Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік құндылықтарын дамыту
Әдеп жөніндегі уәкіл міндеті абыройдан гөрі мойынға зор жауапкершілікті артады. Бір елдің президенті балаларын жинап алып: «Бүгін мен – Президентпін. Осы деңгейге қалай жеткенімді білесіңдер. Бәлкім, бірің ғалым, екіншің көше сыпырушы, тағы бірің көлік жүргізушісі боларсыңдар. Қандай маман иесі болсаңдар да, әрдайым адал жүріңдер» деп өсиет айтады екен.
Әдеп жөніндегі уәкіл өзінің жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, қарым-қатынасы арқылы өзгелерге үлгі болуға тиіс жан. Әдеп жөніндегі уәкіл саладағы әрбір маманмен тығыз қарым-қатынас орната отырып, оларды тәрбиелеу, ізгілікке баулуда, тек мамани тұрғыдан емес, адами тұрғыдан дамуға бағыт беруге міндетті. Кейбір жас мамандар мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықпен күрес салаларындағы өзгерістерді толық меңгере бермеуі мүмкін. Мұндағы негізгі себеп жұмысының ауқымдығы мен жұмыс өтілінің аздығы, құқықтық білімінің болмауы секілді тағы да басқалары жатады. Сондықтан, олар жұмыс барысында шешім қабылдауда немесе өз құқықтарын қорғауда кібіртіктеп қалады.
«Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды». Сол сынды адам баласы өмір жолында абыройдан жұрдай ететін теріс қылықтардан аулақ болуы тиіс. Мамандығың – өмірлік қызметің. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп және жемісті еңбек, адал қызмет арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселейсің.
Сот саласында жүрген соң байқаймыз, кейде әкесі мен баласы, енесі мен келіні соттасып жатады. Тіпті, ерлі-зайыптылардың, ағайындылардың арасындағы жанжал сотқа ұласып жатса, жаның жылайды. Жасыратын жоқ, кейде бір салада жұмыс атқаратын әріптестер арасында да кикілжіңдер орын алып жатады. Міне, осындай ұлттық мүдде тұрғысындағы олқы тұстарымызды Елбасы тілге тиек етіп, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Осы мақалаға қарай отырып, бағыт алып, жұмыс істеймін. Өйткені, біз қандай деңгейде болсақ та қазақылығымыздан ажырамауымыз керек.
Кезінде алқа билер соты, әз Тәукенің Жеті жарғысы, Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолы, мұның барлығындағы ұлттық мүддені көздейтін тұстар бүгінгі жаңашыл жүйеде бар. Демек, біз кешегі батыр-баһадүрлеріміздің дәуіріндегі жазаны бүгінгі жаһандану дәуірімен астастыра отырып, күнделікті өмірде қолданып жүрміз.
Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтармен етене болғанымыз шығар, облыстық соттың сайтында азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге арнайы менің қабылдау кестем жарияланған, әр айдың екінші аптасында сағат 16.00 мен 18.00 аралығында кез келген азамат өзін толғандырып жүрген сауал бойынша келіп, консультация алуына болады.
Біз халықтың қызметшісіміз, оларға қызмет көрсетеміз. Міне, осыны естен шығарғым келмейді. Өйткені, әрбір сәтте мені биікке құлшындыратын да, жоғары деңгейге шығаратын да осы ұстаным.
Алдағы уақытта да мемлекеттік қызметшілердің мүддесін қорғап, олардың арасындағы әдептен тыс әрекеттерді болдырмауға барынша күш-жігерімді салатын боламын.
Мөлдір Асанова,
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл