Кәсіпкердің озық идеясы
Бірде қалаға қарасты Тасбөгет кентіне жолым түсті. Кіре берістегі аялдаманың қасында саябақ бар екен. Бақсаңыз, қоқысты ғана көресіз. Ішінде емін-еркін қыдырып жүруге мүмкіндік жоқ, бір сөзбен айтқанда істен шыққан еді. Жақында саябақ кәсіпкердің жеке меншігіне өтіпті және оған толық жөндеу жұмыстарын жүргізу басталып та кетіпті. Мән-жайдың анығын білу үшін кәсіпкермен әңгімелестік. Қанат Бектұрғанов – Тасбөгет кентінің тумасы. № 176 орта мектебінде оқыған. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінде мұнай мандығында білім алған. Қанаттың көпшілік біле бермейтін тағы бір сүйікті қызметі – ерікті болу. Яғни ол өзгелерге көмектескенді ұнатады.
Саябақта кафе мен летник, футбол, волейбол алаңы ашылған, тіпті жастар үшін "Алтыбақан" орнатылыпты. Батуд пен карусельде тұрғындар үшін қызмет көрсетпек, ішінде балалар ойыншықтарымен қоса кітаптар сатылады. Жоспар бойынша гүлдер дүкені де ашылады деп күтілуде. Тұрғындарға арналып қарашүй қойылып, қолөнер бұйымдары тұтынушыларға жол тартпақ. Оған қоса жуырда үстел теннисі жастар ұсынысымен қолға алынбақ. Енді ұмыт болған ұлттық ойындар ды осы жерден табасыз. Атап айтсақ, арқан тарту, асық ойыны секілді ұлттық ойындары ойнатылмақ. Бұл – кәсіпкердің озық идеясының бір бөлігі.
– Тасбөгетте қарап тұрсам, балалар серуендейтін алаң жоқ екен. Жастар да бос уақытын қайда өткізерін білмейді. Кешкі уақытта әр бұрышта шоғырланып тұрған жастарды көресің. Тек әңгімелесіп қана тұрумен шектеледі. Кейде серуендеу үшін орталыққа барады. Сосын "неге өз туған мекеніме жағдай жасамасқа"? деген ой келді. Сөйтіп, осы жерді қолға алып, алдын ала жоспар құрдым. Ата-анаға баламен жүруге ыңғайлы қылуды басты мақсат еттім. Жастарға тың идеяларды ойластырдым, соның бірі қыз-жігіттерге арналған – Алтыбақан. Жақында киіз үй әкелемін. Жастар ұлттық салт-дәстүрімізді білсін, жөн-жоралғыны түсінсін деймін. Киіз үйде бір-бірімен сыр шертетін құрбыларға серуендеп келген апа-жеңгелеріміз ақыл айтса нұр үстіне нұр болар еді. "Жастардың дені бұзылып барады" дейміз. Бірақ жұмысбастылықтан оларға тәрбие беріп отырған ананы, не әкені байқамадым. Бәрі өз мансабы, қарбалас жұмысымен әуре. "Отбасымды асырау үшін жұмыс істеймін" деген түсінік қалыптасқан. Отбасы үшін басты жағдай – жақсы тәрбие. Жыл сайын саябақтың тек кафесі ғана жұмыс істейтін. Жаңа жоба жайлы Тасбөгет кентінің әкімі Пакуатдин Шамұратовқа айтқанымда ұсынысымды бірден қолдады", – деді Қанат бізбен әңгімесінде.
Саябақ маусымның 1 күні салтанатты түрде ашылады. Айта кетейік, Қанатбек мемлекеттен несие алмай, барлық жұмысты өз қаражатымен бастады. Әзірге екі адамды жұмыспен қамтуда. Саябақ ашылғаннан кейін 11-12 адамды жұмысқа алмақшы. Кәсіппен айналысу кейіпкеріміз үшін тансық емес, ол бұрын да жеке кәсіптермен айналысқан. Компьютерлік қызметтің барлық түрі бойынша тұрғындарға қызмет көрсеткен, үйренемін деушілерге көлік жүргізуді үйреткен. Алдағы уақытта Қанатбек тынығу аймағы мен жылы жай салуды жоспарлап жүр.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА