге болысумен емес, сотқа жеткізбей мәселені шешуді көздейді. Әлбетте, ойға алған мұраттар мен айқын мақсаттар өз кезегімен жүзеге асуда.
Біз айтып отырған түйткілдің бір ұшы медиацияға келіп тіреледі. Медиация және дауды сотқа дейінгі шешу шараларының «Сотсыз татуласу» жобасын жүзеге асыру сала мамандарының маңдай терімен жүзеге асып жатыр. «Дауларды соттар тыс шешу құралдарын дамытуға және
сотсыз татуласуға бағытталған іс-шаралар» жоспарын даярлап, аталған бағытта жұмыс жүргізіп келеміз.
Сот органдарында «Цифрлы Қазақстан» жобасы қолға алынып, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алдырған заманауи технологиялар әрбір сот процесінде жаһандық дамудың элементін қолданудамыз. Қазір кім, қайда, қашан, қандай істі қарайтынын арнайы орталықтандырылған база арқылы қарай аламыз. Облыста отырған басшы аудандық сотты бақылап отыра алады. Қазірэлектронды сот төрелігі күн санап даму қарқынын күшейтті. Тіпті сот процесіне шақыру қағазы да бұрынғыдай шақыру билеті болып бармайды. Қысқа хабарлама арқылы ұялы телефонға жетіп тұр. Төменгі қабаттағы арнайы орыннан өзінің процесінің уақыты мен жай-жапсарын білгісі келген жан компьютер арқылы біле алады. Бұл, біріншіден, уақыт үнемдейді, екіншіден қағазбастылықтан арылуға бет алған еліміздің негізгі бағыты.
Қазіргі таңда «Сот төрелігінің жеті түйін» тәрізді саланың тасын өрге домалатып, маман біліктілігінің көтерілуіне сеп болып отырған бағдарламалар жетерлік. Олардың байыбына бара білген жан өз ісінің кәнігі маманы боларлық деңгейге жетеді. Олар ең үздік мемлекеттік қызметші, үздік судья деңгейіне дайын мамандар.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді тиімді басқару үшін мемлекеттік қызметшінің білуіне қажетті негізгі сапалар деп, жоғары рухани жауапкершілік, кәсіптік білім және де оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық, белсенді өмір позициясын атап өткен болатын. Мемлекеттік қызметтің заман талабына сай тез дамуын, уақытпен бірге жүріп отыруын кәсіби білікті кадрлар қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет көрсетуші, халықпен тікелей байланыстағы қызмет екенін ескерсек, тек кәсіби маман болып қана қою аздық етеді. Мемлекеттік қызметші халықпен қарым-қатынас жасай білу мәдениетін қалыптастырып, әрдайым әдеп нормаларын сақтауға міндетті. Өйткені, ол – елге қызмет етуші.
Мемлекетті өркендету, дамыту бағытындағы ең жауапты іс мемлекетік қызметшілерге жүктелетінін әрбір маман Отанға берер антындай білу керек. Ал, бүгінде мемлекеттік қызметті мінсіз ету үшін аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ.
Ең бірінші қызметке жаңа келген жас мамандар тестілеуден бөлек, үш күн ішінде Әдеп кодексімен танысып, ондағы ереже-заңдарды қатаң ұстануы керек.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, кез келген ортада пікір сайысты сыпайы нысанда жүргізуге тиіс.
Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарды, мүдделер қақтығысын болдырмауы, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы нормаларын сақтауы тиіс.
Жалпы, мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексі жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деп аталатын бес бөлімнен тұрады.
Аталмыш кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге, сырт келбеті қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі керек.
Мемлекеттік қызметшінің өз қызметі шегінде барынша ұқыпты, адал, қай кезде де өзгеге үлгі бола білуі тиіс.
«100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамына сәйкес, елімізде мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығына сәйкес жаңа институт – әдеп жөніндегі уәкілдер институты енгізілді, олардың арнайы Ережесі бекітілді.
Әдеп жөніндегі уәкілдер институтын нығайту, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметте өзара қатынастар мәдениетінің қалыптасуына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және қызметтік әдеп нормаларын бұзуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға ақпарат беретін мемлекеттік қызметші.
Халықтың мұң-мұқтажын шешуде сыбайлас жемқорлықтан алшақ жүріп, әділет органдарының атына сай еңбек ету керек. Парақорға жаза тағайындайтын сот қызметіндегілер бұл міндетті орындамаса, басқаларға не айтпақпыз?! Қазақта «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген аталы сөз бар. Жауапты қызметтегі әрбір жан осы сұрақтың жауабын тапса игі.
Ұлт Көшбасшысы әр Жолдауында халықтың сотқа қолжетімділігін арттыру мақсатында сот саласына нақты тапсырмаларды айқындап келеді. Күні бүгінге дейін айтылған міндеттердің бәрі жыл өткен сайын бірте-бірте орындалу үстінде. Өз тәуелсіздігінің жиырма жеті жылын артта қалдырған Қазақстанның сот саласы талай жаңашыл реформалардың шеңберінде қалыптасып, алға дамыды.
Елбасы Жолдауларының қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын айқын аңғарамыз. Биылғы
Жолдау аясында Елбасы Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігін басып айтты. Сондай – ақ, жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізуде жұмысты жалғастыру маңызды. Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу, соттың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды екендігін назарға салды.
Әділдіктің алмас қылышын тентекті тезге салуға, бұзықты жөнге салуға жұмсайтын маманның да болмысы бөлек, тұлғасы ерек болу шарт. Сараптамадан өтіп барып, елге қызмет етуге ант ететін саланың мамандары әлі де тынымсыз тер төгуде.
Мөлдір Асанова, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары
15 наурыз 2019 ж. 652 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031