Сол жағалаудың бүгінгі келбеті

Алғаш қос жағалауды біріктірген ұзындығы 387 метр болатын көпір салынды. Міне сол уақыттан бері онда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» және облыс әкімдігінің қолдауымен бес қабатты тұрғын үйлер, түрлі зәулім ғимараттар тұрғызылды. Оның ішінде «Рухани жаңғыру» орталығы, «Қызылорда қаласы тарихы» музейі және Болашақ университеті студенттер қалашығы бар. Сонымен қатар жақында ғана облыс жастарына арналған «Облыстық жастар ресурстық орталығы» бой көтерді.
Бүгінде құрылысы жанданып, бойына қан жүгіре бастаған сол жағалаудың осынау келбеті көз тартарлық. Алдағы 7 жылдықта да ұзын саны 50 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған аймақта жағымды жаңалықтар еселене түспек. Олай айтар себеп те жоқ емес. Жалпы, жоба аясында 4 денсаулық сақтау мекемесі, 12 балабақша, 16 мектеп және соңғы жылдар ел біріншілігінде керемет ойын өрнегін көрсетіп жүрген қаланың басты футбол клубы «Қайсарға» 15 мың жанкүйерге арналған стадион салынады деп күтілуде. Сонымен қоса жоспарда емхана, 3 ірі парк нысаны қарастырылған. Айта кетейік, аталмыш аумақ 15 ауданнан тұратын болады.
Қорыта айтсақ, мұндағы барлық нысандар заманауи түрде жабдықталып, ең соңғы үлгілермен әсемделетін болады. Бұның барлығы біздің қаланың экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін жоғарылатады.
Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ