BIR JER-де кездесейік
Тұңғыш Елбасы жастардан тың идея күтті. Оларға арқа сүйеп, сенім білдірді. "Жастар жылы" да осының дәлелі. Бүгінде Елбасы сеніміне селкеу түсірмей, тың идеямен биіктерден көрініп жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі– Нұрсұлтан Жорғабаев. Жасы – 24-те. Енді Аралдықтар "Бір жерде" кездесеміз деп, уақытын белгілейтін болады. Иә, жақында атауы ерекше кафе ашылды. Алты адам жұмыс істейді.
– Кәсіп ашу идеясы қайдан туындады?
– Кәсіп ашамын деушілерге ешқандай кедергі жоқ. Қолдау білдіріп, несие беріледі. Былтыр Сыр өңірінде өткізілген "Жас прождект" жобасының өзінде сан түрлі кәсіп ашылып, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтыды. Ол бағдарлама арқылы кәсібін дөңгелетіп әкеткендер көп. Міне, бұл жұмыс істеймін деген жасқа қолдау болып есептеледі. Менің де кәсіп ашу бала кезгі арманым еді. Жақында оны жүзеге асырдым. Әлі де істейтін тіршіліктер бар. Дегенмен арманымның іске асқанына қуаныштымын.
– Кафенің аты неге олай аталады? Қандай мағына береді?
– Бүгінде адамды таң қалдыру қиын. Олар тың идеяны ойлап табады. Өздері де өзгешелікті қалайды. Бұлай атау қиынға соқты. Көп ойландық. Сөйтіп, заман талабына сай əлемдік колданыста "креатив" деген стильді пайдаландық. Назар аударту мағынасында осылай атадық.
– Донер жасайтын аспазды қайдан таптыңыз?
– Алдымен донерді өзім істеп үйрендім. Содан кейін өзгелерге үйреттім. Бізде донердің, кәуәптің түр-түрі бар. Бағасы тұтынушы қалтасына ыңғайлы етіп қарастырылған.
– Болашаққа басқа қандай жоспарларыңыз бар?
– Адамның жоспарсыз өмір сүрмейтіні ақиқат. Арманның таусылмайтыны да белгілі. Болған сайын бола берсе екен деп тілейтініміз де жасырын емес. Алланың қалауымен осы кәсіпті дөңгелетіп алайын. Одан кейін басқа да істерді ашуды жоспарлап жүрмін. Бастысы, Аралдың төрінен "Балықшы Арал" деген атаумен қонақ үй ашқым келеді. Ол үшін үлкен дайындықтың керегін білемін. Көп қаражат та қажет болады. Ал мен сол үшін тыңбай еңбек ететін боламын.
– Кәсіп бастау оңай емес. Басы-қасында жүріп, ақыл айтатын кеңесшіңіз бар ма? Кімге арқа сүйейсіз?
– Мен әрқашан отбасыма арқа сүйеймін. Кез келген ойымды айтып, олармен ақылдасамын. Ақыл-кеңестеріне жүгінемін. Кімге арқа сүйейсіз деген сұраққа достарыма деп толықтай айта аламын. Қуанғанда да, қиналғанда да қолдау білдіретін достарымды мақтан тұтамын. Әрқайсысы бір отбасының тірегі ғой. Менде оларға қолдау білдіретін боламын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Мөлдір САБЫРЖАН