» » ӨРІСІ КЕҢ ӨСЕР

ӨРІСІ КЕҢ ӨСЕР

Ұшқыр уақытпен арпалысып, ұмытылмас дүние жасау бір ғанибет. Мық шегені мың рет ұрғанда қыңқ демес төзім, ауыр дүниені арқалағанда уәж айтпайтын азаматтық, еңбектің ебін, тірліктің түйінін табу нағыз кәсіпкердің болмысына ғана тән. Суда секірген дельфин, қанатын кең жайған тырна, бамбук құшақтаған панда, сұрқай болса да сұсты қолтырауын кәсіпкер мен еңбек ұғымының шынайы көрінісі тәрізді елестейді көпке. Бұл − жаңақорғандық кәсіпкер Өсердің еңбегі. Гипс пен бетон бұйымдарын ауданға қолжетімді еткен кәсіпкердің бизнестегі бейнесін тану үшін кеңінен тілдестік.

Алматы индустриалды колледжінде электр-механик мамандығын алған Өсердің бизнестегі бар ойы бала күнгі арманына бағытталыпты. Сауда саласына білек сыбана кірісіп, іргелі кәсіп ашқысы келген ниетін ағасы құптап, 2013 жылы гипс және бетон бұйымдарына тапсырыс қабылдай бастайды. Ол кезде Түркістанда ғана бар мұндай бұйымды ауданға әкелу жергілікті халық үшін оңайға соқпайтын, қанша көздің қарашығындай қорғаса да, гипстен құйылған терезенің жақтауы, бұйым қабырғасы сынып кететін. Осындай мәселенің түйінін шешпекке «Даму» бағдарламасынан 3 млн.теңге қаржы алынады, негізгі шикізат гипс пен цемент базардан табылып, қалыптар үшін Алматы мен Ташкент қаласына тапсырыс беріледі. Қажетті жабдықтар келген соң қызу тірлік қайнап сала береді, сүттей аппақ гипсті суға араластырып қалыпқа құю, оны бабымен кептіру, цемент пен құмның мөлшерін белгілеп бетонды формалау, оны өңдеу, ою-өрнекпен бедерлеу кәсіпті аяғынан тұрғызады. Жұрт жаңалықты құп көреді, қалауынша тапсырыс беріп, алғысын айтып қана қоймай жақсы дүние жайлы халыққа сауын айтады. Осылай Өсердің кәсібі өркендіп, өлкеге әп-сәтте танымал болды.
        − Көбіне тапсырыс белгілі бір маусымда түседі, мәселен жазғы мезгілден күзге дейін бұйымдарға сұраныс артады. Қазір бізде он қызметкер жұмыс істейді, ал тапсырыс бір аптада дайын болады. Бір күнде бұйымның оннан аса бөлігі құйылып, кепкен сәтте бәрі бірге біріктіріледі. Тапсырыс берілген бұйым көлеміне, оған салынатын ою-өрнек түріне қарай бағаланады, мәселен, құс мүсіні, фонтан 25 мың теңгеден бастап жоғарылай береді. Кәсіпті ең алғаш қолға алған кезде су және бұйымға қажетті қалыптар жетіспейтін, ал қазір бәрі ойдағыдай деп айта аламын. Осы жылы тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында «Zhas projekt» жобасына қатысып, бес талапты жасты кәсіпке үйреттім, сонымен қоса он екі отбасыны гипс және бетон бұйымдарымен қамтамасыз еттік. Бұл бағдарлама арқылы кәсіпкерлік саласындағы танымым кеңейді. Енді тәжірибемізді одан әрі дамытып, Қызылорда қаласынан  бөлімше ашқымыз келеді,− дейді жас кәсіпкер.
       Сөз соңында Өсерден аудандағы бәсекелестері жайында сұрадық, бірақ сапасы берік, бағасы қалтаға қонымды бұйым жасайтын басқа орталық ашыла қоймапты. Осы кезге дейін Түркістан облысы, Нұр-Сұлтан қаласында өткен көрмелерге қатысып, кәсіптің іргетасын еңбек қалайтынын дәлелдеген Өсер алдағы уақытта жастарды осы бизнес түріне баулығысы келетінін де жасырмады.
Гүлдана ЖҰМАДИН
23 мамыр 2019 ж. 501 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031