ЭКО ‒ ӘКІМДІК
Жуырда Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі «Экология және жасыл экономика көшбасшысы» ұлттық байқауын өткізді. Байқау нәтижесінде экологиялық заңнаманы өңірде жоғары деңгейде орындағаны үшін Қызылорда облысының әкімдігі «ЭКО-ӘКІМДІК» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Осы орайда аймақ экологиясын жақсартуға бағытталған нақты шаралардың нәтижесіне назар аудардық.
Расында ҚР-ның «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдасында көрсетілген индикаторларды өңірлік деңгейде сапалы орындаған әкімдіктің аймақ экологиясын жақсартуда атқарып жатқан шаруасы көп. Біз соның басты бағыттарына тоқталдық. Бүгінде Арал аймағының жайы көпке мәлім, облыстың экологиялық жағдайына әсер ететін басты фактор да осы. Соңғы 25 жылда шөл аймақтан ұшқан шаң мен тұзды тоқтату мақсатында 173 мың га жерге сексеуіл егілген. Бұл жыл сайын Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 5 мың га жерге сексеуіл көшеті отырғызылады деген сөз. Оған қоса қазір Оңтүстік Корея Республикасының орман шаруашылығы қызметімен бірлескен «Арал теңізінің құрғаған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу» жобасы жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, қазір облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, облысымыздың барлық елді мекендерінде «жасыл белдеу» орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Сейсенбекұлының айтуынша, Қызылорда қаласындағы 534 га жерге «жасыл белдеу» орналастыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. «Жасыл белдеу» жұмысы үш бағытты қамтиды. Атап айтсақ, Қызылорда ‒ Жезқазған, Қызылорда ‒ Тереңөзек, Батыс Қытай ‒ Батыс Европа автожолының бойы негізге алынған.
Аймақ экологиясын жақсарту үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу де өте маңызды. Осы орайда қазір облыста санитарлық және экологиялық талапқа сәйкес 4 полигон жұмыс істейді. Олар Қармақшы, Қазалы ауданында және Жосалы кенті мен Қызылорда қаласында орналасқан. Оған қоса биыл Арал қаласында тағы бір полигон құрылысы басталып, іске қосылады.
Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша «Ибрайхан и К ЛТД» ЖШС-нің полигонында шыны, көлік дөңгелегі, пластик, мата, құрылыс қалдықтары сұрыпталып, кәдеге асуда. Ал «Smart Rubber» ЖШС-і автокөліктердің жарамсыз дөңгелегін қайта өңдеп, тамшылатып суаруға арналған түтік шығаруда. Сондай-ақ жеке кәсіпкер «Август» және «Қызылорда Қағазы» ЖШС-і картон, қағаз, пластмасса, пластик қалдықтарын өңдеп, күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдер дайындауда.
Айта кетейік, 2019 жылдың 5 айында облыс бойынша 54 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, оның 3.2 мың тоннасы өңделген. Облыс тұрғындарының 65%-ы тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау қызметімен қамтамасыз етілген.
Гүлдана ЖҰМАДИН