Пессимистік мәселенің оптимистік шешімі
Медиафорумнан кейінгі ойлар
Жер деп аталатын ғаламшарда жеті жарым миллиардтан астам адам өмір сүреді. Әрқайсысы әртүрлі. Наным-сенімі де басқа. Түрі де, түсі де, тілі де, діні де, ділі де бір біріне ұқсамайды. Мәдениеті мен құндылығы да түрліше. Бірақ бәрін бір нәрсе біріктіреді: қырғи-қабақсыз, бейбіт әрі қайырымды қоғамда өмір сүру. Өкінішке қарай, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бала-шағамыз бақытты өмір сүрсе екен дейтін қарапайым халықтың тілеуі ылғи да мүмкін бола бермейді. Мылтықсыз майдан, салқынқандылық, «қарусыз» қаруланудың жаңа үлгілері, ядролық қаруы бар елдер арасындағы өзара қысым – әлем қауіпсіздігіне төнген қатер. Ал кибершабуылдар мен ақпараттық, сауда-саттық соғыс лап еткелі тұрған отқа май құя түскендей сипатқа ие. Не істеу керек? Пессимистік мәселелердің оптимистік шешімі бар ма? Он алты жылдан бері осы сұрақтардың жауабын іздеп келе жатқан Еуразиялық медиафорум биыл несімен ерекшеленді? Әңгіме осы жайында.
Тақырып туралы
Осыған дейін де газетіміздің 21 нөмірінде (23 мамыр, 2019) жазғанымыздай, 22-24 мамыр аралығында Алматыдағы The Rits-Carlton алаңында ХVI Еуразия медиа форумы өтті. Форумның басты міндеті –саясаткерлермен, журналистермен қоса Қазақстандағы, Еуразиядағы және халықаралық қоғамдастықтағы геосаясат, экономика, әлеумет пен мәдениетті дамытуға мүдделі әртүрлі сала сарапшыларының еркін әрі ашық диалог құруына жағдай жасау. 2002 жылдан бері 60-қа жуық мемлекеттен 7500-ден астам делегаттың басын қосқан халықаралық диалогтың биылғы тақырыбы «Бүгінгі әлем: трансформация шынайылығы?» деп аталды.
Рас, трансформация латын тілінен аударғанда transformatio айналу деген мағынаны білдіреді, яғни биологиялық термин бойынша генетикалық ақпаратты қандай да бір жасушаға ендіру процесі. Ал, медиакеңістікте бұл сөз: Ақпараттық-сандық технологиямен біте қайнасып, дамудың жаңа үлгісіне ауысқан, мүлдем жаңа тұрпатқа ие болған бүгінгі журналистикадағы шынайылық неде? Жаһандану не жаһанданусыз әлем дамуының жаңа үлгілерін іздеу жолында шынайылықты тани аламыз ба? Бүгінгі өзгерістердің шынайылығы немен өлшенеді? Виртуалды әлем шындығы мен өмір шындығы қаншалықты жанасады? Адамдар қай шындықпен өмір сүргісі келер еді? Шынайылықты журналист қаншалықты сезіне алады және қаншалықты жеткізе алады деген сұрақтар үш күнге созылған халықаралық талқылаудың негізгі арқауы болды.
Аудитория және Digital медиа
Алдыңғы мақалада тоқтағанымыздай, форумның бірінші күніндегі шеберлік дәрістерін қорытындылаған Бірінші арна мектебінің жетекшісі Елена Афанасьеваның «Телеарна аудиториясының буын ерекшеліктері және Digital медиа» тақырыбы шын мәнінде бүгінгі медиа мәселесін түсінуге әсер етеді. Ол Ресейдегі және ТМД елдеріндегі ұрпақ профилін сипаттайтын арнайы зерттеу кестесін ұсынды. Онда 1900-1923 жылдары өмір сүрген ұрпаққа «Жеңімпаздар» атауы берілген, ал 1923-1943 жылдарғы буын «Үндеместер» деп аталған. Мұны автор «Бұл кезеңдегі АҚШ-тағы, СССР-дегі тарихи оқиғалар мейлінше үндемей өмір сүруге үндеді. Әрбір айтылған сөзіңе өміріңмен жауап беретін заман болатын» деп түсіндірді. Хат жазысып өмір сүрген бұл ұрпақтың бар арманы көлік сатып алу еді деп сипаттайды. 1944-1963 жылдары үй телефонымен сөйлесіп, теледидар көруді армандаған ұрпақ – Бэйби бумерлер. Бұдан кейін 1964-1984 жылдары салмағы ауыр компьютерді көріп өскен, e-mail-ді алғаш пайдаланған X ұрпақ өмір сүрді. 1985-2003 жылдар аралығы Y ұрпаққа тиесілі, олар цифрлі дәуірдің гаджеттерін күнделікті өмірде қолданғанмен, түбірінде Digital эмигранттар. Ал, қазіргі буын 2004-2020 жылдарда өмір сүрушілер – Z ұрпақ. Бір сөзбен айтқанда, бесігіне смартфонмен бөленген буын, арманы 3D принтер, тың технология. «Әкелер мен балалардың» түсінісе алмауының сыры осында.
«Басқалардың көзқарасын өз ұрпағымыздың құндылығы тұрғысынан сынға алған тұста келіспеушілік орын алады. Әр ұрпақтың құндылығын, мақсат-мүддесін ескере отырып жұмыс істейтін болсақ, нәтижелі жетістікке жетуге болады. Бір буынның адамдары бір бірін оңай түсінеді. Егер біз (телеарна не радио не газет – ред) тек өз буынымызға ғана жұмыс істейтін болсақ, онда айналамыздағы мәселені түсінуден қаламыз. Бір ұғымның түсінігі әр ұрпақ үшін әртүрлі болуы – өмір заңдылығы» дейді Елена Афанасьева.
Digital бюджет
Форумның екінші күнінде салтанатты ашылу рәсімі болды. Онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тақаевтың атынан құттықтау хат оқылды. Армения Президенті Армен Саркасян лебіз білдірді. Ресей Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенконың атынан құттықтау сөз айтылды. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөз сөйледі.
«Массмедиа – өңірлік журналистер ұсынған ақпарат ғана емес, ол қоғам өмірін бағыттауға, жаңа қарым қатынас қалыптастыруға ықпал ететін аса қуатты ақпараттық институт. Биылғы форумның тақырыбы да ерекше. Қазіргі өмір трансформацияға ұшырауда. Ақпараттық технологияның қарыштап дамуы, цифрландырудың барлық саланы қамтуы, жасанды интеллект, урбанизация, экологиялық ахуалдың күрделенуі, сенім дағдарысы секілді үрдістер қалыптасқан өмір дағдысы мен халықаралық қарым қатынасқа да түбегейлі өзгерістер әкелуде. Цифрлық технологияның қарыштап дамуы кезінде жаһанданудың кең қанат жаюы әлем елдерінің бір біріне әсерін де барынша арттырып отыр», – деді Бауыржан Байбек.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қала бюджетінің 1%-ын қайда жұмсауды тұрғындар еркіне беру жөніндегі ұсынысына сәйкес биылдан бастап Алматының әр ауданында бюджетке қатысу жобасы іске қосылды. Яғни тұрғындардың өздері ұсыныс енгізе отырып, дауыс беру арқылы қаржының қайда жұмсалатынын анықтайтын болады». Алматы шаһарының басшысы айтқан бұл жаңалық та бүгінгі әлемнің даму бағытында ақпараттық-сандық технологияның маңызын, интернет ресурстар мен әлеуметтік платформалардағы пікірлер үстемдігі және онымен санасу өзектілігін дәлелдей түскендей.
Жаһандану(сыз): дамудың жаңа үлгісі – бірігу
TRT World телеарнасының жүргізушісі, түрлі пікірсайыстар мен нақты іс-қимылдар арқылы жаһандық мәселелердің шешімін іздейтін «Доха дебаттары» телебағдарламасының модераторы Гида Фахри «Жаһандану(сыз): әлем дамудың жаңа үлгілерін іздейді» деген тақырыптағы бірінші мәжіліс модераторы болды. Мәжіліске Армения Президенті Армен Саркисян, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы халықаралық қатынастар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Байге Жао, саясаткер, Эстонияның экс Президенті (2006-2016) Тоомас Хендрик Ильвес, ЕЭК интеграция және макроэкономика жөніндегі алқа мүшесі Татьяна Валовая, Ұлыбританияның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі (2013-2017) Айвэн Роджерс қатысты.
Спикерлердің қай қайсысы да өз мемлекетіне қатысты сауалдардан өте әдепті түрде айналып өтіп, жалпыадамзаттық, жаһандық мәселелерге жалпылама жауап бергісі кеп тұратын еуропалық мәдениет үлгісінде өткен бұл мәжіліс несімен есте қалды?
«Қазір біз саяси және экономикалық күштер арасалмағындағы түбегейлі өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Әлемдік экономикадағы кері қозғалысты жаһандық дағдарыс дей аламыз ба?» – дейді Армен Саркасян. Тоомас Хендрик айтады: «жаһандануға қарсы тұра алатын бірден бір күш – адамзаттың жұмыспен қамтылуы». Айван Роджерстің де пікірі осыған саяды: «Интеграциядан, ықпалдастықтан шығу мүмкін емес. Ең бастысы, әлеуметтік төңкерістердің болмауы».
«Жаһандану жағдайындағы жаңа көріністердің бірі: әлеуметтік желілер дәстүрлі БАҚ-ты ауыстыра ала ма? Жоқ. Олар бір бірін ауыстырмайды. Олар бір бірімен бірігеді. Әрине өскелең ұрпақ жаңа гаджеттерге сүйсініп қарайды», – дейді Байге Жао.
Ержан Ашықбаев айтқандай, Қазақстан – континентальді ірі мемлекеттердің бірі, теңіздің болмауы жаһандануда еркін жүзуге мүмкіндік бермеуі мүмкін, бірақ бүгінгі елдегі үштілділік саясаты, үшінші тіл ретінде ағылшын тілінің таңдалуы – жаһандануға еркін араласудың анық көрінісі. «Мәдени-саяси, экономикалық тұрақтылық Қазақстанды үлгі ретінде көрсетеді. Соңғы жылдардағы Қазақстанның арағайындық қызметі, диалогтар платформасы осының дәлелі», – дейді Ержан Ашықбаев.
Тұтыну дағдарысы
Бұл – екінші мәжілістің тақырыбы. Модераторы – «Блумберг» ақпарат агенттігінің (АҚШ) аймақтық директоры Тодд Баер. Тамақ қалдықтары және тұрақты даму жөніндегі сарапшы, LeanPath компаниясының вице-президенті Стивен Финн (АҚШ), Орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы (1993-1995), Энергияны сақтау жөніндегі сарапшы, Gerie Energy LTD компаниясының стратегиялық кеңесшісі Джеймс Вулси (АҚШ), БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының үйлестірушісі Хорхе Фонсека (АҚШ), «Ягран» компаниялар тобының вице-президенті, бизнесті дамыту және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Басант Рантор (Үндістан), редактор Хасмин Акуния (Парагвай) спикер ретінде қатысты.
Саясаттан басталған әңгіме жаһандық экономикалық дағдарысқа ұласты. Рас, жер бетіндегі халық саны тоқтаусыз өсіп жатыр. Дамыған және кедей елдердің табысындағы алшақтық уақыт өткен сайын тереңдей түсуде. Энергетикалық дағдарыс сезіледі. Біраз елдің үкіметі «жасыл энергетиканы» дамыту жолдарын іздестіруде. Энергетикалық ресурстардың азаюымен қоса азық-түлік тапшылығы да алаңдатады. Азық-түлікті қаншалықты тиімді тұтынып жатырмыз? Адамзат алдында тұрған осы мәселелерді шешу үшін қандай технология керек?
«Айналаның бәрі – тамақ. Неге соншама көп жей береміз? Үйімізде де нанның бір емес бірнеше түрі бар», – дейді Стивен Финн. Тамақты аз тұтыну әдет пе, маркетинг пе әлде мәдениет пе? Стивен Финнің айтуынша, тамақты аз тұтыну – мәдениет. Форум төрінде талқыланған тақырып аясынан ой жүйрік: көп қабатты үйімнің арт жағындағы қоқыс контейнерлерінің айналасында қалай болса солай шашылып жататын нан, тамақ қалдықтары есіме түсті. Қыстыгүні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Думан Анаштың «Нан тепкі» мақаласын және есіме алдым. Тамақтың артылып қалатынын түсінген адам үнемдеуді үйренеді не болмаса өз берекесін өзі қашырады.
Капитализмнің шындығы: аш бала тоқ баламен ойнамайды. «Парагвайда мұндай мәселе жоқ», – дейді Хасмин Акуния.
Бүкіләлемдік экономикалық дағдарысты айтқанда әрине мұнай тақырыбын айналып өте алмаймыз. Бұл отырыста негізгі сөзді айтушылардың бірі Джеймс Вулси болды. «Мұнайға қатысты шынайылықты айтайын, – деді ол. – Кітаптарымның бірінде «Мұнайды тұзға айналдыру» деген мақала жазғанмын. Бір уақыт болды. Адамдар етті сақтап қалу үшін тұзды пайдаланатын. Тұздың бағасы да өте қымбат еді. Қалай тоңазытқыш пайда болды, солай тұздың да құны түсті. Мұнайға деген қарым қатынас та осылай аяқталады».
Медиадағы сандық жүйе
«Доха дебаттары» телебағдарламасының басқарушы директоры Амджад Аталлах модераторлық еткен үшінші мәжіліс «Бұқаралық медиадағы сандық жүйе: сын-қатерге төтеп береміз бе?» деген тақырыпта өтті. Ресей журналисі, саяси журналист Михаил Зыгарь, Salem Social Media студиясының жетекшісі Александр Аксютиц (Қазақстан), Лондон университетінде халықаралық журналистика лекторы, Әдеп журналистикасы желісі кеңесінің мүшесі Захера Харб (Ұлыбритания), Coda Story онлайн-платформасының бас директоры Наталья Антелава (Грузия), медиа пәндер оқытушысы, продюсер, мобильдік журналистика бойынша жаттықтырушы Иво Бурум (Австралия), «Речь Посполита» күнделікті газетінің бас редакторы Богуслав Хработа (Польша) сұхбат алаңында болды.
Шыны керек, кейбір сарапшылар алып медиакомпаниялардың түбіне ғаламтор жетеді деген сенімде. Телеарналардың жаназасын шығаруға асыққан мұндағы жұрттың әңгіме ауанынан неге газет туралы мүлдем жақ ашылмағанының сырын аңдап біз отырдық. Демек баспа өнімдерінің нүктесі әлдеқашан қойылса керек. Спикерлер әлеуметтік желідегі негізсіз ақпараттар, қарадүрсін мәліметтер сынды медиа дағдарыстың шегінен шығып, журналистиканың жарқын болашағына көз тастауға тырысты.
«Журналистер не үшін жұмыс істейді? Ақпаратты тарату үшін және қоғамды дамыту үшін», – дейді Захера Харб. «Сын қатерлер қай кезде де болады. Мұндай әңгіме радио пайда болғаннан бері айтылып келеді. Мен үшін бұл өте қызық сын қатер. Шын мәнінде дағдарыс бар деп есептемеймін. Бірақ бұған төтеп бере алмайтындар да бар», – дейді Наталья Антелава. Михаил Зыгар айтады: «Мәселе жоқ емес бар. Бізге мәселеге кәсіби журналистің көзімен қоса аудиторияның да көзімен қарау керек».
«Фейк ақпараттар бүгінгі күннің ғана мәселесі емес. Ол қай заманда да болған. Ең бастысы, жаңа технология. Ал, жаңа технология дегеніміз бұл – әдіс», – дейді Александр Аксютиц. Иво Бурумның айтуынша, фейк жаңалықтарды сатушылар да, сатып алушылар да бар. «Журналистика түбегейлі өзгерді. Жартылай журналистердің келуімен өзгерді», – дейді Богуслав Хработа. Ал Захера Харб аудиторияның әлеуметтік желіге деген сенімінің төмендеп келе жатқанына сенімді.
«Заманауи технологиялар журналистиканың досы деп айта алмаймын. Бірақ бұлар өз өнімін сатуға мүмкіндік береді. Жаңа журналистиканың алдында TV өлді деп айту қиын. Теңгерімді қалай сақтап қаламыз? Табыс табамыз ба әлде қоғамды дамытамыз ба?» – дейді Иво Бурум. Негізгі сөз де осы болды.
«Егер TV өлді десек, газет туралы әңгіме артықтау болар. Әйтсе де газет туралы айтайықшы. Таралым мен тиражды есепке алсақ, олардың жағдайы күн өткен сайын халі мүшкіл. Не істеуге болады? Газеттің күні бітті деген пікірмен қаншалықты келісесіз?» Бұл – біздің тарапымыздан Иво Бурумға қойылған сұрақ.
«Газеттер әлі де қарқынды жұмыс жасауда. Иә, аудиторияға кроссворд шешкен ғана ұнайтын кездер болды. Жастар өркениетті қалайды. Кәрілер зейнет жасын күтіп отыр. Баспа журналистері үшін редакциялау, мәтін жазу ғана жеткіліксіз. Мультимедиялық дағдыларды үйрену керек. Кез келген басылым жақсы өнімге мұқтаж. Анығында, жақсы басылымға ешқандай сурет шығарудың да қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі ымыра деген не? Бұл цифрлық заманның журналистикасы – демократия болу үшін журналистиканың күшеюі», – дейді Иво Бурум.
Болашақ Digital, online журналистикада.
Сенім, блогер және басқалары
Қазіргі уақыттағы жиі айтылатын мәселе мынау: жасанды зерде жүйесінің адамдардың орнын алмастыру мүмкіндігі. Түптің түбінде адамдарды, қол еңбегін ығыстыратын бұл мәселе жұмыссыздыққа алып келеді. Еңбек нарығындағы бұл өзгерістер жайлы «IT дәуірі адамзаттың азуы ма әлде гүлденуі ме» деген тақырыппен алда газетіміздің IT бетінде арнайы тоқталамыз.
Америка мен Қытай қарым қатынасы, Таулы Қарабах пен Ереван, Палестина мен Ирак арасындағы қарым-қатынастарды, Солтүстік Корея, Оңтүстік Қытай теңізі, т.б. – әлемдегі сенім дағдарысын «Сенімнің жоғалуы. Ғаламдық күш теңгерімі» жайында келесі нөмірде арнайы журналист Дәурен Омаровтың мақаласын ұсынамыз.
«Заңсыз заңдылық: Марихуана ашық сатылуда» деген тақырыптағы медиафорумның соңғы отырысындағы талқылауға да алда арнайы сараптама жасаймыз. Бәрін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Біз бүгін ең басты мәселелерді – жаһандық дағдарыстар мен кәсіби медиакеңістік жайында және оның ең басты екпін түсіретін мәселелерін сөз еттік.
Айта кету керек, медиафорумның үшінші күніндегі пікірталастар тартысты өтті. Эмоцияға толы, шоуға бергісіз айтыс-тартыс форумның шарықтау шегіндей әсер қалдырды.
«Блогерлер: виртуалдық әлемнің рок жұлдыздары ма?» деген тақырыптағы алтыншы отырыс соңғы жылдарда атақ-даңқы артып келе жатқан әлеуметтік желілердің салмағын сараптауға арналды. Әлеуметтік медиа мен блогсфера нарығы және бұл платформалар өмірімізді қалай өзгертті? Мәжіліс модераторы – журналист, тележүргізуші, блогер және қоғам қайраткері Максим Шевченко (Ресей). Спикерлер: журналист, «Бульвар Гордона» газетінің бас редакторы, «Гордон» интернет басылымының негізін қалаушы Дмитрий Гордон, Үкіметпен байланыс жөніндегі маман, серпінді жобалар бойынша әлеуметтік стратег, EECJS мәліметтерді басқару стратегиясы жөніндегі халықаралық команданың мүшесі Луис Мигель Лопес (Мексика), Қазақстан өмірбаян энциклопедиясының бас редакторы, саясаттанушы Данияр Әшімбаев, тележүргізуші, Tutta TV жеке субьективтік телевизияның негізін салушы Тутта Ларсен (Ресей) және шоумен Марат Оралғазин.
«Халық ешқандай газет оқымай-ақ Президентін сайлады, – деді Дмитрий Гордон күні кешегі Украина мысалын алға тартып. – Виртуалды әлемнің күші деген осы. You tub пен Google – еркін кеңістік».
«Дәстүрлі БАҚ-ты интернет ауыстырды. Бұл революцияда жаңа шындыққа бейімделетін адамдар ғана тірі қалады, – дейді Луис Мигел Лопес. Өзі айтқанындай, АҚШ-тан 5-6 жылға артта келе жатқан Мексиканың ол басқаратын командасында әрбір блогердің 50 миллионнан астам (!) жазылушысы бар. – Ешқандай мемлекет интернетті бақылай алмайды. Тіпті Қытайдың да бұған шамасы келмейтінін уақыт өзі көрсетті. Ешбір ел блогерді реттей алмайды және интернет әлемді билеп бара жатқанын білмейтін бірде бір мемлекет жоқ. Қазір 30 жасқа дейінгілер ешқандай теледидар көрмейді және 40 жасқа дейінгілер Facebook қолданбайды. Егер технология қайда бара жатқанын білмесеңіз, онда шынайы өмір сізді артта қалдырады. Бүгінде TV-ны, газетті, радионы алмастыратын нәрсе шықса, ертеңгі күні блогерді де алмастыратын технология шығады». Үш күнгі талқылаудың түйіні де осы болды.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Қызылорда – Алматы – Қызылорда