» » ПАРАСАТТЫ ПОЭЗИЯ

ПАРАСАТТЫ ПОЭЗИЯ

  Айбол ИСЛАМҒАЛИ, Алматы қаласы
Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!
Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,
Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!
Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,
Қиын емес шығар бірақ күзге одан.
Қиын емес шығар солай аспанға,
Ол да енді сене алмайды дастанға.
...Ол да енді өзіңіздей өкпелеп,
Көңіл іздеп жүрер ме екен бос қалған?!
Кешегіден жеткен сол бір жұрнақтың,
Құпиясын қара түнге ұрлаттым.
Мүлде бөтен бульварлардың ішінен
Сізді көрдім,
жүзді көрдім жұмбақ тым?!
Сізді көрдім,
кенет бәрі үнсіз қап,
Жүрегімнің түкпірінде мұң сыздап,
Түсінгендей болды білем айнала,
Түсінгендей болды білем ымсыз бақ...
Жаңбыр содан тоқтай алмай тұр ма екен,
Өткен күнді жоқтай алмай тұр ма екен?!
Кенет көкке бақ таярдайтұр ма екен,
Қуанышын сақтай алмай тұр ма екен?!
Мен ғажайып қызды көрем түсімде,
Бір әуендер төгіледі ішімнен.
Эx, сол сәтте сізді құшсам дейді екем,
Қиянатшыл сезімдерім үшін де.
Сізді құшып, тазаратын шығармын,
Тәңірімнен жаза алатын шығармын. -
Өктемдікке төзе алатын шығармын,
Өкпеңізді сезе алатын шығармын.
Артыңыздан еріп кетсем со шақта,
Кеудемдегі көп күмәнді қосақтап.
Бірақ қалай көнер екем жоққа мен,
Сенер екем түстеріме осы аппақ?!
Қошеметті өз қолыммен көмсем ғой,
Күллі ғалам жылағанын көрсем ғой.
Ең аяулы мезеттерді есіме ап,
Періштеге күліп қарап өлсем ғой!
Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,
Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!
Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,
Қиын емес шығар бірақ күзге одан...

Батырхан СӘРСЕНХАН, Алматы қаласы
Бір қыз бар
Жер дейтін планета,
Әлемнің бұрышында,
Бір қыз бар...
Есімі тұр тіл ұшымда:
Әнші де, биші де емес,
баққаны өнер де емес,
Бір ғана берер кеңес:

қабағында толқынды жасын ойнап,
Ол күлсе,түрленеді жасыл аймақ.
Жыласа, күңірентер қанша әуенді,
Жұбанса, жүрек басты барша белді!

Аққудай тамсануға жаратылған,
Арулар ақындарға бола туған!
Бір қыз бар,
үмітімнен таң атырған,
Әлемнен дара тұрған!

Сол жанның мәңгі алаудай жанса бағы
Жүрегі жүрек емес, ән сабағы.
Ғажайып жұмбағына Жаратқанның
Шіркін ай, адам қалай қол салады.

Өмірім өктем күнін тапты содан,
Көңілім көктем күнін тапты содан.
Сенімім шерткен сырын тапты содан
Сол жұмбақ жан ұқсайды қатты саған!

Қалақаман САРИН, Нұр-Сұлтан қаласы

МОЙЫНДАУ...
Алып ұшар қанатымның жоқтығын,
Аспан салды есіме.
Шындығы сол,
Шымшық құрлы жоқ құным,
Шіремін несіне?!
Жасын төгіп жылайтынын аспанның,
Жаңбыр салды есіме.
Тақтан бір күн құлайтынын патшаның,
Тағдыр салды есіме.
Тағатымның,
Төзімінің жоқтығын,
Таулар салды ойыма.
Таудай күнә арқалаған дерттімін,
Тараған у бойына.
Обал-сауап, сұрақ-жауап, ар сотын,
О, дүнием салды еске.
Таразылап ғұмырымның әр сәтін,
Тәңір-Ием салды еске.
Салмағымның,
Сабырымның жоқтығын,
Салды есіме Қара жер!
Түсіреді өмірімнің көп күнін
Тәубесіне Қара жер!
Қара жердің болмайтынын түбі ырыс,
Қабір салды есіме.
Топыраққа айналарын бір уыс,
Тәнім салды есіме.
Теңіз-көлдің
Тереңдігін
Тулаған
Толқын салды есіме.
Ал мен таяз ой-санамен бұлданам,
Айтыңдаршы, осы не?
Жабырқаулы
Жалғыз ару салды еске,
Махаббаттың жоқтығын.
Махаббаты өлген оның сол кеште,
Мұңға беріп шаттығын.
Сырға берік шын достықтың жоқтығын,
Салды есіме сатқындық.
Болмаған соң сенім мықты, серт мығым,
Бәрі бекер, боқ тірлік.
Адамдарда ақиқаттың жоқтығын,
Айтты маған қар аппақ.
Өзегімді өртейді кеп от-мұңым,
Өмірімді парақтап....
Алып ұшар қанатымның жоқтығын,
Аспан салды есіме.
Шындығы сол,
Шымшық құрлы жоқ құным,
Шіремін несіне?!

Мирас АСАН, Қарағанды
БЕКЗАТ
(КЕЗДЕСУ)


Маңдайымды ерке самалға сүйгізіп,
Төбемді жеті қат Көкке тигізіп,
Жұлдыздың бәрін жолыма төсеп,
Жүрегіме бүкіл Әлемді сыйғызып!
Қап-қара түнді қақ жарып,
Сенің һас маңғаздығыңа малданып,
Даламды түгел думанға бөлеп,
Көктем көркіңе тағы бір таңданып
...мен келдім!

Аяғыңды раушан гүлдерге сүртіп,
Түнекті алтын кірпігің түртіп,
Арасын жол ғып Ай менен Күннің,
Еліктей, қалқам, елеңдеп, үркіп!
Шашыңды қолаң қара түн өріп,
Мақпал кештердің манаты көміп,
Мақтадан жұмсақ, мамықтан үлбір,
Періштелердің қанаты болып
...сен келші!

Кеңістік кеудем, күркіреп демім,
Жырларым жауын бүркіп өткенім,
Бұлқынса дауыл бұл жүрегімнің,
Жүрегіңді ашар кілті көп менің!
Үмітім құсап сан жылап, күліп,
Ғасырды жырым қарғылап тұрып,
Ақ алмас арым, асқартау еңсем,
Арманымды асыл арғымақ қылып
...мен келдім!

Тәж киіп алып басыңа бектей,
Нөсер боп кетші, шашырап өтпей!
Жер бетіндегі мұхиттың бәрі
Бір тамшы көзің жасына жетпей...
Сезінсе бітер тілге де қанат,
Құшағыңды ыстық шілдеге балап,
Үлпершектейін үмітіңді үкі,
Күнге де қадап, гүлге де қадап
...сен келші!

Зәмзәмға мас боп сен ішкен елтіп,
Сен жеші деген жемістен елтіп,
Ілімі шексіз Ібіліс дейтін,
Тозаққа кеткен періштені ертіп
...мен келдім!

Біз солай ғана жолыға алармыз,
Жүрегіңді ұстап қолыңа, бал қыз,
Жүрегіңді ұстап қолыңа, бал қыз,
Періштені ертіп... періште қайтсін,
Өзің-ақ жалғыз
...сен келші
сен келші!..


Ерлан ЖҮНІС, Талдықорған қаласы
Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға
Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға –
бір тамшының көлеміне сыяр күн:
...Тіл тигізіп көргенім жоқ тағдырға,
Тəңірімнен ұялдым.

Жер бетіне тамшылармен тамар күн –
шұғыласы секілденіп қиялдың:
...Жамандығын айтқаным жоқ жаманның,
Жақсылардан ұялдым.

Əр тамшыға сыңар еттім сезімді,
Содан оны жүрегіме құя алдым:
...Сұлулардан алып қаштым көзімді –
Сүйген жардан ұялдым.

Періштедей енген таңғы түсіме,
Табиғаттан таңғажайып сый алдым:
Қатты дауыс көтермедім кішіге –
Үлкендерден ұялдым.

Биіктен кеп, батып жатты тереңге –
Соны көріп, өлімді еске жиі алдым:
...Мен өтірік айтқаным жоқ өлеңге –
Болашақтан ұялдым.

Ақберен ЕЛГЕЗЕК, Нұр-Сұлтан қаласы

Телефон

Менің телефонымда – болашақ аруақтардың аты-жөндері,
нөмірлері жазулы,
Олардың ішінде ағаларым да бар,
інілерім де бар азулы,
Олардың ішінде
қатал апаларым да бар,
боталарым да бар мақтаулы,
дос-қастарымның да,
қарындастарымның да нөмірлері сақтаулы.

Олар бір бірімен xабарласып жатады,
Дабырласып жатады күні-түн,
Олармен сөйлессем деген менің де бар үмітім.
Ешқайсысына қоңырау шалмаймын,
сүйкей салмаймын нөмірін,
Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін.
Олар да маған xабарласпайды,
қоңырау шалмайды, кеңесіп,
Өздері ғана сөйлесе беретіндері,
сөйлесе беретіндері не осы?!
Ешкім маған xабарласпайды,
Мен де ешкімге xабарласпаймын, о, несі?!
...Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып, мен осы?!..
11 маусым 2019 ж. 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031