Сорбеткейден өрт шықты
Ақпанның 23-інде Арал ауданы, Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты Сорбеткей елді мекенінде орналасқан бастауыш мектебінде өрт шыққан. Бұл туралы Арал ауданы әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
– Осы жылдың 23 ақпан күні күндізгі сағат 10:30 шамасында Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты Сорбеткей елді мекеніндегі №21 бастауыш мектебінде өрт шықты. Дегенмен төтенше жағай орын алған жерге ауыл тұрғындарынан құралған ерікті жастар дер кезінде жұмылдырылып, қызыл жалын оқшауланып сөндірілді. Ешкім зардап шегіп, жарақат алған жоқ. Өрттің шығу себебі – мұржадан болған. Яғни мектепті бір ғана ошақ жылытқасын көнерген мұржадан ақау шыққан. Қазіргі таңда өрт болған жер қалыпқа келтіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар сабағын жалғастыра береді. Оқу процесіне ешқандай кедергі келмейді, – дейді Бектемір Жұмағұлов.
Айта кетейік, ғимарат 2006 жылы жас мамандарға арналып салынған тұрғын үй болатын. 2010 жылы ауданның білім бөлімінің шешімімен бастауыш мектеп болып бекітілген. Бүгін таңда онда 13 бала білім алып жатыр.
Ақтілек БІТІМБАЙ